Егісті әртараптандыру - бүгіннің талабы
Қармақшы ауданында егін шаруашылығын әртараптандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне қатысты семинар-кеңес өтті. Жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен жауапты сала басшылары, шаруашылық төрағалары қатысып, күн тәртібіндегі өзекті тақырыпты жан-жақты талқылады. Ұсыныс, пікірлерін айтты.
ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ "Биыл аймақта су тапшылғына байланысты күріш көлемі 10 мың 900 гектарға аз егілді. Есесіне суды аз қажет ететін, экономикалық жағынан тиімді дақылдарға басымдық берілуде. Мәселен, 11 мың гектар жерге дәнді жүгері егілді. Қазір міне, өздеріңіз көріп тұрғандай дақыл пісті, ораққа түсті."
«Ақтөбе және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл күріш көлемін 300 гектарға қысқартып, дәнді жүгері мен соя еккен. Шаруашылық төрағасы шығым жаман емес. Гектарынан 6-7 тоннадан өнім алып жатырмыз,- дейді.
НҰРЛАН ІЗДІБАЕВ, «АҚТӨБЕ ЖӘНЕ К» ЖШС ТӨРАҒАСЫ "Биыл бірінші рет пробный есебінде ектім. Құс фабрикамыз бар. Соған құрама жем зауытын салсақ осы жүгері дақылын тауыққа қосып беруге жем жасаймыз. Суды күрішпен салыстырғанда 15-20 есе аз тұтынады. Жаздай төрт рет суардық. Бұл тамшылатып суару емес қазір өзіміздің медотпен күріштік алқаптарға ектік.."
Жүгері Сыр диқандары үшін таңсық дақыл емес. Бір кездері облыста 40 мың гектарға дейін егілген. Енді міне, биылдан бастап қайтадан қолға алынып жатыр. Себебі, өңірде жүгеріні терең өңдеуге бағытталған крахмал-сірне зауыты салынуда. Өндіріс орны іске қосылған соң жергілікті шаруашылықтардан жүгері дақылын қабылдай бастайды.
Облыста 2026-2028 жылдарға арналған жүгері егісін ұлғайту жөнінде Жол картасы бекітілді. Осыған сәйкес келесі жылы дақыл көлемін 28395 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Жиында «Таң Лтд» серіктестігінің директоры Имамзада Шағыртаев өзінің тәжірибесімен бөлісті. Шаруашылық биыл мың гектар аумаққа тамшылатып суару әдісімен дәнді жүгері еккен. Нәтижесі жаман емес. Егін шаруашылығын әртараптандыру, ғылыммен, инновациямен ұштастырып, заманауи агротехнологияларды өндіріске енгізу бүгінгі күн талабы. Бұл мол өнім алып, шаруашылықтардың табысын арттыруға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға үлкен мүмкіндік береді.















