» » СЫРДАҒЫ StartUP ЖОБАЛАР

СЫРДАҒЫ StartUP ЖОБАЛАР

Герберт Джордж Уэллстің «Уақыт машинасы» арқылы өткен ғасырға да, болашаққа да сапар шегуге болады. Сол уақыт машинасын ойша он жылдыққа оздырып, Сыр бойындағы болашақ Smart City-ді бірге сипаттап көрсек. «Сырдария өзенінің сол жағалауы. Адамның дауысы арқылы басқарылатын ұлттық нақыштағы үйлер. Кезек күттірмейтін, заманауи емханалар. Кептеліссіз жол, ақылды аялдама. «Уақытты үнемдеймін» деп, сауда дүкеніне жүгірмейсіз. Қоқыссыз көше, таза энергия, жаны тыныш адамдар. Бұл жерден сіз Қызылорда халқының күйбең тіршілігін емес, бақытты сәтін көре аласыз».Уақыт машинасымен бүгінге оралайық. Қызылорданың қазіргі заманға сай дамуы үшін жастар жаңа жобалар ойлап тапты.
3D QARASHA UI
Қазақтың алты қанат ақ үйін соңғы рет қай жерден көргеніңіз есіңізде ме? Әлбетте, Наурызда ғана тамашалаған боларсыз. Ал оның бөліктерін білетін адам некен-саяқ. Бұл тұс­та сүйексіз тіл сүрініп кетеді. Себебі, жас­тар­дың миында қара үй қылаң бермегелі қай заман.
«3D Qarasha ui конструкторы» – тарихты түгендейтін таптырмас жоба. Рухани жаңғыру бағдарламасын негізге ала отырып жасалған құрастырғыш келешек буынды дүбәра қалыптан сақтайды. Бір қарағанда, кәдімгі ойыншық. Бірақ қолыңа алғанда киіз үйдің құрылысын есіңе түсіреді. Себебі, онда қараша үй бөліктерінің атауы мен орналасу реті көрсетілген. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі Сәбит Ибадуллаұлы жоба жайлы әңгімелеп берді.
– 3D бағдарлама арқылы киіз үйдің толық пішінін құрастыруға болады. Алдымен, ағаш үйдің шаңырағы, кереге, уық сынды бөлшек­тердің жеке-жеке моделі жасалады. Содан соң аталаған бөліктер 3D принтерден шыға­рылады.
Бұл құрастырғыш ойыншық шетелдегі қандастарымыз үшін де маңызды. Олар елді еске түсіріп, киіз үйдің құндылығын сезіне алады. Келешекте жобаның сайтын іске қосамыз. Сол кезде адамдар өз таңдаулары бойынша бізге тапсырыс бере алады. Біз киіз үйді тұтынушы талабына лайықты етіп жасап, пошта арқылы жеткіземіз.
3D ТОЛЫҚТЫРЫЛҒАН ШЫНДЫҚ
Мектеп бағдарламасындағы оқулыққа қалай жан бітіруге болады? Әрине, 3D формат арқылы. Айталық, оқушылар тарих пәнінде ежелгі қалалардың суретін ғана көре алады. Түрлі-түсті сурет оқушы санасын селт еткізбесі анық. «3D толықтырылған шындық» бағдарламасы жүйеге енгізілсе, қалалар көз алдыңызда бой түзейді. Ол үшін смартфоны­ңыз­ды кітаптағы суретке жақындатсаңыз болғаны. Көне шаһарларға виртуал түрде саяхат жасай аласыз. Тіпті бұл жоба сауда-саттық жұмыстарын үйде отырып жүргізуге мүмкіндік береді. Мәселен, болашақта сатушы қолына тек журнал ұстап жүреді. Сіз болсаңыз, сол журналдағы аяқкиімнің суре­тіне ұялы телефоныңызды жақындатып, оның толықтай сипатын көре аласыз. Яғни, өнімді оңынан, қырынан, жоғарыдан, терісінен айналдыра қарап, кез келген ортада таңдау жасайсыз. Мүмкін емес. Бірақ, шындық. Бұл идея Бағдат Назарбекұлына Түркия еліне саяхаттаған сәтте туындаған екен.
