Көшеней әлемі



Қазақ даласында туған талантты Шоқан сынды, Сұлтанмахмұт сынды, Әбіш сынды тұлғалар да өмірден 30 жасқа жетпей-ақ кетті. Олардың денсаулығы сыр берді. Ал Көшенейге келер болсақ, тым өкінішті, халық қабырғасына батқан ауыр қаза болды. Бұл туралы Арнұр Көшенейұлы екеуміздің жазған «Жұлдыз боп аққан жыр ғұмыр» (Алматы, 2006 ж) кітабында толық қамтылып жазылды.
Көшеней Рүстембекұлы 27 жасында дүние салды. Осы жасының ішінде өзінің «Көшеней әлемі» дейтіндей артындағы халқы мен өскелең ұрпақ тамсанып қарап ғибрат аларлық ғұмырды бізге тарту етіп кетті.
Ол күндерді мына бүгінгідей сағы­нышпен еске алып, қимас естелікке айналарын біліппін бе?!
Маған ата-бабамыздың көшпенді өмір салтының жұрнағы сол кездегі малшылар өмірінде қалған сынды болады да тұрады. Шілдехана болсын, қыз ұзату болсын, келін түсіру болсын, сүндетке отырғызу болсын, тіпті жанына жаңадан үй көшіп келіп қонғанда ерулік беруді де көріп, тойлап өстік. Бір күні әкем осындай тойдың бірінен келгенде дастарқан басында отырып қатты сүйсініп айтқан әңгімесі есімде қалыпты. Анам:
– Иә, тойың қалай болды, не көріп, не білдің? – деді.
Сонда әкем:
– Оһо! Рүстембек ағамның қос құлыны халықты айрандай ұйытты! Әсіресе, үлкені келісті екен, дауыс қандай, жырлағанда сай-сүйегіңді ерітеді екен. Ана қасындағы інісіне кезек беріп жетелеп отыр. Ол да ағасынан қалысар емес. Не дегенмен тұлпардың тұяғы ғой. Тірі тұрса бұлар жел жетпес дүлдүл болары хақ. «Көроғлыдағы» Раушанбек пен Кәжденбек мінетін шағыр мен сұр тұлпардың нақ өзі, – деп шайға жіпсіп нұрланған бет-жүзін жұқа сүлгімен бір сүртіп әңгімені одан әрі қарай тереңдете түсті. Әкемнің осы әңгімесі кейін менің жүрегімнен өлең боп өріліп қағаз бетіне түсті.
Иә, осы той, осы той!
Жанымды бір керемет күй бөлеген,
Түпсіз ой, тәтті қиял бұл не деген?!
Көшеней жырлап отыр «Көроғлыны»
Көп адам арасында үймелеген.
... Дәулет пен бақ жетерлік басындағы,
Жұлдызды шақ еді бұл жасындағы.
Өнерді құдай берген аямады,
Халқынан қаумалаған қасындағы
(Т.Досымова, "Сыр Сазы", 25-б)
Менің Көшенейді тануға деген алғашқы қадамым дастарқан басында айтылған осы әңгімеден басталса керек.
Қазіргі Тұрмағамбет ауылындағы №29 қазақ орта мектебін бітіретін жылым. Бұл 1971 жылдың көктемі. Мектеп ішінде оқушылардың мәдени іс-шарасы өтетін залы бар болатын. Осы залға жоғары класс (сынып) оқушыларын жинап кездесу өткізілетіні хабарланды, оқушылар жинала бастады.
Сол кезде біздің мектепке кездесуге келген – Көшеней Рүстембекұлы екен. Бұл менің бала қиялымда жүрген өнердің өрен жүйрігі деп әкем айтқан Көшеней еді. Қиялымдағы бейнені көзбе-көз көру бақыты бұйырып көзім тойғанша қарадым.
