Қызылордада баспанаға мұқтаж көпбалалы 100 отбасы үйлі болды
Бүгін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тұрғын үйге мұқтаж аз қамтылған көпбалалы тұрмысы төмен отбасыларға жаңа баспана кілттерін табыстады.
- Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Болат Өтемұратовтың Жеке қорының демеушілік қолдауымен тұрғын үй салу туралы меморандумға қол қойылған еді. Нәтижесінде қор қаражаты есебінен 100 отбасы тұрғын үймен қамтылады, - деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев.
Тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 70 мың теңгені құрайды. Үйлердің құрылысы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай рекордтық уақыт ішінде 2 айда аяқталып отыр.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 2246 көпбалалы отбасы тұрғын үйге мұқтаж.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста тұрғын үй құрылысы қарқынының тұрақты даму үрдісі байқалатынын атап өткен жөн. Соңғы 6 жылда өңірде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2,5 есеге артты. Бұл көрсеткіш 2013 жылы 270,0 мың шаршы метр болса, 2019 жылы 720,8 мың шаршы метрге дейін өсті. Осы жылдар ішінде Қызылорда қаласының өзінде 15 жаңа шағын аудан салынып, 139 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген.
Сонымен қатар, облыс әкімдігінің бастамасы бойынша 2017 жылы халықтың аз қамтылған және әлеуметтік осал топтарына тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған "ОРДА" аймақтық Жол картасы қабылданды.
2019 жылдың соңына қарай Қызылорда қаласы бойынша Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қала құрылысында 53 көппәтерлі тұрғын үй немесе 2628 пәтер құрылысын аяқтау жоспарлануда, оның 588 пәтері аз қамтылған көп балалы отбасыларға беріледі.
syrboyi.kz