МОЛШЫЛЫҚ – МЕРЕЙЛІ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ
Күз – маңдай термен келген молшылықтың, дала еңбегінің нәтижесі таразыланатын шақ. Диқан қауымы үшін төрт мезгілдің ішіндегі осы кезеңнің орны ерекше. Өйткені көктемгі қамдану мен жазғы еңбектің қорытындысы күзгі науқанмен өлшенеді. Ауданымызда да биылғы егін науқаны қорытындыланып, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді.
Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде дәстүрлі «Алтын күз – 2026» мерекесі аталып өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, дала төсінде еңбек еткен шаруалар мен ауыл шаруашылығы мамандарын мерекемен құттықтады.
Құттықтау сөзінде аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 28 қазанда Қазақстан халқына жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерілген ауыл шаруашылығын өркендету мәселесіне тоқталды. Атап айтқанда, өнімді терең өңдеу, заманауи технологияларды енгізу, су ресурстарын үнемді пайдалану бағытының маңызын атап өтті.
Сонымен қатар егін шаруашылығын жетілдіру мен су үнемдеу тәсілдерін кеңінен қолдану жұмысы алдағы уақытта да жүйелі жалғасуы қажеттігін жеткізді.
Биыл аудан бойынша 11 449 гектар жерге күріш егіліп, одан 57 мың тонна өнім жиналды. Сондай-ақ алғаш рет 733 гектар алқапқа дәндік жүгері орналастырылып, 600 гектар егістікке су үнемдеу технологиялары енгізілді. Бұл көрсеткіштер аудан шаруаларының дәстүрлі егіншілікпен қатар, жаңа әдістерді игеруге де ден қойып отырғанын аңғартады.
Мерекеде ауыл шаруашылығы саласында табанды еңбек етіп жүрген бірқатар азамат марапат төрінен көрінді. Оларға облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттары мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы табысталды. Бұл – ел ырысын еселеуге үлес қосқан еңбек адамдарына көрсетілген лайықты құрмет.
Биыл ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері облыстық деңгейде де жоғары бағаланды. Дәстүрлі «Алтын күз – 2026» мерекесінде аудан агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен ауыл шаруашылығы бағытындағы үздік көрсеткіштері үшін «Үздік аудан» номинациясын иеленді. Бұл марапат – аудан диқандары мен шаруаларының бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Күзгі берекенің тағы бір көрінісі – «Дала дәмі – 2026» жәрмеңкесімен жалғасты. С.Сүлейменов көшесінің бойында өткен сауда-саттыққа ауданның кенттері мен ауылдық округтерінен шаруалар қатысып, 48 автокөлікпен 105 тоннадан астам өнім жеткізді. Жәрмеңкеде 21 тонна ақ күріш, 72 тонна бақша, көкөніс және жеміс-жидек, 5,3 тонна балық, 0,8 тонна ет пен ұлттық тағамдар, сүт өнімдері, бал, кондитерлік бұйымдар және үй жағдайында дайындалған түрлі өнімдер ұсынылды. Сонымен қатар 5 тонна мал азығы (жем, күріш қалдығы), 1300 дана мал азығы және 10 бас қой-ешкі саудаға шығарылды. Аудан әкімі Жандос Еркінбек, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері жәрмеңкені аралап, жергілікті шаруалардың өнімдерімен танысты. Шарада өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, сауда алаңына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Осылайша, «Алтын күз» мерекесі мен «Дала дәмі» жәрмеңкесі бір-бірін толықтырған берекелі іс-шараға айналды. Жыл бойы төгілген тердің нәтижесін бағалап, еңбек адамдарын ұлықтаса, екіншісі сол еңбектің жемісін көпшілікке ұсынып, жергілікті өнімнің мол мүмкіндігін көрсетті. Қармақшыдағы күзгі мерекелердің мәні де осында – ел ырысын еселеген еңбекке құрмет көрсетіп, берекені ортақ игілікке айналдыру.
Бауыржан ЖҮНІС















