» » ЖАСТАР РАМАЗАНМЕН СҮЙІНШІЛЕЙДІ

ЖАСТАР РАМАЗАНМЕН СҮЙІНШІЛЕЙДІ

Күллі мұсылман асыға күтетін қасиетті Рамазан айының да белортасына жетіппіз. Міне, осы Рамазан айын сүйіншілеп келетін, ұлттық құндылығымыздың бірі – жарапазан. «Жарапазан» сөзінің түпкі мағынасын алып қарайтын болсақ, "Жә" арабтың "келді", Рамазанды жария ету, мұсылмандардан сүйіншілеп, ораза келді деп жар салу ұғымын білдіреді. Өкінішке орай, бұл дәстүр бізде өзге аймақтар секілді кеңінен қолданылмай, керісінше ақсап тұр.
Жарапазан айтатын жас некен-саяқ. «Рухани жаңғыру» деп ұран салып әлекпіз. Жаңғыруды ұлттық құндылықтан бастауға тиіспіз. Міне, осындай игі шараның ізі сенбіде Ақжар ауылында жалғасын тапты. Асыл дәстүрімізді қайта жандандыру мақсатында аудандық «Қармақшы ата» мешітінің имамы Жақсыбек қажының ұйымдастыруымен Ақжар ауылдық мәдениет үйінде «Жастар Рамазанмен сүйіншілейді» тақырыбында жарапазан байқауы өтті.
Бұл байқау ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Байқауға 8 ауылдан 14-35 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Олар 5 кезең бойынша: ауызашар мәзірі, таныстыру, жарапазан бөлімі, діни, патриоттық әндер, домбыра сайысы бойынша өзара  бақ сынасты. Үш сағатқа жалғасқан шара қызықты әрі тартысты өтті.
Шараны  аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев ашып,  қатысушыларға сәттілік тіледі. Қазақ­стан Мұсылмандар Діни басқармасы «Зекет» қайырымдылық қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Оңталап Тасболатұлы бұл жиынның жастарға үлгі, насихат екенін сөз етіп, жақсылық жасап жарысуға шақырды.
Байқауда ас мәзірі бойынша Көмекбаев ауылынан Н.Байжанованың жасаған қазанжаппайы, құрт, құрма, тоқаш, сары майы ұсынылып, көпшілік көңілінен шықты. Аудандық мәдениет үйі жастарының сахналық қойылымға негізделген таныстыруы (Жосалы кенті) мен достығы жарасқан ІІІ Интернационал ауылының өнерпаз жас­тары ерекше көзге түсті. Ал Дүр Оңғар ауылының жастары өз тобын қара домбырамен таныстырып, илләһи жыр мен бата беру сайыстарынан оқ бойы оза шапты. Ақжар ауылының кішкентай бүлдіршінінің әсем әні көрерменді ерекше күйге бөледі.
– Бұл байқаудан бәрі құра­лақан қалмайды. Алғашқы ұйымдас­тырылған шара болған соң барлығын назардан шығармауды мақсат еттік. Қатысушы әрбір топқа ынталандыру сыйлығы табысталатын болады. Байқауды ұйымдастыруда Ақжар ауылының тұрғындарына алғысымды білдіремін. Демеушілік көрсеткен Рзақұл Сәденұлының да еңбегін айта кеткен жөн болар. Бұл насихат сайысы алдағы уақытта өзінің жалғасын табатын болады, – дейді Жақсыбек қажы.
Сайыс нәтижесі бойынша Дүр Оңғар ауылының өнерпаз жастары  жеңімпаз атанып, оларға 30 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ал ІІ орынды аудандық мәдениет үйі жастары 20 мың теңгенің сертификатын қанжығасына байлады. ІІІ орын Т.Көмекбаев ауыл­ының өнерлі жастарына бұйырып, 10 мың теңге қаржылай сыйлық алды. 
Кеш соңында жиылған жұртшылық Ақжар ауылдық мешітінде ауыз ашып, игі шараға оң бағасын беріп тарқасты.
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы».
24 мамыр 2019 ж. 1 225 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 159

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930