ИРАНҒА КҮРІШ ЭКСПОРТТАЙДЫ
Биыл қармақшылық дихандар Иран еліне күріш экспортын арттыра түспек. Алдағы маусымда аудан шаруалары 800 гектар аумаққа «Таром Хошими» сортты күріш дақылын егіп, жоғары өнім алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов мәлімдеді. Ауылшаруашылығы саласындағы серпіліс былтыр облыс әкімінің Иранға жасаған іс сапары аясында жүзеге асады.
– Аудан диқандарының ала жаздай еткен еңбегі ақталып, күріштің әр гектарынан орта есеппен 59,5 центнерден өнім алынды. Қамбаға 84543 тоннадан астам Сыр маржаны құйылды. Бұл – еліміз егемендік алған жылдардың ішіндегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу мақсатында Ақтөбе ауылында "Ақтөбе және К" ЖШС Оңтүстік Кореяның қуаттылығы сағатына 5 тоннаға жететін күріш өңдеу зауытын іске қосты. Оған қоса сыйымдылығы 10 мың тонна астық сақтайтын қойма пайдалануға берілді, – деді аудан әкімі.
Ауданда кәсіпкерлік саласы да өрістеп келеді. Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту, жұртшылықты бизнеске баулу, жеке іс бастағандарға мемлекет ұсынған бағдарламаларға арқылы қолдау көрсету – басты мақсаты. Өңдірістің өңдеу саласын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін "Қармақшы құс" ЖШС-нің қуаттылығына 1500 тонна құс етін өндіретін зауытын ашу жобасы бойынша бүгінде құрылыс жұмыстары басталған. Мердігер компания жобаны жыл аяғына дейін бітіруді жоспарлап отыр.