АУДАН ӘКІМІ МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Бүгін аудан әкімдігінде 21 мамыр – Мәдениет және өнер күні кәсіби мерекесіне орай сала қызметкерлерімен кездесу өтті.
Шара барысында аудан әкімі Мақашов Сұлтан Ысқақұлы өңіріміздегі өнер мен мәдениетке өлшеусіз үлес қосып, мәдени-рухани құндылықтарымызды насихаттауда белсенділік танытып жүрген өнер майталмандары мен ұзақ жыл ауданның мәдениет саласын дамытуға қажырлы еңбек сіңірген сала ардагерлеріне алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті.
Сонымен бірге Айман Мусаходжаеваның тағылымды тәрбиесін көріп, Қазақ Ұлттық Өнер университетін «Қылқобызшы» мамандығы бойынша бітіріп, бүгінде туған жеріне келіп, К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінде «Қобыз» үйірмесінің жетекшісі болып жұмыс жасап жатқан жас маман Зияда Жаңабергенова мерекелік ізгі лебізін жеткізіп, қобыз аспабында шығармасын орындады.
Кездесу соңында аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы «Жыраулар үйінің» директоры Жақсығұлов Серік Орынбекұлының басқа қызметке ауысуына байланысты ауданымыздың мәдени-рухани дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығын жеткізді.
Ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамыз жыраулық дәстүрдің алтын жібін жалғап, өскелең ұрпаққа жеткізу жолындағы жемісті еңбегіңіз үшін алғысымды білдіремін және болашақта атқарар жауапты қызметтеріне табыс тілейміз", - деді аудан басшысы.
Өз кезегінде Серік Орынбекұлы аудан әкімі мен барша әріптестеріне қолдау көрсеткені және бірлесіп атқарған жемісті еңбегі үшін алғысын білдірді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі