СӨЗ ҚАДІРІ

 
1997 жыл. Алматының газет-журналын қанша шарласам да пешенеге бір жұмыс бұйырмай жүрген кез. Мерзімді басылымнан көңілім қалып, «Қазақ радиосының» табалдырығын аттадым. Аттап қана қоймадым, ақпарат бөліміне сынаққа қабылдандым. Кезекті жұмыс күнінде бөлім меңгерушісі, жазушы Ақселеу Сейдімбековтен сұқбат алуымды тапсырды. Ы.Алтынсарин атындағы мұғалімдердің білім жетілдіру институтына күнде хабарласам. Қабылдау бөліміндегі хатшы телефон шалған сайын бір сылтау айтады. Күнде ертеңмен жүргенде арада ай өтті. Әлі есімде.
Сол кезде Қазақстанның бірқатар зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылары Меккеге қажылыққа аттанып жатты. Олардың арасында қаламы қарымды А.Сейдімбеков те бар болатын. Тағы күтуіме тура келді. Күттім де. Бірде ұзынқұлақтан қажылыққа кеткендердің елге оралғанын естідім. Ести салысымен салмағы 4 келі 800 грамм болатын репортерді арқалап, институтқа келдім. Қабылдау бөліміндегі қыз: «Кімсіз, қандай шаруамен жүрсіз?» деп жолымды кескестеді. «Қырық сылтау айтып, кездестірмей қояр, не болса да қазір сұқбат алуым керек» деген оймен, бас директордың кабинетінен бір-ақ шықтым. Иықтағы репортерді түсіріп, микрофон мен кассетаны дайындай бастадым. Менің қылығым ерсі көрінді ме, төрде отырған А.Сейдімбеков: «Әй-шәй жоқ, шешініп жатқаның не?» – деді өктем. Бөлмесіне баса-көктеп кіріп, рұқсатынсыз репортердің былғары қабын шешіп жатқанымды жақтырмады білем. Мен де қайтпадым: «Аға, уақытыңызды көп алмаймын. Әрі кетсе, 5-10 минут» дедім. Сөйтіп, екеуара сұқбаттасып отырғанда 40 минут өтіпті. А.Сейдімбеков тәуелсіздік, елдің бірлігі, имандылық жайында әңгіме тиегін ағытты. Түйдек-түйдек сөйлейді. Манағы сұсты келбетінен жұрнақ қалмаған. Екі беті нарттай қызарып, сөзді еркін еседі. Әңгіменің соңына қарай: «Аға, Меккеден келгеніңіз кеше. Бата сұрасам бола ма? – дедім. Маған риза сезіммен қараған ол, екі алақанын жайып, қуана ақ батасын берді.
Қазақтың біртуар перзенті А.Сейдімбеков мінезді адам болатын. Білімді, талантты адамдардың мысы басып тұратын әдеті. Бұған дейін біраз әріптеске тапсырылғанымен нәтиже болмаған соң, жаңадан жұмыс сұрап келген мен оң жамбасқа түскендеймін. Оны кейін білдім.
Әсілі, сүбелі сөзге жаны семіріп, арзан сөзге жүрегі ауыратын қазақтай ұлт болмас. Тарихта сөздің сыры мен сиқырын жыраулардан асып ешкім айтпаған. Қазақ мемлекеті құрыла бастағанда сол жырау бабаларымыз хан мен қараның ортасындағы алтын көпірі болды. Халықтың рухын көтеріп, ел бірлігіне қызмет етті. Ордалы ой айтып, сөздің нарқы мен парқын көтере білді. Сондай ғұламаның бірі, тарихта «Асан Қайғы» деген атпен әйгіленген Асан Қайғы Сәбитұлы қазақ халқының сана-сезімін, өмірге деген көзқарасын жаңа сатыға көтерді. Дала философының: «Таза мінсіз асыл тас – су түбінде жатады. Таза мінсіз асыл сөз – ой түбінде жатады» деген даналығы бүгінгі ұрпаққа жетсе, «Түгел сөздің түп атасы» Майқы биден басталған дала қайраткерлері өздерінің ділмарлығымен, шешендігімен, сөзшеңдігімен ел жадында сақталып қалды. Олар біреудің талабымен емес, жүрегінің қалауымен халқын ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырды. Қазақ қашан да уәж сөзге тоқтаған. Сондықтан, тілмен күрмегенді тіспен шешу мүмкін емес екенін жақсы білген. «Бас кес­пек болса да – тіл кеспек жоқ», «Тіл – тас жарады, тас жармаса – бас жарады», «Жүйелі сөз – жүйесін табады, жүйесіз сөз – иесін табады», – деп сөз қадірін ардақтаған.
