БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемін арттырып, егіс алқаптарын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай облыстық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Тұрсынұлы Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімінің орынбасары Шыңғыс Сыдықовпен бірге шаруашылық құрылымдарының басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты», «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламаларының мүмкіндіктері, жеңілдетілген несие алу тәртібі мен тиімділіктері туралы ақпарат берілді.
Алдымен «Ақтөбе и К» серіктестігінің күріш, соя және жүгері дақылдары егілген алқаптарын аралады. Шаруашылық биыл 1182 гектарға күріш еккен болса, әртараптандыру бағытында 160 гектар жерге жүгері, 140 гектарға соя, 595 гектар жоңышқа дақылдарын еккен. Бүгінде егіс алқаптарының жағдайы жақсы. Шаруашылық ұжымы барлық агротехникалық шараларды талапқа сай жүргізіп, биыл мол өнім алуға ниетті. Келесі жылы су үнемдеу техногиясын пайдалана отырып шаруашылық жүгері мен соя көлемін 500 гектарға жеткізіп, құрама жем шығару зауытын салу жоспарлап отыр.
Одан әрі «Достық Жер МК» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралады. Серіктестік биыл 400 гектар жерге күріш, 100 гектарға мақсары, 10 гектарға бақша өнімдері және 200 гектар жерге мал азықтық дақылдарын орналастырған. Басқарма басшысы алдағы уақытта су үнемдеу технологиясын тиімді пайдалануды ұсынды.
Талғат Тұрсынұлы күріш алқаптарының жай-күйімен танысып, алдағы егін жинау науқанына дайындық барысын пысықтады. Шаруашылық басшылығына орақ науқанын уақытылы әрі сапалы жүргізу, техникалардың дайындығын қамтамасыз ету және өнімді ысырапсыз жинап алу мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