Жап-жас. Қара шашын қысқа қырқып жатық тараған. Ашаң бойлы, аққұба өңі нұрланып, бізге ыстық ықыласпен қарап отырды. Сол кездегі мектеп директоры Мүсіркегенов Қоңырбай ағай Көшеней ағаның өмірбаянымен қысқаша таныстырып болған соң, ол кісінің өнерін тамашаладық. Ақ домбырасын қолына алып, өсиетті толғау термелерді төгіп айтып отырды. Әр орындаған жыр, термелердің кімдікі (авторын) екеніне түсініктеме беріп, әрі қарай жырын жалғастырып кетеді. Бұл оның бізбен көрші ауыл Ақжарда ұстаздық етіп жүрген шағы екен. Домбыраны жанындағы пианиноға сүйеп қойды да, баянды алдына алып сазын келтіре ойнап, артынша композитор Ә.Бейсеуовтің «Ақ гүлім», «Армансыз күнім болмайды» әндерін орындады. Бір класта оқитын біздер Көшеней аға кеткен соң оның әншілігі мен жыршылығы туралы тамаша ойларымызды көпке дейін айтып тауы­са алмай жүрдік. Осы жылдың қазан айында К.Рүстембекұлы ауыз әдебиетін зерттеуші белгілі ғалым М.Байділдаев пен Қазақ КСР Ғылым Академиясы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер инс­титуты директорының орынбасары, ғалым О.Нұрмағамбетованың шақыртуымен Алматыға келген. Ол қазақ әдебиетінің ірі ғалымдары алдындағы сараптаудан өтіп Мәдениет Министрлігінің қолдауымен Қазақстан ғылым академиясы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының жолдамасымен Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы дүниежүзілік әдебиет институтының шығыстану бөлімінің аспирантурасына оқуға жіберіледі.
Мен болсам, бұл кезде мектепті бітіріп Қазақстанның сол кездегі екінші тыңы деп аталатын малшаруашылығын өркендететін өңірде қалдым. Қыс бойы қазақ әдебиетінің классиктерінің шығармаларын қойын-қолтығыма тығып жүріп оқып 1972 жылдың жазында Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтына (қазіргі АГУ) оқуға тустім. Студенттік өмірдің енді басталып дәмін тата бастаған шақ.
1973 жылдың көрікті көктемі енген уақыт. Жексенбі күн еді. Жатақхананың кішкене ғана «Қызыл бұрыш» деп аталатын екінші қабатта бөлмесі бар. «Сені сонда шақырып жатыр» деген соң, бардым. Келсем, көп адам жоқ. Осы оқу орнында оқитын сырбойылық студенттер отыр екен. Соңғы курста оқып жүрген Кенебаева Күләш тәтеміз бәріміз жиналып болған соң сөз бастады.
Біз Кенебаева Күләшті қатты құрметтеп сыйлаушы едік. Себебі өте жақсы оқыды, институтта беделді, танымал студент болды. Әсіресе, оның бауырмалдығы ерекше еді. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тілдің шебері, кез келген ортада орны-орнымен сөйлей білетін.
Не айтады екен деп оның жүзіне сұраулы кейіппен қарап отырмыз. Сәлден соң «Қазақ әдебиеті» газетіне қарап отырған назарын бізге аударып:
– Бүгін бізге жайсыз хабар жетті. Біздің ғана емес, бүкіл қазақстандықтар үшін, тіпті әлемнің бүкіл өнертанушылары үшін ауыр тиетін қаза бұл, – деп жыламсырай күрсінді. Біз бүгін аса талантты, аса дарынды, тұлпарлардан қалған тұяқ, алтынның сынығы деп бағаланған бауырымыздан айырылдық. Ол – Көшеней Рүстембеков дегенде, бойым мұз қарығандай қалтырап кетті. Осылайша «Қызыл бұрыштан» шыға бергенімде Күләш тәтем қолыма жаңағы өзі оқып отырған «Қазақ әдебиеті» газетін ұстатты. Соңғы бетіндегі бағанаға ұзынша етіп Көшеней Рүстембекұлының қазасына байланысты жарияланған қазанамаға көзім түсті. Соңында мемлекет қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың, даңқты өнер шеберлерінің фамилиялары тұр.
Жылдар жылжып ағып өтті. Аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі қызметінде жүргенімде облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры Е.Атабаев ағайдан тапсырма алдым. 1991-1992 жылдар шамасы.
Қар еріп, жер жіби бастаған кез. Көктем нышаны білініп, талдардың бүршіктері ояна бастаған. Аудандық білім бөлімі арқылы жұмыс жасайтын жеті озат тәжірибе мектептерінің сабағын облыс бойынша жұмыс жасаушы озат деген мұғалімдердің арасында насихаттап көрсету. Осы жоспар бойынша жұмысқа кірісіп кеттік. Мен осы шығармашылық жұмыстың бір күнін Ақжар ауылындағы №28 қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дүйсенова Бихан апайға бердім. Сабағы мен кластан тыс жұмысын көрсету жос­парыма енді. Әрбір ауданнан сайдың тасындай сұрыпталған отызға жуық мұғалімдерді қарсы алып, ауданымызда жұмыс істеп жатқан озат тәжірибе мектептерінің іс-тәжірибесін көрсетіп келеміз. Ақжар ауылындағы №28 қазақ орта мектебіне жеттік. Мұндағы озат тәжірибе мектебінің жетекшісі Дүйсенова Бихан апайдың сабағынан соң кластан тыс жұмыстарын көре бастадық.
Мектептің кішкене ғана бөлмесі жырау Көшеней Рүстембековтың мұражайы сияқты жасақталыпты. Менің және сырттан келген қонақтардың көзіне ерекше көрініп, сезіміне қатты әсер еткен дүниелер – әйнек астына аса зор ұқыптылықпен қойылған Көшенейдің өз қолымен жазылған хаттары. Біз бұл хаттарды Көшенейдің сүйікті жары Жұпар апайдың рұқсатынсыз оқи алмадық.
Хаттарда не жазылды? Әркімнің көкейін осы сұрақ мазалап тұрғанын сезсем де Жұпар апайды мазаламадым. Өткен шараға баға беру үшін мектептің мәдени іс-шара өтетін үлкен залына жиналып, әр ауданнан келген озат мұғалімдер ауданымызда өткен бұл іс-шараларға байланыс­ты ой-пікір өрбітті. Жалағаш ауданынан келген Дина есімді мұғалім «Естелік айтайыншы» деп сұранып топ алдына шықты.
– Мен Көшпан (Көшеней дегені) туралы, – деді де тұтығып, тамағына тығылған жасына тұншығып әрі қарай сөйлей алмады. Аздан соң барып:
– Менің жарым Зордан Салықбаев Көшпанмен жан аяспас дос еді. Көшенейдің қазасын естігенде ас ішпей жазу бөлмесіне кіріп алып, шылымның көк түтініне көміліп шықпай жатты. Таң атқан соң амалсыз қызметіне кетті. Бөлмесіне кіріп жазу үстелінде жатқан мына өлеңді көрдім. Басына «Бақұл бол, бауырым Көшеней» деп жазыпты. Мен бүгін сіздерге сол өлеңді оқып берейін, – деп, басын бастап оқыды да, әрі қарай өксіп жылап жіберді. Осы сәтте дереу: – Апай қатты толқып тұр ғой, бұл өлеңді сіздерге мен орындап берейін,– деп домбырасын қолына алған Сапар (сол кездегі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары) ортаға шықты.
«...Көп біздің ізгі салтымыз –
Жақсыдан күдер үзбейді.
Садағаң кетейін халқымыз
Талантты дәйім іздейді.
Іздейді сені әуелі,
Атадан қалған мол мұра.
Іздейді Сырдың әуені,
Тартылмай тұрған домбыра.
Тойларда сені іздейді,
Кештерде сені іздейді.
