» » ЗАМАНАНЫ ЖЫРЛАҒАН ақын

ЗАМАНАНЫ ЖЫРЛАҒАН ақын

Халық ақыны Төлеубай Үр­кімбаев 1898 жылы Қызылорда облысы, Қар­мақшы ауданының «Төрткүл» ауылында, екінші бір деректе Жалағаш ауданының қазіргі Бұқарбай батыр ауылында туған делінеді. Төкеңнің қармақшылық ақын Б.Қасқырбаевпен (1945ж.) айтысында:
Қармақшы менің де туған жерім еді,
Өзімді ерке өсірген елім еді.
Қамыстан ат мініп, асыр салған,
«Төрткүлдінің төбешігі дөңім еді», –
деуі те­­гін болмаса керек.
Екіншіден ака­демияға 1946 жылы жазған өмір­бая­нында Қармақшыда тудым депті. Ал Бұқарбай батыр ауылындағы туыстары арасында 1926-1928 жылдары келген сияқты.
Т.Үркімбаев өзінің 1898 жылы Қар­мақшыда туғанын айта отырып, ақын­дық жолға түсуін батамен ешкім көркейте алмас еді. Өзім кісі есігінде жалшы болдым. Жоқшылықты басымнан кешірдім, тартпаған бейнет, азабым аз шығар. Осындай ауыр жұмыста жүрсем де аз-мұз сауатымның арқасында бұрынғы дастан-жырларды оқып, көп жаттадым, өзбек, татар өлеңдерін де жаттап білдім. Көп бейнет, азап ақыры жеңіп қатты аурудан кейін 1924 жылдан бері екі құлағым керең болып қалды. Бірақ үкімет далаға тастаған жоқ. Менің ақындық талантыма кең өріс берді.
Ендігі бір кәсібім газет-журналдарды оқып, өлең шығарып, жаттап айту болды. Қолхоз жұмысына белсене араласып, бай-құлақтарға қарсы өлең-жырларды көп шығардым. Газеттер де сөзімді басып келеді. Ақындық жолға үйреніп, талаптанумен жеттім» деп өзі туралы ашығын жазған екен.