Сөз қадірін – өз қадірі деп ұғынған халқымыз, тегінде кеңдік пен кемеңгерлікті, ерлік пен көсемдікті бірауыз сөзге сыйғызған. Ұлтымыздың тарихы мен тәмсілі, өмірі мен өнері, тәлімі мен тәрбиесі сөз де жатыр. Сайланып тұрған жауды да, байланып тұрған дауды да сөзбен тоқтатып, түйінін тарқатқан. Қауып сөйлегеннің емес, көп арасында тауып сөйлегеннің бәсі жоғары болған. Қазақ қоғамында қашан да дәйекті, ұтқыр, тауып сөйлеу – үлкен маңызға ие. Кісілігі кемелденген, парасат-пайымы мол адам ғана сөйлей алған. Дана Абай айтқандай: «Қиыннан қиыстырар ер данасы». Тиісінше, ел де қисынды, қызықты, айшықты сөзге ұйып, ықыласымен тыңдаған. Алтын, гауһардың асыл саналуы – оның аздығынан. Қоспасыз, құрамының тазалығынан. Қысқа, қоспасыз таза сөз де сол алтын, гауһардай бағалы, қымбат келеді. «Жақсы – байқап сөйлейді, жаман – шайқап сөйлейді», «Жақсы сөйлесе – аузынан нұр төгіледі, жаман сөйлесе – аузынан жын төгіледі», «Басқа пәле – тілден», – деп сөзге төркін берген. Сөйлей аламын деп абайлап сөйлеу – ақылдың белгісі. Өзің опық жеп, өзегіңді өкініш қарымас және жазықсыздан-жазықсыз біреудің жанына жара салмас үшін – аңдап сөйлеудің мәні зор. Бұл хақында халқымыз: «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі» деп кесім жасаған. Жалған сөйлеу, өсек тасу – адамгершілікке жатпайды. Шын сөйлеу – әдептіліктің, әдеміліктің нышаны. Қазекем сөз арқылы сақтана да білген. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» десе, «Сөйлесем, сөзім – өзіме төре, үндемесем өзім-өзіме төре» деген екен Шығыс классигі Сағди ақын. Бұл тұрғыда Һакім Абай: «Адамның бес дұшпаны бар: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» – деп көрсетсе, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов: «Сөзі жоғалған ұлттың – өзі жоғалады», – дейді.
Сөйлеу – өнер. Шахановша айтқанда: «Кез келгеннің уысына түспейтін, кез келгеннің бақшасында піспейтін» бақ. Себебі, адам сөз арқылы өзін танытады. Жақсы сөз – жаныңды семіртіп, ойды толықтырады. Оның сәулесі күн нұрындай алысқа тарайды. «Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы», демекші қазақ халқының бай ауыз әдебиетіне Кеңес үкіметі дәуірінің ұр тоқпағы тимеді деп айта алмаймыз. Ел басына қанша ауыр күн түссе де, тіліміз бен діліміз аман-есен ұрпаққа жетті. Ұлт зиялылары бай мұрамызды қызғыштай қорғап, ұлт жадында қайта жаңғыртты.
Сөздің – емдік те қасиеті бар. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби: «Емдеудің үш түрі бар: шөппен, отамен, сөзбен» деген екен заманында. Ауырған науқасқа жылы сөз арнап, үміт отын жақсаң – артынша, жадырап сала береді.
Ал, көркем дінімізде: «Сөйлесеңдер жақсы сөз сөйлеңдер немесе үндемеңдер. Сөз таластыру – ұрыс-керіске әкеп соқтырады» делінген. Сөзбен екі жақты пәтуаластыруға да, ажырастыруға да болады. Жақсы сөз – жүрек таза болғанда ғана шығады. Ол үшін жұмыр бастыға ізгілік, әдептілік, имандылық керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде сөз қадірін кетіріп бара жатқандаймыз. Боқтық, былапыт көп айтылады. «Бір адам біреудің анасын боқтаса, ол өзінің анасын боқтаған болып саналады. Ана – асылымыз» деген Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде. Сөзге тоқтау, сөйлей білу – даланың жазылмаған заңы.
Сөз құдіретін сезіндіруге, ықпалын асыруға ықылым заманнан аталарымыз атсалысқан. Аталы сөзді алты жасар бала айтса да айтушысына қарап бағасын берген. Ақылы асса аға деп оған құрметпен қарап, қошеметтеген. Сан ғасыр бойы жырау, би-шешен мен сөз зергерлерінің ортақ қазанынан қайнап шыққан сөз өнерінің бүгінгі құны қандай? Томағасын шешсең, оймақтай ой, тобықтай түйін айтатын жастарымыз бар ма? Әлде бірлі-жарымды шешендік өнер байқауына тоқмейілсіп жүре береміз бе? «Ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды», «Берген перде бұзады», «Алтын көрсе – періште жолдан таяды» деп «кеңдік» танытамыз ба? Сыртыма сыяды деп ажыратып, перде бұзады деп белден басу – ұрпақты улау емес пе? Болмаса, алтынды сылтау етіп періште емес, өзіміз жолдан таямыз ба? О заман да бұ заман, періштеге алтынның керегі қанша? Осы сауал бәрімізді ойлантады. Жастар – біздің болашағымыз. Жаһанданудың оты шарпып тұрған қазіргідей уақытта елдігімізді, салт-дәстүрімізді сақтаймыз десек, бірінші кезекте атадан қалған асыл сөзге абай болайық.
ТҮЙІН
Бірде журфактың бірнеше қыз-жігіті өлеңімізді көрсетеміз деп бума қағазбен Фариза, иә, поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға кетті. Апамыз «Ақ желкенде» бас редактор. Редакцияға кеткендер еңсесі түсіп оралды. Өлеңдеріне көз жүгіткен Оңғарсынова: «Осыны да өлең деп әкелдіңдер ме?», – деп үстелге лақтырып жіберіпті. Кейін олардың қай-қайсысы да ақын болып жарытпады. Есесіне, қаламы жүрдек журналист болды: «Фариза апайға рахмет. Бізге дұрыс жол көрсетті. Әйтпесе, ақын боламыз деген бос қиялға алданып жүре берер ме едік?» – дейді бас қосқанда.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
18 тамыз 2018 ж. 1 697 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 059

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031