Сенбейді сені жоқ деуге,
Үмітін ешкім үзбейді…
Таланттың қайнар бұлағы ең,
Жыр домбыраның құлағы,
Ән-дарияның тұнығы ең,
Саф гауһар тастың сынығы ең,
Бақұл бол, бауырым, Көшеней!» деп сөз бен сазды сұлу нақышпен астастырып әсерлей жеткізген Сапардың бұл өлеңін қатысушылар егіле тыңдап, жыр аяқталғанда орамалдарымен көз жастарын сүрткен еді. Сондағы менің көкірегіме түйгенім – Көшеней әлемі. Көшеней әлемі… деген сөз болды. Кейін де бұл әлем мені өзіне тәнті етіп, алдымнан шығарын сездім бе екен, білмеймін…
Еліміз тәуелсіздігін алып, өзіміздегі барды бағалап, жоғымызды түгендеуге арналған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы өз жұмысын бастады. Тараз қаласында жұмыс істеп жатқанымда 2005 жылы аудан әкімі болған Нұртаев Ырзақұлдың шақыруымен ауданға «Мәдени мұра» бағдарламасымен жұмыс істеуге келдім. Ауданымыздың бірнеше мектебінде ғана жұмыс жасап келген жыраулық кластардың мәртебесін көтеріп, желісін күрделендіру жоспары қолға алынды. «Жүз жыраудың Отаны» атанған елімізге лайықты үлкен істі қолға алу тілегі туындап жатты. Аудан халқының бұл арман-тілегі 2006 жылы 60 жасқа толатын Көшеней Рүстембекұлының мерейтойымен тұспа-тұс келді. «Мәдени мұра» бағдарламасының жоспарына ендірілді.
Жыраулық өнердің туын көтерген Жиенбай жыраудың ұрпағы, таланттың қайнар бұлағы болған Көшенейдің 60 жылдық мерейтойын өткізу жоспары бекітіліп, қолға алынды. Біздің бұл іс-қимылымызға сол кездегі аудан әкімі болған Р.Нұртаев мырза қолдау көрсетіп қамқорлығына алды.
Қай жерде жүрсем де, бір кезеңнен бір кезеңге өтер сәтімде алдымнан Көшеней ағамның есімі тосып, мені тағы да өзінің таңғажайып әлеміне тартып тұратындай көрінді. Оны сырттай ғана емес, жақынырақ, тіпті іштей танудың да күні туғандай, көрмесем де көргендей, білмесем де білгендей, тілдеспесем де тілдескендей сезімге бөленіп жүрдім. Көшеней аға қайтыс болғанда 11 айлық боп қалған нәресте Арнұр екеуміз нені қалай бастауды білмей аңтарылған шағымызда бізге мәдениет қызметкері болған ардагер, марқұм Сұлтан Сармолдин, партия қызметкері болған марқұм Тұрсынбек Бекпанов, суретші-мүсінші Сабыр Қайырбаев, Көшеней ағаның туған інісі Бидас Рүстембеков, аудан әкімдігінің қызметкері болған Нұртілеу Салықов өз ақыл-кеңестерін беріп, бағыт-бағдар ұсынып отырды.
Нәтижесінде аудан орталығындағы (кенттегі) жабылып қалған ескі кинотеатр ғимараты жырау К.Рүстембекұлы атындағы «Жыраулар үйі» болып ашылды. Бұған қарасты бес жыраулық сыныптар жұмыс істеуге көшті. Біріншісі – осы «Жыраулар үйі» ішінде кенттегі жыраулық өнерге ықыласы бар шәкірттерді оқытуға арналған Көшеней жырау атындағы класс (жетекшісі – Ә.Ешбаева). Екіншісі – Ақжар ауылындағы «Рүстембек жырау» атындағы класс (жетекшісі – Б.Бедебаев). Үшіншісі – Тұрмағамбет ауылындағы «Жиенбай жырау» атындағы класс (жетекшісі – Д.Тоқсанбаев). Төртіншісі – «Тасберген жырау» атындағы класс (жетекшісі – З.Кәрібаева). Бесіншісі – Т.Көмекбаев ауылындағы «Балқы Базар» атындағы класс (жетекшісі – Б.Баймұратов) болды. Кент орталығында ашылған К.Рүстембекұлы атындағы «Жыраулар үйі» алдына К.Рүстембекұлының еңселі ескерткіші қойылды. Мүсінші Сабыр Қайырбаев бұл ескерткіш үлгісін І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы мазмұнымен МОСфильм киностудиясының режиссері Мансұров Болаттың түсірген «Ас» фильміндегі эпилогқа түскен Көшенейдің ат үстіндігі бейнесінен алды. Көшенейдің тірі кезінде фильмге түскен лентаны бізге марқұм Сармолдин Сұлтан аға өзінің жеке мұрағатынан әкеп берген еді. Ал, Көшеней Рүстембекұлының ғұмырнамасына арналған «Жұлдыз боп аққан жыр ғұмыр» кітабы Алматы қаласынан шығарылып әкеп халыққа таратылды. Осы кітапты құрастырып жазуға отырғанымда Көшеней ағамен бірге ғұмыр кешкендей өзіме бұрын таныс емес ортаға еніп, сол ортаның ғажайып әсерінен көпке дейін шыға алмай жүрдім. Бұл әсерімді халыққа өлеңім арқылы жеткіздім де.
…Көшеней десем,
Тылсымға түпсіз кіремін,
Тәңірден күткен жандай-ақ жақсы тілегін.
Жатқандай болам, шыққандай болам
сонан соң,
Жуылып аппақ, тазарып ыстық жүрегім.
Көшеней десем,
Қалықтап ұшып кетемін,
Бардай-ақ бойда періште кие жетегім,
Қараймын көкке, қараймын жерге, елеске
Өзім де білмей ғажайыптың бұл не екенін.
Көшеней десем, Көшеней десем басқамын,
Жер жусап, бұлтты ашылар жүзік аспаным.
Өмірден мынау алысқан,
Қырсық пен кесел жабысқан,
Басқа боламын, боламын басқа
Басқамын.
Осы кітапқа байланысты ізденіс үстінде халқымызға бұрын жете қоймаған Көшенейдің мол қыры мен көп сырын жеткізуге ұмтылдық. Кітаптың аты оның жыр болып төгілген ғұмырына лайықты қойылды. Талантты да, жыр жүйрігі Көшенейге оның тірі кезінде таңданысқа толы өлең-жырлар арналған. Бұхар жыраудың ұрпағы Ж.Жолдинов:
«...Тыңдаушысын баурады,
Ақындарды арбады,
Бұл не деген сыбызғы
Есімізден тандырған» десе, ақын
Батырбекова Бәтима:
«Кетер ме осынау үн құлағыңнан,
Әнге үндес күміс көмей жыр ағылған.
Ұйытып тыңдаушысын табындырған,
Тұлпардың кім айналмас тұяғынан» дейді.
Сырдың заңғар ақыны Ә.Тәжібаев болса;
«...Бұл нендей жас дедім мен дара туған,
Адам сынды жалыннан жаратылған.
Думан қызық бәрінен жоғары тұр,
Тіршілікпен ісі жоқ аласұрған».
Ал Көшеней қазасына арналған өлең-жырда есеп жоқ. Мың сан арнау өлең-жырлардан біз Көшенейдің болмысындағы құлпырып көз тартатын сансыз бояудың түрін көріп түстей аламыз. Онда түптен тартатын тектілік сөйлейді, сені ән мен жыр тербетеді, санаңды оның күміс көмейінен төгілген үн оятып, анықтап жеткізген айқын сөзі ар таразысына тартып тұрады.
Тұлға бітімі мен келбетіндегі иман нұры бауырмалдыққа шақырып, жанарындағы өткірлік намысыңды қамшылайды. Жастық жалыныңа қуат қосып, кейде абыз бен аңыз адамға кезіккендей күй кештіреді. Бұл Көшенейдің өзгеге ұқсамайтын өзгеше әлемін танудың алғашқы әліппесі ғана. Тегіндегі тектіліктің көзі болып бойына дарыған жыраулық өнер жолына ғұмырын берген Көшеней жазушы Адам Мекебайдың айтқанындай Тәңірдің сөзін жердегі пендесіне жырлаумен жеткізген жан ба дерсің?!
