БАЙҚОҢЫРДА ЕҢБЕК ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Қазіргі таңда жыл сайын елімізде, оның ішінде оңтүстік өңірлерде адам санының артуына байланысты мемлекеттік, бюджеттік мекемелерде, тіпті ауылшаруашылығы саласында да жұмысқа орналасу өте қиындап кеткені рас. Ал, Солтүстік және Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облысы аймақтарында бұл көрсеткіш керісінше, яғни елімізде бұған дейін көпұлтты өңір саналып келген аталмыш өңірлерде тұратын өзге этнос өкілдері өздерінің тарихи Отанына қоныс аударуына байланысты сол өңірде босап қалған елді мекендердегі жұмыс орындарына, атап айтқанда денсаулық сақтау, білім, ауыл және мал шарушылығы, кәсіпкерлік салаларына мамандарға тапшы.
Осындай жайттарды болдырмау мақсатында Елбасының қолдауымен халық тығыз орналасқан Түркістан, Қызылорда облысы аймағында жұмыссыз жүрген азаматтарды солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аударуға үгіттеу, яғни қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарды сол өңірлерден тұрақты жұмыспен қамтып, оларға үй-жай беру арқылы тұрақтандыру мақсатында өміршең болған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарынан мамандармен қамтылған арнайы үгіт-насихаттық топтар жұмыс істеуде. Аталмыш іс-шара нәтижесінде бүгінде Түркістан және Қызылорда өңірлерінен солтүстікке қоныс аударып, тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны күннен күнге артуда. Олардың арасында еткен кәсіптерінен нәсіп тауып, үлкен жетістікке қол жеткізгендер де баршылық.
Міне, жылдағы дәстүрге сай өткен бейсенбі күні Солтүстік және Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарынан облыстық, аудандық жұмыспен қамту орталықтары мен ауылдық округтер әкімдері, мамандар іс-сапармен облысымызға келіп, Байқоңыр қаласы тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізді.
ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі өкілінің жұмысын қамтамасыз ететен басқарма басшысының орынбасары Мырзабек Демесінов төрағалық еткен шарада делегация мүшелері Айдос Жанақаев, Меруерт Есенбаева, Салтанат Жолдыбаева, Маржан Жүсіповалар талапкерлер алдында өз аймақтарының ерекшеліктері мен тапшы мамандықтар туралы әңгіме тінін тарқатты. Сонымен қатар,байқоңырлықтар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптарын берді.
Сондай-ақ, делегация атынан сөз алған меймандар қоныс аударуға тілек білдіргендерге берілетін көмектер мен талаптарды түсіндірді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
Байқоңыр қаласы.