ЕГІНЖАЙДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ОРАҚ
Жыл бойы маңдай терін төккен диқан қауымының еңбегі ақталатын жауапты кезең басталды. Бұл – дала төсіндегі тынымсыз еңбектің нәтижесі сараланып, ел ырысы еселенетін берекелі шақ. Көктемде жерге себілген әрбір дәннің жайқалып, күзгі өнімге айналуының артында диқанның төзімі, тынымсыз еңбегі мен жауапкершілігі жатыр. Осыған орай жақында Ақжар ауылында егін жинау науқанына арналған «Алғашқы орақ – 2026» салтанатты іс-шарасы өтті.
Жиында аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерін жауапты науқанның басталуымен құттықтады.
– Егін егу – үлкен еңбек болса, оны ысырапсыз жинап алу одан да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Алдымызда аса маңызды егін жинау науқаны тұр. Осы кезеңде барлық шаруашылықтар мен жауапты мекемелер ұйымшылдық танытып, техникалардың дайындығына, еңбек қауіпсіздігіне және жиналған өнімнің ысырапсыз сақталуына ерекше назар аударуы қажет. Сол себепті де осы кезеңде әрбір шаруашылықтың ұйымшылдығы мен еңбек тәртібі айрықша маңызға ие болмақ. Ауданымызда егін жинау науқаны сәтті өтіп, әрбір шаруашылықтың қамбасы астыққа толып, елдің ырыс-несібесі арта беруіне тілектеспін, – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, биыл аудан бойынша 25231 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның ішінде негізгі дақыл – күріш 11449 гектар алқапқа егілді. Сонымен қатар су тапшылығы жағдайында су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 600 гектар егістік алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылуда.
Бұл көрсеткіштер аудан шаруаларының егін шаруашылығын дамытуға және су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізіп отырғанын көрсетеді. Әсіресе Сыр өңірі үшін күріш өсірудің орны бөлек. Сондықтан әрбір гектардан алынатын өнімнің мол болуы ғана емес, оны шығынсыз жиналып, сапалы сақталуы да шаруалар үшін маңызға ие.
Мерекелік салтанатта аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, «Ораз ахун ЛТД» ЖШС директоры Жомарт Жалғасбаев ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің ел ырысын еселеудегі еңбектеріне тоқталып, ақжарма тілектерін білдірді.
Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген мамандар үшін егін жинау мезгілі – жыл бойғы еңбектің қорытындысын шығаратын уақыт. Таңның атысынан күннің батысына дейін егіс алқабында жүрген механизатор, комбайншы, агроном, жүргізуші және басқа да дала ерлерінің әрқайсысының жұмысы науқанның нәтижелі өтуіне өз септігін тигізеді. Осы тұрғыдан алғанда «Алғашқы орақ» рәсімі – еңбек адамдарына көрсетілген құрметтің бір белгісі.
Іс-шарада ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, «Ақ әжелер» ансамблі мен аудан өнерпаздары өнер көрсетті.
Дәстүрлі түрде өтетін бұл мереке – еңбек адамдарын жігерлендіретін тағылымды шараның бірі болды. Ақ батамен басталған науқанның әрбір күні абырой мен толағай табыстарға толы болғай.
Нұрилаәсем ТҰРМАХАНОВА

