Бүгінде К.Рүстембекұлы атындағы «Жыраулар үйі» өзінің шығармашылық бағыттағы жұмысы арқылы бір белесті артқа тастап асуға қарай беттеп келеді. Дана халқымыз «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді. Олай болса К.Рүстембекұлы атындағы «Жыраулар үйінде» тәрбиеленіп жатқан шәкірттерге Көшеней әлемі жарқын жол ашары сөзсіз.

Талайлы ДОСЫМОВА,
Көшенейтанушы,
«ҚР Білім беру ісінің үздігі»
төсбелгісінің иегері

ҮШ КЕЗДЕСУ

Бүгінгідей әлі көз алдымда. 1968 жылы мектепті бітірген бойында Қызылорда қаласындағы пединституттың ән және музыка бөліміне ауылдан барған екі-үш жігіт кұжат тапсырдық. Абитуриенттер дайындығы ол кездегі ағылшын факультетінің ескі ғимаратында өтеді. Күнде дайындық арасында жоғары курс студенттерінің дайындығын да тамашалаймыз. Біреуі ән салып, біреуі баянда құйқылжытып ойнап жатады. Бөлмеде бiр жiгiт баян ойнап, біз тыңдап тұр едік. Бөлмеге ортадан жоғары бойлы, қиықша көз, шолақ мұрынды, көз жанары өткiрлеу, әдеміше бір жiгiт келiп кiрдi. Амандасып, жағдай сұрасқан соң:
– Бекдәулет, Абайдың әні «Айттым сәлем, Қаламқасты» ойнашы, – деді. Іле баянның сүйемелдеуімен көмейден ашық күшті еш қиналыссыз, адамды ерiксiз баурап алатын табиғи ән айтылып қоя берді. Жұрт тым-тырыс тыңдап қалған. Бұдан соң да үш-төрт ән айтылды.
Сол заматта-ақ әнді орындаушының адамның құлақ құрышын қандырып айтатын ерекше жан екендігі байқалып қалып еді. Абайдың ғашықтық әндері өз бояуымен, мөлдіреген тазалығымен орындалып еді.
Кейін бұл жiгiттiң Көшеней Рустембеков, ал баянда ойнаған Бекдәулет Маханов менің жерлес, ауылдас ағаларым екенін білдім. Бұл ең алғашқы көруім еді.
Екiншi кездесу. Сол оқуға конкурстан өтпей, аудандық мәдениет бөлiмiне методист болып жұмысқа тұрдым. Бірде «Ақжар» ауылында актив жиналысы болып, артынан ауыл және аудан өнерпаздарының үлкен концерті болды. Концертке сол жылда ұстаздық етіп жүрген Көшеней аға да қатынасты. Бұрын Қызылорда қаласында көрген кiсiм. Енді домбырамен Сыр сүлейлерiнiң жыр термесін төгілтті.
Әншiнiң өзiн ұстауы, орындау мақамы, шеберлігі жұртты тәнті етті. Әсіресе «Гүл-гүл» әнін Көшеней аға орындағанда ерекше құлпырып кететін. Әнді орындағанда, мазмұнына, сөзіне баса назар аударып, жастықты, ғашықтықты үзілдіртіп, ән табиғатын терең түсініп айтатын.
Үшiншi кездесу. Бұл 1969 жылдың көктемі – мамыр айы болатын. Қармақшыда, аудан орталығында «Сыр ұшқыны» атты ән-би ансамблі ұйымдастырылды. Ансамбльге аудандағы өнерлі жастар, мұғалімдер, өнерге икемі барлар тартылды. Алматыдан арнайы мамандар сазгер Әсет Бейсеуов, талантты режиссер Серік Елеусізов, «Гүлдер» ән-би ансамблінің көркемдік жетекшiсi Болат атты биші жігіт шақырылды. Басы-қасында үшінші хатшы Оспанова Бағия апай халық депутаттары атқару комитеті төрағасының орынбасары Нағымет Егiзбаев ағай, Оспанов Абдулла, (мәдениет бөлімінің меңгерушісі) болып, Алматыдан арнайы киiм тіктіріп, құрамында жетпiске жуық адам тартылған үлкен ән-би ансамблі кұрылды. Талантты жастар Көшеней Рустембеков, Данагүл Ержанова, Әбілда Ержанов, Базарбай Жүсіпбаев, Әмзе Жүсіпов, Үрліхан Жүсіпова, Талмаш Жұмабаева, Меңдiбала Шымбаев, бишілер тобында Әсия Жүсіпова, Төлеш, Мұрат Нұржанов, Серікбай Тәуекелов, Ордабай Төребаев, Жарболсын Құндақбаев, тағы басқасы болды.
