» » » Әуенді әнмен әрленген өмір

Әуенді әнмен әрленген өмір

«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйлі,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар» деп ұлы Абай ақын айтқандай, әнге құмарлық қасиеті бала күнінен бо­­йына дарыған өнерлі ұстазымның тамылжыта салған әндерін тыңдағанда көңіл шіркін бір серпіліп, осы бір жыр шумақтары еріксіз есіме түседі.
Сыр өңірінің тумасы тәжірибелі маман, ұлағатты ұстаз, талантты әнші, сырлы сазгер Зада Жақауова Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институты музыка бөлімінің 1975 жылғы түлегі. Ол алғашқы еңбек жолын туған жерінде, өзі дәріс алған білім ошағында қызмет етуден бастаған. Зада Лепесқызы 1975-1984 жылдар аралығында Арал ауданындағы №19 Сольтрест және №220 орта мектептерде ән сабағының мұғалімі болып жұмыс істеген. 1984-1994 жылдары Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжде оқытушы және нұсқаушы болып еңбек етті. 1994-2018 жылдары Байқоңыр қаласындағы А.Құнанбаев атындағы №5 орта мектепте педагогикалық қызмет атқарды. Өз бойындағы сазды әлемнің сырларын өскелең ұрпаққа үйретуден еш жалықпаған жан. Сол табанды да жемісті еңбегінің арқасында көпшілік құрметіне бөленіп, ұстаздық жолындағы ұстамдылығымен, тиянақ­ты да жауапты іскерлігімен абырой биігінен көріне білді. Бос уақытында кітапханаға барып, мазмұны терең, ұйқасы келіскен ақындардың жазған жыр жолдарын ән әуеніне қарай лайықтап, оны нотаға түсіріп, үздіксіз еңбектенеді. Әуезді ән мәтіндерінің ішінде аралдық ақын Темірхан Әбдіковтің «Гүл қыздар», «Әкетайым», «Ағаларым» және сыныптасы, марқұм Асылзат Ахметованың «Қайран сол бір күндер-ай», «Байқоңыр сазы» өлеңдеріне де ән жазған. Қармақшылық ақын Қали Шыңғысовтың «Мектеп түлегіне», «Қариялар», «Анама» деген жыр шумақтарына да әуен жазған. Ал «Ән салайық бәріміз», «Өзіңсің», «Мен бақытты баламын» әндерінің сөзі де, әні де автордың жеке өз туындылары. Қазіргі таңда 60-қа жуық әннің авторы. Әнсүйер қауымға арналған тың туындылары облыстық, республикалық «Балдырған», тағы басқа баспа беттерінде үнемі жарияланып келеді.
– 2001 жылы Бай­қоңыр қаласындағы А.Құнанбаев атындағы №5 орта мектепте ән сабағының мұғалімі болып жүргенімде, мектеп директоры Аманжан Әменұлы мектептің 10 жылдығына арнап ән шығару жөнінде маған қолқа салды. Әннің сөзін жазу қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі құрбым Ардақ Жұбаназароваға тапсырылды. Екеуіміз ойласа келе, «Мектеп-Ана» әнін шығардық. Мерейтойда мектеп мұғалімдері әнді екі дауыста орындады. Осылайша, менің алғашқы әнім жарық көрген еді. Ән әлеміне деген әуестігім осы ұсыныстан бастау алды. Аманжан Әменұлының бұл ұсынысы менің ән жазудағы шығармашылықты баста­уыма үлкен әсер берді, – дейді ұстазым әңгіме арасында.
2010 жылы Байқоңыр қаласында Зада Лепесқызының 50 жылдық мерейтойына арналған «Тербеткен төл өнердің тал бесігін» атты қалалық деңгейде өткізілген шығармашылық кешінің куәсі болған едім. Осы кешке қатысуға апайымның шәкірті ретінде арнайы шақырту алғанмын. «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» демекші, әсем әнге бөленген әсерлі кеште Зада апайымның әндері шырқалып, ерекше әсерде болдық. Кешке апайдың өз сұрауы бойынша жазылған «Жеңешем» және балаларға арналған ән мәтіндерінің қара сөзін жазған аралдық ақын Жеткерген Әбдірейұлы секілді авторлар қатысып, өз лебіздерін білдірді. Көпшілік көңілінен шыққан кеш соңында айрықша сезімде болдым. Мектеп қабырғасында жүргенімде өзіме ән сабағынан дәріс берген ұстазымның осыншалықты мәртебелі деңгейде көрінгеніне мен де қуана тәнті болып қайтқан едім.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін, ерінбей еңбектенуді жаны қалайтын Зада Лепесқызының әуенді әндері бүгінде көлемді ән жинағына айналды. 2015 жылы «Алматы» баспасынан жарық көрген «Саздарым сұлу Сырдың самалындай» атты тұңғыш әндер жинағының да тұсауы кесілді. Ноталарымен қоса ән мәтіндері жазылған жинақ екі бөлімнен тұрады. «Нәзік сезім» тақырыбымен аталған алғашқы бөлімінде көпшілік қауымға арналған әндер берілсе, «Көктем шуағы» бөлімінде балаларға арналған әндер топтамасы жинақталған. Қомақты қоржындағы әндердің тақырыптары да сан алуан. Сазды әуендермен өрілген әндері ана, туған өлке, мектеп, ұлттық дәстүр секілді түрлі тақырыптарды қамтиды. Жүректі тербей айтылатын лирикалық әндерімен қатар, балаларға арналған жеңіл де көңілді әндері өте көп. Музыка мен ән-күй балалардың мінез-құлқына, сезіміне өте үлкен әсер ететіні де сөзсіз.
Иә, ән жинағының аты айтып тұрғандай, сұлу Сырдың самалымен тербелген сырлы дыбыстар талантты тұлғаның тұла бойынан саз болып шырқала түскен. «Тіл жеткізбесті ән жеткізері бар» деген осы секілді. Мұны ән жинақтың тұсаукесеріне игі тілектерін білдірген Зада Лепесқызының ұс­тазы Қазақ мемлекеттік Қыздар педа­гогикалық университетінің профессоры Ағайша Исағұлова мен әндердің ноталарын тексеріп, композиторлық көзқарасын білдірген ҚР еңбегі сіңген қайраткер, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының доценті, Қазақстан Композиторлар одағының басқарма мүшесі, сазгер Бейбіт Дәлденбайдың сөздері дәлелдей түскендей.
Өз шығармашылығын шыңдай түскен сазгердің жуырда «Үкілі әнім, сыңғырла» атты екінші әндер топтамасы әнсүйер қауымға жол тартты. Бұл да шығармашыл жан еңбегінің жемісі деп білемін.
Әлі есімде... Кезекті ән сабағы. Зада апай сабағын өз кабинетінде өтуді дәстүрге айналдырған еді. Ән кабинетіне кіре бере, оң жақ қабырға тұсында ілінген гүл тәріздес өрнекті суреттерге үнемі көзім түсетін. Қызыға қараған суреттер сырын сұрағанымызда әсерлі әңгімелерімен ой бөлісетін. Сөйтсем, апайым 1974-1975 жылдары сол республикалық «Гүлдер» ансамблінде әнші болған екен. Студенттік шақта оқу мен өнерді қатар ұштастыра білген өнерлі жас түрлі сайыстардың да жеңімпазы атанып, осы аталған құрамға әнші болуға шақырту алған.
– 1974 жылы 4 курс оқып жүргенімде «Гүлдерге» байқау болды. Оқу орнының музыка бөлімінен мені жіберген болатын. Сол конкурсқа 80 қыздай қатыстық. Жеке-жеке екі әннен айттық. Байқау соңында 4 адам өттік. Сонымен екі жылдай сол «Гүлдерде» қызмет еттім. Жұмыс істеп жүргенімде елден хабар келіп, туған жерге қайтуға тура келді, – деп әңгімесін жалғастыра отыратын.
