» » » ҚОРҚЫТ – ТҮРКІ РУХАНИЯТЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

ҚОРҚЫТ – ТҮРКІ РУХАНИЯТЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Түркітілдес елдердің 3 күнге созылған «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің жабылуы Қорқыт ата мемориалы кешенінде өтті. Бесінші мәрте ұйымдастырылған фестиваль Қорқыт ата мұрасының, халықтың аңыз әңгіме мен әуенінің зерттелуіне, түрлі бауырластардың өнерін бағалау, олардың әлемін, мәдениетін тануға септігін тигізді.
Дәстүрлі өнер фестивалі Түркия, Әзербайжан, Алтай, Қырғыстан, Башқұртстан, Саха, Молдава, Қарақалпақстан елдерінің өнерпаздарын Сыр еліне, оның ішінде Қорқыт ата кешеніне жинады. Фестивальде тың идеялар талқыға түсіп, дәстүрлі өнер жаңа қырынан танылды. Жерлестерді қуантқан жаңалықтың бірі – ирандық қазақтың «Қорқыт ата» кітабының үшінші нұсқасын тауып, арнайы осы фестивальге әкелуі болды. Еліміздің барлық өңірінен жиналған жастармен бірге шетелдің шығармашыл және өнерпаз жастары Байқоңыр ғарыш айлағы және Қорқыт ата тарихи музейімен танысты. Одан кейін Қорқыт ата мемориалдық кешеніндегі "Түркі әлемін тоғыстырған – Сыр елі" атты халықаралық жастар фестиваліне қатысты.
Этноауылда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Онда небір он саусағынан өнер тамған шеберлердің туындысы қойылды. Жиналған жұрт көрме тамашалаумен қатар ұлттық ойындар ойнап, астан дәм татты. Алмас Алматов, Ұлжан Байбосынова бастаған дәстүрлі өнердің дарабоздарының қарсы алдында отырып, жырын тыңдау ерекше әсер қалдырды. Мирасқой өнердің өңін мұқалтпай бүгінге жалғаған, шаршы топта алдына жан салмаған жергілікті ақын-жырауларымыз да өнерін ортаға салды.
Фестивальді қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов әр өңірден келген майталмандарға алғысын білдірді. Облыс әкімінің арнайы марапаты мен естелік сыйлығын табыстады. Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков сөз алып, фестивальдің маңыздылығына кеңінен тоқталды.
–Қорқыт ата күллі түркіге ортақ болғанымен оның туған топырағы, өмір сүрген ортасы, мәңгілік мекен тапқан жері осы – Сыр өңірі. Қазақ аңызындағы Қорқыт ата бейнесі өлімнен қашқан шаман емес, керісінше, өмір үшін күрескен, өлімнен құтылуды қандай бір құдіретті күштен емес, өнерден іздеген, ажалмен айқасқан алып рухани тұлға болып табылады. Зерттеушілер Қорқыт ата философиясын әйгілі шумер эпосы “Гильгамеш туралы жырдағы” Гильгамеш әрекетімен салыстырады. Ұлы жазушы М.Әуезов Қорқыт аңызын адамзатқа от ұрлап әкеліп сыйлаған Прометей туралы грек аңызымен теңестіреді. Осы ретте Қорқыт ата мұрасын көп зерттеген академик, эпостанушы В.Жирмунскийдің «Сырдария жағасында Қорқытты құрметтеудің мың жылдық өнегесі бар» деген сөзінен асқан дәлелдің қажеті де жоқ шығар. Тарихи деректер мен ғылыми пайымдауларды түйіндей келе Қорқыт атаны түркі тайпаларының мәдени рәмізі деп қарастыруға болады. Аңыз әңгімелерде Қорқыт ата өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй, – деді өз сөзінде аудан әкімі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз – бір кездері Ұлы Түрік Қағанатынан мирас болған түркілік тегімізді сақтай білген халықпыз. Бүгінгі түркі жұртының теңдессіз жетістіктері сол дәуірлерден қалған ұлы мұралармен тығыз байланысты» – деген болатын.
Қорқыт ата кесенесі Елбасы тапсырмасымен 2015 жылы қайта жаңғыртылып, «Қорқыт ата зиярат ету орталығы» қоса салынды. Кешен «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесі нысанының бірі ретінде танылып, сан мыңдаған саяхатшы келді. Сонымен қатар, 2018 жылы 28 қарашада Маврикий Республикасында өткен ЮНЕСКО-ның ХІІІ сессиясында Қорқыт ата рухани мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енді.
Елбасы бастамасы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қорқыт баба мұрасы арқылы халықтың философиялық дүниетанымын кеңейте түсу мақсатында мұндай іс-шараның өтуі айрықша маңызды. Руханият керуенінің көшін бастаған өлкеде ұлт өнерінің айдынын тасытатын істер мұнымен бітпек емес. Барша Түркі дүниесін біріктіріліп, ұлы мәдениеттің жаңғырту ісіне өлшеусіз үлес қоса бермек. Атқарылған игі шаралар түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт бабамызды бүкіл әлемге танытудағы тағы бір қадам. Аудан әкімі жиналған жұртқа осыны айқын түсіндіріп, анық айтты.
Болашақ ұрпаққа берері мол, ізінен қалдырар мұрасы бар дәстүр ешқашан үзілмесін. Аймақ тарихында алтын әріппен жазылар тағылымды оқиғалар көп болсын.
Сібірді мекендеген Тыва халықтарының, алтайлықтардың, Саха елінің жыр-аңыз желілері мен орындаушылығындағы ортақ әуен, саз-мақамын көмейден қайыруда табиғи тәсіл мен шеберлігі туыстас келеді. Гала концертте Халықаралық конкурстардың лауреаты, «Әлемнің виртуоз хомусшысы» атағын жеңіп алған Юлиана Кривошапкинаның орындаған әуені таңдай қақтырғаны соншалық көрермен ұзақ қол соқты. Біріне-бірі ұқсамайтын сан түрлі аспаптан шыққан сазды әуен мен мың бұралған бишілер өнері рауандап батқан күнде амфитеатрды қызыл реңге көмкеріліп, рухымызды аспандатып жіберді.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА

25 қыркүйек 2019 ж. 1 995 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031