Ұқсас жаңалық

Ақынның өзі жазғандай, Сыр сүлей­лерінің жырларын, теңіздей толқыған назым сөздерді жаттап өсіп, «Талаптың мініп тұлпарын» өзі де өлең шығара бастаған. Алғашқы өлеңі 1929 жылы «Сыр бойы», кейіннен ашылған Қармақшы, Жалағаш аудандарының газеттерінде жариялана бастайды. Халық өлең-жырларынан нәр алған. Т.Үркімбаев өлеңнің бірінен соң бірін шығарады. Ол колхоз құрылысы, социалистік дәуірді қуана сөз етіп, еңбеккерлерді сол дәуірді жақсартуға шақыра үндеп жырлаған.
Ақын қаламынан туған жырлардан (1925-1955жж.) сол кезеңнің тарихи шындығымен болмысын көреміз. Жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, жатыпішер жалқаулар, саудадағы балықтар, колхоз ісіндегі ора­лымсыздықтардың бәрі де Төкең көзінен, қаламынан таса қалмаған.
Т.Үркімбаевтың өлеңдері 70 жылдағы Қазақстанда өткен саяси, әлеуметтік, мәдени оқиғалардың бет бейнесін аша отырып, оны бүгінгі ұрпақтарға тарихи мұра ретінде тарту еткен.
«Социалды Қазақстан» газетінде (12 желтоқсан, 1935 жылы) Ә.Аталықов өзінің «Талант» атты мақаласында Т.Үркім­баевтың шығармашылығына тал­дау жасай отырып, оның ақындық дәрежесіне әділ баға береді.
«...Әттең науқастан самсаған қолдан, шаршы топтан озатын жүйріктің аяғына ақау түсіріпті. Бірақ Төлеубай ақын төсек тартып қалса да, қолынан қаламы түсіп көрген емес, дәуірдің ұлан-ғасыр дүбіріне үн қосқан ақын» деп жазыпты. Шынында да ақынның әрбір өлеңінен дәуір шындығының бетпердесін көреміз. Ақынның өз сөзімен айтсақ.
...Колхозшыға дем беріп,
Екпінге екпін жел беріп,
Білгенімді айтып ем.
Қазылып жатқан арықты.
Шауып жатқан халықты
Жағалап өтіп қайтып ем,
деп, өзінің қалың халықпен бірге болғанын айтады.
1932 жылы партия қатарына өтсе, 1939 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған. Ақын жырлары сан тақырыпта: өмірде өзі көрген күнделікті күйкі тіршіліктен сөз қозғаса, енді бірде Абай, Жамбыл сияқты жыр дүлдүлдеріне арнау шығарған. Ауылға келген қуатты трактор үніне өлеңімен үн қосады. «Ат пен трактор», «Айымкүлге», «Оспан ағайға». т.б. сынға құрылған өлең-жырлары бар. Кей уақытта саяси тақырыпқа бой ұрып, Трумэн, Черчилльдерді түйреп өткен.
Ақын өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі кең тыныспен бұрынғы кездерде шыққан «Алпамыс», «Қобыланды батыр» жыр­ларындағы кез­десетін теңеулерді тамаша мәнімен Т.Үркім­баевтың жырларынан да оқимыз. Төкеңнің «Трактор күйі» атты өлеңінде:
«...Ойлау жерден ырғытып,
Сырғып кетіп барады.
Қырлау жерден қарғытып,
Ырғып кетіп барады», – десе.
«Ұры» атты сықағында:
«...Жолдастар-ау бұл жұмыс
Сұмдық емей немене?
Істеп жатқан мынау іс
Ұрлық емей немене?» – деп екпіндете тол­ғаған.
Төлеубай Үркімбаев – қысқа толғау-жыр­ларымен қатар айтыс ақыны. 1944-45 жылдары Қызылорда қаласында өткен облыстық айтысқа қатысып, жүлдеге ақ боз үй алып, ат мінген.
Т.Үркімбаевтың ақындық өнері жо­ғары бағаланып, Қазақстан Республи­касының 15 жылдығына орай (1935ж.) арнайы белгімен, 1945 жылы «Кұрмет белгісі» ордені және «Еңбектегі ерлігі үш­ін» медалімен марапатталады.
Ақын өмірі өлеңімен өрілді, өлең оған қанат бітірді, биіктерге көтере білді. Шынында да өмірі өлең болатын.
Ақынның өкшелес інісі, жырау Ақ­мырза Тұяқбаев өзінің естелігінде: «Т.Үр­кімбаевпен мен 1943 жылы барып таныстым. Бұл кезде ол кісі Жалағаш ауданының «Қызыл ту» колхозында тұратын. Ойын-сауық қойып жүріп, сәлем бермей кетпейтінбіз. Сол жылы әйелі Алмагүл Ермаханқызы босанып (1943 жылы), құтты болсын айтуға Нартай, Әлібек, Күндебай бәріміз барғанымызда, өзі сері адам біздерді күлдіріп отырды. Сөз арасында Төкең «Мына жас нә­рес­те бірде аузын ашады, бірде жабады, біз оның күліп, не жылап жатқанын білмейміз, екеуміз де саңыраумыз», – деп күлдіре түсіпті. Осы жолы күлдіргі ақын Күндебай сәбидің аузына түкірсе, Нартай ақын: «Төкең отбасына қуаныш келді ғой» деп, жас сәбиге Қуанышбай деп ат қойыпты. Сол Қуанышбай атжалын тартып азамат болып, әке мұраларын талмай іздеп жүр.
Төкеңе ұқсап қолына қалам ұстаған туған інісі Ауқат Ысмайылов былай дейді: «...Аға 1916-1920 жылдар арасында әскердің қара жұмысында, Жосалы, Жалағаш стансаларының темір жолында жұмыс істеді. Көп оқып, көп жазатын. Тағдыр салған тауқыметке қарсы өлеңімен күресті».
«Ақындарға арнау» атты өлеңі төрт аяғы тең тұрған, ұрпаққа өнеге тастар жалынды үн болған. Оның мәні бүгін де өшкен жоқ.
...Ұрпақтарға кейінгі
Өшпейтін мұра жасайық.
Қазіргі күшке күш қосып,
Табысқа табыс қосайык.
Табыс жақты жырласақ,
Тау суындай тасайық.
Кемшілікке келгенде,
Кесірдің бойын өсірмей.
Кесе бүктеп басайық, – деп ақындарға ша­быт бере жырлаған. Төлеубай Үркім­ба­ев қармақшылық Бисенбай Қасқырбаев, қа­залылық Байназар Өтеповпен айтысқа түсіп, айтыстың өркендеуіне көп үлес қос­қан. Ақынның 80 жылдығында ту­ған ауылы мен Жалағаш ауданының ор­талығының бір көшесіне Т.Үркімбаев есі­мі берілген.
Өз заманның жоқшысы болған, ха­лық сөзін айтқан ақын Төлеубай Үркім­баевтың шы­ғармашылығы жөнінде әде­биетші, ға­лым­дар Есмағамбет Ысмайылов, Мардан Байділдаев, Зияда Ижанов, Ауқат Ысмайлов және осы жолдардың авторы өз пікірін әр жылдарда білдірген болатын. Ақын жүрегі 1955 жылдың 12–ақпанында тоқтады.
Т.ДАЙРАБАЙ.
08 қазан 2018 ж. 1 711 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031