» » Жаңғыру төлқұжаттан басталса...

Жаңғыру төлқұжаттан басталса...

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласында еліміздің рухани түлеуі үшін ең басты қағидаларды көр­сетіп берді. Қазіргі таңда, ұлттық кел­бетімізді нақты айқын­дай­мыз десек, ата-тегі­мізді бір ізге түсіруіміз қажет екенін уақыттың өзі алға тосып отыр.
Еліміздің қазіргі тілдік-ономастикалық кеңіс­тігіндегі ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін ұлттық дәстүрге сай рәсімдеуде маңызды мәселелер көтерілуде. Мұның өзі біріншіден, азаматтардың қоғамдық белсенділігін көрсетсе, екіншіден, аты-жөніміздің дұрыс рәсімделуіне алаңдаушылық білдіруде. Өйткені, қазіргі кезде нөлдік үлгідегі аты-жөндер көп жағдайда шатастыруға әкеліп соғады, яғни есімі қайсы, тегі қайсы екенін бірден анықтай алмайсың. Сондай-ақ, аты-жөніне қарап, мысалы Азат Серік, Мұрат Марат және тағы басқалар.
Дүниежүзі халықтарының қайсысын алып қарасақ та барлығының фамилиясына жалғау қосылған. Себебі, фамилиясын анық­тау үшін жалғау қосылған, әкесінің атына да жалғау жазылған. Тәуелсіздік алғаннан кейін төл­құжа­тымыз бен куәлігімізге, мысалы айтқанда Нау­рызбай Махмұт Дүйсекұлы, Наурызбай Махмут деп жазу қалыптасты. Наурызбай Махмут деп жазылған төлқұжатты оқығанда қайсысы атасы, қайсысы өзінің аты екені айыра алмаймыз. Адамның тегін анықтау үшін міндетті түрде «ата» жалғауы қоса жалғанса, атасының да, әкесінің де кім екенін анықтау қиынға соқпас еді.
Мәселен, дүниежүзі халқы атасының атына міндетті түрде жалғауды пайдаланады. Жалғау жалғанбаса тегі айқындалмайды. Қазақ халқында ерте заманнан әкенің әкесін «ата» деп айту қалыптасқан. Тілі жаңа шыққан баладан: «Әкеңнің әкесін кім деп айтасың» деп сұрасаңыз, ол мүдірместен «ата» деп жауап береді. Яғни, біздің қазақта туа біткеннен әкесінің әкесін ата деген. Біз тегімізді сол атамыздан аламыз. Сондықтан, төлқұжатымызға да міндетті түрде ата жалғауы жалғануы керек. Сонда ғана төлқұжат иесінің атасы кім екені айқындалады. Бұл айналып келгенде адамның тегін бүгінгі уақыт талабына сай жазбаша рәсімдеуге өзінен-өзі сұранып тұр.
Мәселен: Наурызбайата Махмұт Дүйсекұлы болып жазылса, «ата» жалғауы арқылы Наурызбай төлқұжат иесінің атасы екенін білдіреді және жаңа түзілген фамилиямыз арқылы Қазақ мемлекетінің өкілі екенімізді бірден аңғартар еді.
Қазіргі кезде азаматтарымыздың аты-жөндерін реттеуде республиканың құжаттаушы орындары (АХАТ, ХҚКО) 1994 жылдың 5 ақпанында «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Қазақстан Республикасындағы қазақ азаматтарының есімдері мен әке аттары және фамилия­ларын реттеу туралы Тұжырымдамасын» басшылыққа алып, сол бойынша жұмыс істеп келеді. Одан бері де міне, арада біршама жыл өтті. Заман да, қоғам да өзгерді. Рухани жаңғыру жалпыламадан гөрі жалқы сипатқа ие болды. Сондықтан елімізде ұлттық мінезге, ұлттық мәселеге, ұлттық салт-дәстүрге, ұлттық сипатқа барынша батыл мән, басымдық беру керек. Егер біз шын мәнінде рухани жаңғырамыз десек, осы мәселені халық арасында кеңінен талқыға салатын кез жетті. Латын әліпбиі халық талқылауынан өтуі соның жарқын бір мысалы. Кеңестік дәуірден келе жатқан санадан құтылу үшін біз алдымен ата-тегімізді бір жүйеге түсіруден бастауымыз керек. «Ян», «швили», «адзе», «ко», «ский» деген жалғауларын жалғаған басқа ұлт өкілдерін жер шарының қай түкпірінде жүрсе де оп-оңай ажырата алады. Қазақ елінде де рухани жаңғыру ең алдымен осындай ұлттық құндылықтардан бастау алуы керек.
Өзіміздің төлқұжатымыздың толтырылуына келер болсақ, қазақ грамматикасы мен хрестоматиясында «кім» деген сұрақ тек адамға қойылады. Олай болса төлқұжат толтыру тізбегі төмендегідей болу керек, нақтырақ айтқанда атасы, аты, әкесі. Фамилия деген сөздің түп мағынасы – ата. Содан соң «имя» өзінің аты, «отчество» әкесінің аты болады.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген «Қазақ азаматтары аты-жөнінің емле ережелері жайлы нұсқаулық» әлі заңнамалық айналысқа түскен жоқ. Қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуіне байланыс­ты 2021 жылдан бастап ұлты қазақ әрбір азаматтың аты-жөні төлқұжатында латын графикасында жазылатын болады. Сондықтан уақытты оздырмай аталмыш ережені нормативтік-заңнамалық құжат ретінде айналымға енгізу іс-шарасын созбалаңға салмай, ел талқысына ұсынылу керек. Бұған латын графикасын қабылдау кезіндегідей тіл мамандары белсенділік танытып, талқылау барысында ұсыныс-пікірлерін білдіріп жатса құба құп болар еді. Ал, біз сөз етіп отырған қоғамдық пікір көпшілік сипатқа ие болатынына сенеміз.
Қазақ халқының біртұтас ұлт болып жара­тыл­ғанын білдіретін «ата» сөзі құлаққа жылы тиеді. Бұған қоса, ежелден жеті атаға дейін қыз алыспайтын берік дәстүріміз тағы бар. Ұрпаққа қан тазалығы ата-тегі арқылы берілетін медицина тұрғысынан дәлелденген.
Қазақ халқы ататегіне жазылғанда біз не ұтамыз? Біріншіден «Ата» жалғауына қазақ халқы бір атаның балалары екенін білдіреді. «Ата» сөзі қазақ ұлтының «тайға таңба басқандай» таңбасы. Сондай-ақ, ұлтымыздың жүзге бөлінбеуіне басты бастамасы болады. Қазақ халқын тілін және дінін қадірлеуге ықпал етеді және қазақ мемлекетіндегі басқа ұлт өкілдерінің бастаушысы болады. Тіпті, Қазақ елі болмаған деп көкірегін кергендерге табанды ел екеніміздің нақты дәлелі болатыны рас. Сондай-ақ, ұлтымыздың әдет-ғұрпын сақтауға, қадірлеуге мол әсерін тигізеді.
Сіздер не дейсіздер, құрметті оқырман? Ой қосыңыз, пікір айтыңыз, ұсыныс білдіріңіз. Рухани жаңғыру – сана сілкінісінен туады. Ендеше, санамызды сілкіп көрелік.
Рахымберді ДҮЙСЕКОВ,
еңбек ардагері,
Қапшағай қаласы.
24 тамыз 2018 ж. 709 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 167

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930