ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ҰСТАЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕКОРДТЫҚ ЖОБАНЫҢ МАРАПАТЫНА ИЕ БОЛДЫ
Қызылорда қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №211 мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәнінің мұғалімі Танатарова Дәрігүл Қабылбайқызы ұлттық қолөнерді дәріптеуге және халықаралық шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін жоғары марапатқа ие болды.
Дәрігүл Қабылбайқызы – «Өнермен өрілген Қазақстан» және «Жүнмен жазылған тарих» жобаларының Қызылорда облысы бойынша ұйымдастырушысы. Оның жетекшілігімен өңір ұстаздары мен оқушылары аталған ауқымды шығармашылық бастамаға белсенді атсалысты.
Астана қаласында жүзеге асқан «Өнермен өрілген Қазақстан» және «Жүнмен жазылған тарих» жобалары GBR – Global Book of Records халықаралық рекордтар кітабына енді.
Жобаға республика бойынша 500 мұғалім мен оқушы қатысып, жүннен 700-ден астам картина әзірледі. Әр туындының өлшемі 1 метр × 80 сантиметрді құрайды. Ұлттық қолөнерімізді ұлықтап, дәстүрлі өнердің көркемдік мүмкіндіктерін кеңінен танытқан бұл бастама халықаралық деңгейдегі рекорд ретінде тіркелді.
Қызылорда облысының педагогтері Астана қаласында өткен шараға қатысса, оқушылар өз шығармашылық жұмыстарын онлайн форматта ұсынды.
Бұл жетістік – ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, шығармашылық әлеуетті дамытуға және қазақ қолөнерінің халықаралық деңгейде танылуына қосылған маңызды үлес.
@Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі















