Мәслихаттар сайлауы
» » ОЗАТ ЖҮГЕРІ ӨСІРУШІ

ОЗАТ ЖҮГЕРІ ӨСІРУШІ

Дала төсіндегі әрбір жетістік – тынымсыз еңбектің нәтижесі. Бір дақылдың бабын меңгерген диқан үшін екінші дақылды өсіру – жаңа тәжірибе мен ізденісті қажет ететін жұмыс. Биыл күріш өсірумен қатар жүгері алқабында да еңбек еткен Орынбасар Балғабаев жаңа бағытта жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
«Ақтөбе и К» серіктестігінің жұмысшысы Орынбасар Еділбекұлы жылдың қорытындысы бойынша 73 гектар алқаптың әр гектарынан 70 центнерден өнім жинап, ауданның озат жүгері өсірушісі атанды. Еңбегі еленген диқан «Озат жүгері өсіруші» номинациясымен марапатталды. Ол егіншілік саласындағы еңбек жолын күріш өсіруден бастаған. 2015 жылдан бері күріш егу, күтіп-баптау жұмыстарына тұрақты түрде атсалысып келеді. Ал биыл алғаш рет жүгері өсіру ісін қолға алып, жаңа дақылдың қыр-сырын меңгеруге ден қойды. Нәтижесінде, алғашқы маусымның өзінде-ақ әріптестерінен озық шықты.
– Күріш пен жүгері өсірудің өзіндік ерекшеліктері бар. Екеуі де уақытылы күтім мен жауапкершілікті талап етеді. Күріштің суын шамамен алты ай бойы реттеп отырсақ, жүгеріні маусым барысында төрт рет суарамыз. Сонымен қатар зиянкестерден қорғау үшін дәрілеу жұмыстарын жүргізіп, дақылдың жай-күйін үнемі бақылауда ұстау қажет. Жүгері өсіруде арнайы техникалар да қолданылады. Сондықтан әр жұмыстың өз уақытында атқарылуы маңызды, – дейді диқан.
Жүгері өсіру ағамыз үшін жаңа бағыт болғанымен, биылғы маусым оған мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Дақылдың күтіміне ерекше көңіл бөліп, суару мен зиянкестерге қарсы өңдеуді уақытылы жүргізу жоғары өнім алуға негіз болды. Алты адамнан құралған бригада мүшелерінің бірлескен еңбегі де нәтижеге оң әсерін тигізді. Сонда да алдағы уақытта жинақталған тәжірибені жетілдіріп, жүгері өнімділігін арттыруды көздеп отыр.
Ауыл азаматы отбасында зайыбы Аягөз Жанәділовамен бір қыз тәрбиелеп отыр. Шаруашылықтағы тынымсыз тіршіліктен қол үзбейтін диқан үшін еңбек те, отбасы да өмірінің мәні. Күріш өсіруден жинаған тәжірибесін биыл жүгері алқабында жалғастырған ол жаңа дақылдың сырын меңгеріп, әріптестерімен бірге маусымдық жұмыстың жауапты кезеңдерін абыроймен еңсерді. Жердің ырысын еселеп, қамбасын мол өнімге толтыруға үлес қосып жүрген еңбек адамдарының жетістігі осындай нақты нәтижеден көрінеді.
Алан ЕРЕН
25 қараша 2026 ж. 63 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (10557)

24 қараша 2026 ж.

№88 (10556)

21 қараша 2026 ж.

№87 (10555)

16 қараша 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 456
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 569

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30