Көшпан аға Әсеттің «Ақ гүлім» , «Армансыз күнім болмайды» әндерін орындайды. Концерт соңында Біржан мен Сараның айтысын Көшпан аға мен Данагүл шығарады. Топ жiгiттiң iшiнде алмастай жарқырап Біржан әнін айтып шыққан Көшпан мен Сараның әнiн орындаған Данагүл бейне екi арыс тiрiлiп келгендей әсер етіп, халық орнынан дүр көтерiлiп, қол шапалақтап қарсы алатын. Екі дарын ән өнерін биік шыңға көтеріп кететін.
Бұл жайында Нағымет аға «Көшеней жырау» дастанында жеткiзiп жырлады.
Дайындық жүріп жатқанда, Көшеней ағамыз баладай елгезек, үлкен-кiшi демей әзілдесiп, жарқылдасып жүруші еді. Бізге үлкен көрiнетiн ағамыз сол кезде небары жиырма екі, жиырма үш жаста екен. Бірде Көшеней: «Әсет аға, «Ақ гүлім» әнiн қолыма ақ гүл ұстап тұрып айтсам, сахнадан бір сұлуға апарып тапсырсам қалай болады?» деп әзілдеді. Жүрген жері думан, әзіл-күлкі, ешкiмдi жатырқамайтын ағамыз жарық жұлдыздай ағып өтерін әрине, ол кезде ешқайсымыз да бiлмеп едiк.
Бас-аяғы бір жылға жетпейтін уақыт аралығында ағамен үш-ақ рет кездескен екенмін.
Әруақты әнші, жыршы-термеші Көшеней Рүстембекұлының артында мәңгi өшпес әні, жыры қалды. Өзiнiң жолын қуған іні-қарындастары шықты. Рух өлмейді десек, сiздiң рухыңыз кейiнгi толқынмен бірге жасай береді демекпін!
Уахитбек СҰҢҒАТОВ,
ардагер-ұстаз



КӨШ АҒАМ

Мен ес білгеннен бастап Көшенейді Көш аға деп атап кеттім, ата-анамыз үлкендеріңді сыйлаңдар, атын атамаңдар деп үйрететін. Көш ағамен екеуіміздің жас айырмашылығымыз 5 жас еді, ол кісі 1946 жылы, мен 1951 жылы туғанмын.
Кішкене күнімнен соңынан қалмайтынмын, кейде ұнамай қалсам, ұрысатын, болмаса ұрып жылатып қоятын. Сонда да iзiнен қалмаймын. Әкемiз күнде кешкілік сонау жайылымда жүрген тұсаулы атты алып келіңдер деп жұмсайды. Сонда мен сол 4-5 жастамын, Көш аға 9-10 жас шамасында, мойнына ат дорбаны асып алып, алдымда арқан бойы жүріп отырады. Сонан атқа барғанша айқайлап өлең айтады. Мен iзiнде тыңдап жүріп отырамын. Атқа жемiн беріп, тұсауын шешiп, бiр биіктеу жерге ыңғайлап өзі ылаждап мінеді. Сосын мені қолымнан тартып артына мiнгiзедi. Мiне алмай жатсам, ұрсып сілемдi қатырады, қорыққанымнан жылдам мінуге тырысамын. Әкеміз тапсырып жібереді, «тойып тұрған атпен шабуға болмайды, жай жүріп келіңдер» деп. Оны тыңдайтын Көш аға ма? Көкем көрiп қоймасын деп, суы тартылған Аю каналының ішіне түсіп алып, олай да былай шабады, мен артында түсіп қалмайын деп жабысып отырамын. Сонан келгесiн әкемiз аттың шабылғанын біліп қойып, ұрысып жатқаны, «әй, шырағым, келе болмассың» деп.