− «3D толықтырылған шындық» бағдар­ламасы екі бағыттан тұрады. Біріншісі, IR – ақпаратты сенсорлы құрылғы арқылы қабыл­дауды жетілдіру. Бұл функция арқылы затты бақылау мүмкіндігін иеленесіз. Екіншісі, BR – виртуалды шындық техника арқылы адамның сезім мүшелеріне әсер етеді. Соны­мен қатар өткен ғасырға немесе келешекке аттана аласыз, – дейді Қорқыт ата атындағы ҚМУ программисі Бағдат Қыдырбеков.
«3D толықтырылған шындық» жобасы арқылы Сырдарияның сол жағасында тұрғызылатын үйлерді де виртуалды нұсқада аралауға болады. Ол үшін смартфонды қағаз­дағы штрих коды бар қала суретіне жақындату қажет. Сол кезде болашақ қаланың бейнесі экранда пайда болады. Қала көшелерін, арманыңыздағы үй мен оның бөлмелерін түрлі көлемде смартфоныңыздан көре аласыз.
GOBE HEALTH
Әлемде роботтармен, сенсорлы жүйе арқылы жұмыс жасайтын «ақылды емханалар» көп. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары құрастырған Gobe Health-тің ерекшелігі дауыс арқылы басқарылуында. Ол үшін Android операциялық жүйесінде жұмыс жасайтын Gobe Health мобильді қосымшасын жүктеп, ауруханаға арнайы керуеттер орнату қажет. Емхананың бір бөлмесінде екі науқас қатар емделе алады. Бір бөлмені мұндай инновациялық құрылғымен жабдықтауға 200 мың теңге көлемінде қаржы қажет. Идея авторларының бірі Дилярам Хамитова жобаның тиімді тұстарын атап көрсетті.
– Gobe Health негізгі үш компоненттен тұрады. Мобильді қосымша, веб-сайт және құрылғы. Кез келген қала тұрғыны дәрігердің қабылдауына веб-сайт арқылы онлайн ре­жимде жазыла алады. Бұл жерде медициналық-санитарлық көмек тобы күшейтілген. Бірың­ғай мәліметтер базасында емделушіге жүргізілген дәрігерлік талдаулар мен зерттеу қорытындылары сақталады. Егер бұл жоба қолданысқа енетін болса, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайы жақсара түспек. Себебі, құрылғыны емханадан бөлек, үйде де қолдануға болады.
Команда мүшелері Фархат Ділман, Алик Ахметов тәжірбие жүзінде құрылғыны іске қосып көрсетті. Ақылды техникаға оқушылар «жарықты қос», «кереуетті көтер», «кезекшіні шақыр» деп бұйрық бергенде аталған мін­деттер орындалып жатты. Тіпті бөлме тем­пера­турасы мен дәрігер тағайындаған ем түріне дейін ақпарат берді. Gobe Health – келешек ақылды қалалар үшін үлкен сұра­нысқа ие болатын маңызды жоба.
FANTASY FOODS ORDA
Бұл идея небәрі 20 сағатта прототипке айналған. FF-Orda – қаладағы кез келген тамақтану орны мен ойын-сауық орталық­та­рының 3D моделін көріп, таңдау жасауға берілген тамаша мүмкіндік. Тіпті демалыс орнының қызмет ету аясы мен ас мәзірін үйде жүріп білуге болады. Жоба авторы Абдуллаев Оралбек – №144 Сақтапберген Әлжіков атындағы орта мектептің оқушысы. Ол бола­шақта IT саласының білікті маманы атанып, еліміздің экономика саласын дамытпақшы.