«Ән салу – таңғажайып өнер. Ол – ең ұлы өнердің бірінен саналуға тұрарлық. Ән адамның жан сезімін оятып, жүректің ең нәзік қылын қозғайды» дегендей, ән әуенін жазумен қатар, оны орындай білудің өзі хас шеберлік емес пе? Иә, оның мазмұнды өлеңдерге әуен шығарумен қатар, көптеген ұлттық аспаптарда нақышына келтіре ойнап, сызылта ән салатын әншілік өнері қандай десеңші. Әсем сазды әндерін тыңдаған үстіне тыңдай бергің-ақ келеді. Шіркін, дауысы қандай керемет! Міне, табиғи таза талант иесі деп айтуға тұрарлық тұлға.
40 жылдан аса ғұмырын қызығы мен қиындығы мол ұстаздық еңбекке арнаған Зада Лепесқызы бүгінгі таңда зейнеткер қатарында. Өнерді өмірім деп түсінетін, одан шексіз ләззат алатын тынымсыз жан. Ол түрлі тақырыпта ән кештерін, өнер сайыстарын, талай-талай тағылымдық мәні бар іс-шараларды өткізуден жалыққан емес. Соның бірі кешегі пандемия кезіндегі ағайын-туыс, дос-жарандар, тіпті көрші-көлем арасында онлайн өткізген өнер байқауларын тілге тиек етуге болады. Сол сайыстардың бағдарламасын өзі құрып, әділ-қазылар алқасын сонау өзімен бірге оқыған замандас құрбылар құрамынан сайлап, үйде отырған баланы ата-анасымен қоса қызықтыра өнерге баулу зейнеткер апайымның өнерге қызығушылығы деп түсінемін.
Зада Лепесқызының өнерге бау­лыған шәкірттері бүгінде Қазақ­стан­ның түкпір-түкпірінде қызмет ету­де. Соның бірі – өзім. Байқоңыр қаласында тұрамын. Кезінде өзіме дәріс берген ұстазыммен бірге әріптес те болдым. Ұстаз – мен үшін қашан да орны бөлек ұлы тұлға. Кейде себеппен үйінде бас қоса қалсақ, ән салуын сұрап қолқа саламыз. Оқушылық кезеңде құлақта сіңіп қалған сол бір ерекше сазды әуен. Апайым әнін айтып бола сала, «қыздарым-ау, менде мынадай да дүние бар» деп қалың қойын дәптерін аша бастап, бізге ерінбей өлең жолдарын мәнерлеп оқи бастайды. Апайдың ана туралы, бауырларына, құрбы-қыздарына, тағы да басқа көптеген жақын жандарына арнап өз қаламынан туындаған жыр шумақтарын тыңдап, ақындық өнеріне де қайран қаламыз. Он саусағынан өнері тамған жан бір сәт қазақы ою-өрнекті құрақ көрпелер тігетін тігіншілік өнерге де шебер-ақ. Ал тылсым табиғатты жаны сүйетін сезімтал да сыршыл ұстазымның дала жануарлары мен құстардың бейнесін сырлы бояумен салған суреттерін көрсеңіз. Осындай бар өнерді бойына жиған ұстазым музыка маманы, кәсіби әнші болса, мен қазақ тілі мен әдебиеті маманымын. Зада Лепесқызының өз қолтаңбасын қалдырып, өзіме естелікке тарту еткен екі ән жинағын оқи отырып, өмірін әнмен әуелеткен әнші де сазгер өнер иесі жайында бір үзік сыр қозғауды жөн көрдім.
Ұстазымның сан жылдар бойғы ерен еңбегінің бүгінде өз шығар­ма­шылығымен шыңдала үйлесімін та­уып, өнер өлкесінде мерейі артқанына қуанамын. Қазақтың киелі қара домбырасы мен баян аспабын жанына серік еткен, сырлы сезімге толы әндердің иесі Зада Лепесқызының өнердегі шығармашылығына тола­ғай табыс­тар тілей отырып, ән қоржынының әрдайым қомақты болып, ән әлемінде қанаты талмай қалықтап, ғұмырлы болуына тілекшімін.

Набат АЛДЕНОВА,
№274 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі Байқоңыр қаласы

22 қаңтар 2022 ж. 1 043 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031