Көш аға жасынан еркіндеу, батырлығы басым болып өсті, ауыл балаларымен шатасып қалады. Сол өзінен үлкендеу бала болса да, соны жеңiп тынатын, өте намысқой, қанша төбелессе де жыламайтын. Сосын жастайынан үйге келген қонақтарды маңайлап, әңгіме тыңдап қалыптасты.
Бiр күнi 5-6 жастағы кезі болса керек, үйге келген бір қонақ үлкен кісі әкемізге әңгіме айтып отырады, екі әйелі болса керек. «Соның біреуін жібермесем болатын емес, бастары піспейді» дейді ғой. Қасында тыңдап отырған Көш аға сонда қонаққа: «әке, сол әйеліңізді маған беріңізші» деп жабыса кетіпті, қонақ «Әй, мынау не дейді-әй? деп шошып кетеді.
Балалық шақтан өтіп есейіп, мектеп табалдырығын аттады. Мектепте ол өте жақсы оқыды. «Көшпан» деп мұғалімдер төбесіне көтерді, үйге келіп әке-шешемiзге мақтап кететін, «Көшпан – өте алғыр, оқушының алды, сіздерге рақмет осындай бала өсірген» деп. Сонымен 1962 жылы мектепті тәмамдап, сол бетімен үйге де айтпай өзi барып Қызылорда қаласындағы пединституттың тіл әдебиет бөлiмiне оқуға түсiп, студент атанған соң, үйге сосын келіп айтты. Сол оқуын оқи жүре, қаладағы спорт үйірмесіне, оның iшiнде бокс өнеріне қатысып, оны да жақсы меңгеріп аты шықты. Бұрынғы өзінің туа бітті қабiлетiне спорт қосылып, қанша денелi жiгiттер кездессе де, бір соққанда мұрттай ұшыратын. Оның үстіне шешеміз батыр аты шыққан атақты Текейдің қызы (Текей ауылының аты), әйгілі Байғұлының қарындасы болып келеді, сол жағынан да бір ықпал болды-ау, сірә. Кейін оқуын бітіргесін үйленіп, Жұпар атты жеңгемізбен бас қосып, туып-өскен ауылымыз «Ақжарға» көшіп келді. №28 мектепке мұғалім болып орналас­ты. Сол кездегі мектеп директоры Нұртаев Сәден ағамыз Көш ағаға көп қамқорлық жасады, туған інісіндей тәрбиеледі. Көш аға да Сәке деп алдынан көлденең өтпейтін.
1969 жылы Алматы қаласында өткен жиынға қатысып, тұңғыш рет Сырдың жырын, терме әуенін аспанға әуелетіп, халықты бүкіл өнерсүйер қауымды таңқалдырды, сол жылдары бірнеше күйтабақтары жазылды, киноға түсті, бүкіл Қазақстанға танылды.
Әруақ қонды ма дегеннен шығады, бір күні түнде ұйықтап жатқанымызда, қатты айқайлаған дауыстан оянып кеттік. Сөйтсек Көш аға орнынан тұрып отыр екен, шешеміз:
– Көшпанжан, неге шошыдың, түс көрдің бе? – деп сұрады. Сонда Көш аға: – Мама, бір жаман түс көрдім, түсiмде бiр үлкен жолбарыс арқамнан келіп ала түстi, сонан шошып ояндым» деді. Шешеміз қуанып, «құдай бердi, үлкен атаның әруағы қонды ( Жиенбай жыраудың ), бір мал құдайжолы» деп, ертеңiне бiр мал сойып, елді жинап Құран бағыштап жiбердi. Мiне, менің көзiммен көріп, құлағыммен естіп, куә болған құдiретiм. Сол күннен бастап өзі де, даусы да бөлекше бола бастады.
Бидас РҮСТЕМБЕКОВ,
жырау


13 қараша 2021 ж. 1 122 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031