– FF-Orda картасы арқылы тұрғындар жақын жерде орналасқан немесе өңірдегі рейтингі жоғары мейрамханалар мен кафе­лерде алдын ала тапсырыс жасай алады. Төлемақылардың барлығы электронды түрде жүргізіледі. Қазір сайт ретінде жұмыс жасап тұрған Fantasy Foods Orda уақытты үнемдеуге көмектеседі әрі мейрамханаларда орын болмай қалады деп алаңдамайсыз. Сонымен қатар ол сіздің көлігіңізге де қамқор бола алады. Себебі, сайтта онлайн паркинг жүйесі де қарастырылған, – дейді Оралбек.
SMART BUS STOP
Бұған дейін ақылды аялдамалар Астана, Алматы, Өскемен қалаларында орнатылған болатын. Алайда Әйгерім ойлап тапқан аялдама функциялары алдыңғыларынан әлдеқайда өзгеше. Smart Bus Stop жобасы үш функциядан тұрады. Біріншіден, ақылды аялдамада кептіргіш құрылғылар орналасқан. Егер тұрғындарға жауын кезінде су өтетін болса, аялдама әп-сәтте киімді құрғата алады. Екіншіден, мұнда салқындатқыш және жылытқылар бар. Демек, ауа райына алаң­даудың қажеті шамалы. Тағы бір функция аялдамада автожарық орнатылған. Ол қуатты босқа жұмсамайды. Яғни, обьекті адамдарды танығанда ғана қызмет етеді.
– Астанадағы ақылды аялдамалар үшін 10 млн теңге қаржы жұмсалған. Біз ең алдымен қаржы шығынын азайтудың жолын іздедік. Алдағы уақытта Қызылорда қаласына Smart Bus Stop аялдамасы орнатылса, оған небәрі
2 млн теңге қажет болады. Сонымен қатар, біздің команда Сингапурдегі аялдамалар қызметімен де танысты. Алайда ол елде де айтарлықтай жаңалықтар жоқ. Мәселен, аялдамаларға жарық орнатылған, бірақ автоматты түрде емес. Бір ерекшелігі, ондағы аялдамаларда ұялы телефон қуаттауға ар­налған ток көзі мен кітаптар бар. Мұндай құрылымдарды біз де Smart Bus Stop-қа енгізетін боламыз, – деді №10 дарынды балаларға арналған білім-инновация лицейі­нің 11-сынып оқушысы Әйгерім Жақсылық.
MICROSOFT АКАДЕМИЯСЫ
Қызылода облысы республикада алғаш рет Microsoft компаниясымен ынтымақтастық жөнінде келісім жасады. Өткен жылдың шілде айынан бастап онлайн оқыту арқылы IT саланың кәсіби мамандары даярлана бастаған еді. Облыстағы Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік университетінің база­сында құрылатын «Microsoft академиясының» жұмысы жайлы PhD докторы, жас ғалым Сәбит Ибадуллаұлы айтып берді.
– Өңірімізде Елбасы Жолдауына сәйкес ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі – «Microsoft академиясы». Академия озық үлгідегі компьютерлік технология арқылы ғылыми тәжірбиелерді жүзеге асыруға мүм­кіндік береді. Мұнда Microsoft компания­сының ең өнімді технологиясы Machine-learning белсенді түрде қолданылады. Ол арқылы біз күрішті аймақтардың ауа райы мәліметтерін, дақыл өнімділігінің статис­тикасы мен модельдеу нұсқауларын алдын ала біле аламыз. «Microsoft академиясы» – облыс әкімі Қырымбек Елеуұлымен қолдауымен жасалып жатқан үлкен жоба.
Сөз соңы:
Мұндай жобалардың бәрі HackDay фестивалінде дүниеге келді. Алдағы уақытта мұнан өзге де ақылды құрылымдардың жасалары анық. StartUp  жобаларды жетілдіру үшін Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қалада IT-парк ашылады. Ал қазіргі таңда ол жақта «Рухани жаңғыру» орталығы, «Болашақ» университетінің кампусы, «Жастар ресурстық орталығының» құрылысы жүргізілуде. Демек, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Қызылорданың «ақылды қалаға» айналар күні алыс емес.
Гүлдана ЖҰМАДИН,
Қызылорда қаласы
30 тамыз 2018 ж. 772 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 170

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930