БЕРЕКЕЛІ ЕГІН – МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ
Ауданда ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар қарқын алып, биылғы егін жинау науқанына дайындық пысықталуда. Осыған орай аудан әкімі Жандос Еркінбек Ақжар және ІІІ Интернационал ауылдық округтеріне жұмыс сапарымен барып, егіс алқаптарында атқарылып жатқан жұмыспен танысты.
Аудан басшысы алдымен Ақжар ауылдық округіндегі «Ораз ахун ЛТД» ЖШС-нің егіс алқабына барды. Шаруашылықтың жалпы егістік көлемі 1781 гектарды құрайды. Биыл мұнда 866 гектар жерге күріш, 43 гектарға жүгері, 110 гектарға мақсары, 110 гектарға судан шөбі, 646 гектарға жоңышқа және 6 гектарға бақша дақылдары егілген. Жұмыс барысында шаруашылықтың жауапты мамандары аудан әкіміне жүргізілген агротехникалық шаралар, егіс алқабының қазіргі жағдайы және алдағы жоспар жөнінде баяндады. Егіннің бітік шығуы мен өнімділікті арттыруда уақытылы әрі сапалы атқарылған агротехникалық жұмыстың маңызы зор екені айтылды.
Сапар ІІІ Интернационал ауылдық округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығының егіс алқабында жалғасты. Шаруашылықтың жалпы егістік көлемі 714 гектарды құрайды. Оның 376 гектарына күріш, 3 гектарына картоп және бақша дақылдары, ал 335 гектарына жоңышқа егілген. Аудан әкімі егіс алқабын аралап, шаруашылық басшыларымен пікір алмасты. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы орны ерекше екеніне тоқталып, егін жинау науқанына дайындықты жүйелі жүргізудің маңызын атап өтті.
Жандос Еркінбек жауапты тұлғаларға егіс алқаптарындағы жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар шаруашылық басшыларына алдағы науқанға тиянақты дайындалып, техникалар мен қажетті құрал-жабдықтардың әзірлігін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Жалпы, ауданда егін шаруашылығын дамытып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру жұмыстары жалғасуда. Егіс алқабындағы қазіргі қарбалас кезең – диқандардың маңдай тері мен еңбегінің нәтижесі айқындалатын маңызды уақыт. Сондықтан әрбір шаруашылық үшін егін жинау науқанын сапалы ұйымдастырып, мол өнім алуға барынша күш салу басты талап болып отыр.
«ҚТ» ақпарат

















