ЕЛ ТАҢДАУЫН БІРГЕ ЖАСАДЫ
Жыл басынан бері елімізде түрлі саяси, тарихи, мәдени оқиғалар орын алуда. Алдымен 2019 жылдың 19-наурыз күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев үндеу жариялап, өз өкілеттілігін тоқтату және мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы мәлімдегені баршамызға белгілі. Президент сайлауы болады деген сәттен бастап, түрлі пікірлер, саясаткерлер мен сарапшылардың ойлары айтылып, қоғамның қызу талқысына түскен болатын. Президенттік таққа таласқан үміткерлер алдымен орталық сайлау комиссиясының сынынан өтіп, тартысқа түсті. Халық таңдауына түскен 8 үміткердің ішінде, ерекше қоғам назарына іліккен кандидаттар «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған, Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев саясатын жалғастыруды мақсат еткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев және қазіргі атқарушы билік жұмысына балама бағдарлама ұсынған, «Ұлт тағдыры» ҚБ-нен ұсынылған Әміржан Қосанов болатын. Баршамызға белгілі, 9-маусым күні еліміз үшін, еліміздің болашағы үшін айтулы күн болды. Орта Азия төрінен орын алған Қазақстанның болашағын айқындау жолында халық саяси үрдіске атсалысып, әркім өз таңдауын жасады. Сайлау нәтижелері айқындалып, 70,3 процент басымдықпен Қазақстан Республикасының Президенті болып Қасым-Жомарт Тоқаев таңдалды. Бүгінгідей бейбіт өмірді берік ұстап, еліміздің әлеуметтік-эконоикалық даму үдерісі жалғастыра түседі деп және қазақ қоғамының әл-ауқатын арттыра түседі деп белгілі дипломат, Қазақстан Республикасының екінші президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына сенім білдіремін!
Азиз ДҮКЕНБАЙҰЛЫ,
техника ғылымдарының магистрі,
Жастар мәслихатының депутаты.