» » Облыс орталығы жаңа кейіпте дамуда

Облыс орталығы жаңа кейіпте дамуда

Қызылордаға дарияның жағалауымен жүйіткіп келе жатып көлік терезесінен көз ала алмайсың. Құдды бір шетелде жүргендейсің. Иінағаштай иілген көпірдің арғы жағында зер салсаңыз құрылыс алаңына ұшырасасыз. Құмырсқадай тырбыңдап тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, тұмсығын көкке тіреген крандар. Қайнап жатқан тіршілік. Қысқасы, Қызылорданың қай бұрышына келсеңіз де, еңсеңізді тік көтеріп қайтасыз. Халық санынан да өсім байқалады. Бұл оң өзгерістер 2009 жылы ел Үкіметі бекіткен қаланың бас жоспарына түзетулер енгізу қажеттілігін туындатқан болатын. Расымен де, мұндай жоспар шаһардың ертеңіне арналған ауқымды жоба болмақ. Соңғы 5 жыл қызылордалықтар үшін оң нәтижесін берді. Бұл уақыт аралығында 14 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық адам пәтер кілтіне ие болған. Облыстағы құрылыс жұмысының 43,8 пайызы Қызылорда қаласына тиесілі. Өткен жылдың ауқымды жетістігі – бас жос­парға сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қала салына бастады. Бұрын бос жатқан аумақта құрылыс компаниялары көпқабатты тұр­ғын үйлер, балабақша, «Болашақ» универ­ситетінің студенттер қалашығы мен жастар орталығын салып жатыр. Мұндағы «Рухани жаңғыру» орталығының құрылысы да тәмам­далыпты. Сәулетінің өзіндік тарихи­ бар. Қажетті кесекті Ресейд­ің Белгород қаласынан алды­рыпты. Бұл кешен бұрынғы Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратының негізінде салынған екен.
Бас жоспардың өзгеруіне – демографиялық өсім сеп. Қала халқының саны бүгінде 294 мың адамнан асты. Жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алуға бүгінде 60 мыңдай адам кезекте тұр. Тиісінше қала шека­расы кеңеюде. Қала аумағы бұған дейін 11 мың гектарды құраса, жаңа жоба бойынша 19,6 мың гектарға ұлғайтылып отыр. 2025 жылға дейін халықтың өмір сү­ру ортасын қалыптастырумен қоса, қала­ның шаруашылық-экономикалық және перс­пективалық даму бағыттары ескеріле отырып, барлық инженерлік инфрақұрылым сызбасы да түзетілді. Бұрынғы бас жос­пар­дың құрамынан Қызылжарма, Тасбөгет кентінің шекаралары алынып, қала аума­ғына «Қызылорда-Жезқазған» трассасы бойын­дағы жалпы көлемі 980, 150 және 670 гек­тар аумақ енгізілген.
Облыс орталығы жеке тұрғын үй құры­лысы жаңадан қалыптаса бастаған «Бәйтерек» шағын ауданына қарай дамыса, көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаланы қарқынды дамытуға негізделеді. Алдағы уақытта да «Бәйтерек» шағын ауданынан баспана салу мақсатында 3800 гектар аумақ ашу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегінде тұрған 22 мың азаматтың сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Осыған дейін аталған аудандағы 980 гектар аумақ қажетті инженерлік желілерімен қамтамасыз етіліп, 6600 азаматқа үлестірілген еді. Бүгінде осы аумақтан қосымша 150 гектар жер телімі әзірленіп, инженерлік желілерінің жобасы дайындалды. Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыру арқылы жер кезегінде тұрған 1 267 адамның сұранысын қанағаттандыру жоспарланды.
Сонымен қатар, алдағы уақытта тұрғындар тілегіне сәйкес жол, ауызсу және жарық мәселесі жиі көтеріліп келген «Сабалақ», «Эдельвейс», «Орбита» сая­жай қала аумағына енгізілмек. Бұл мақсат та – бас жоспардың бір бөлігі. Осылайша аталған саяжайлардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту үшін бюджеттен қажетті қаржыны еш кедергісіз бөлуге мүмкіндік туады. Бұдан 5 жыл бұрын қала халқының саны 240 мың болса, 2025 жылға дейін 310 мыңға жетеді деген болжам бар. Бас жоспардағы түзету бойынша қала аумағы 14 шағын ауданға бөлінді.
Бас жоспардағы өзгеріс шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Оның нәтижесін бүгінгі қаланың күн өткен сайын құлпырып, гүлденуінен-ақ байқауға болады. Ал, алдағы уақытта бұл жоспардың Сыр шаһарының тарихи жобасы боп қаларына сенім мол.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
08 тамыз 2018 ж. 1 099 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 174

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930