Қазақстанда мобильді интернет әлемдік орташа бағадан үш есе арзан
Қазақстан мобильді интернет тарифтерінің қолжетімділігі бойынша әлемдегі 55 елдің арасында 7-орынға тұрақтады. Елімізде мобильді байланыстың орташа айлық құны шамамен 10 доллар болса, әлемдік орташа көрсеткіш – 27 доллар, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің мәліметінше, қарашадағы рейтингте Қазақстан интернеті жылдам 55 елдің арасында мобильді интернет тарифінің қолжетімділігі жағынан 7-ші орында тұр. Елімізде мобильді байланыс тарифінің орташа құны айына шамамен 10 доллар болса, әлемдік орташа көрсеткіш 27 долларға тең.
Бұл ретте интернет-трафик көлемі өсіп келеді. Байланыс жылдамдығын арттырып, 5G желісін кеңейту үшін операторлар желіге инвестиция салуы керек.
«Балансты сақтау маңызды. Тарифтер халыққа қолжетімді, ал байланыс саласы инвесторлар үшін тартымды болып қалуы тиіс», деп атап өтті Жаслан Мәдиев.














