«АЛТЫН КҮЗ – 2026»
Бүгін Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы саласының қорытындысына арналған дәстүрлі «Алтын күз – 2026» мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерін тағылымды мерекемен құттықтады.
Өз сөзінде аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жылдың 28 қазанында Қазақстан халқына жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерілген ауыл шаруашылығын өркендету, өнімді терең өңдеу, заманауи технологияларды енгізу және суды үнемді пайдалану мәселелеріне ерекше тоқталып өтті. Сондай-ақ егін шаруашылығын жетілдіріп, су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Биыл ауданымызда 11 мың 449 гектар жерге күріш егіліп, 57 мың тонна өнім жиналды. Алғаш рет 733 гектар алқапқа дәндік жүгері егілсе, 600 гектар егістікке суды үнемдеу технологиялары енгізілді.
Мерекелік іс-шара барысында ауыл шаруашылығы саласында еселі еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға облыс әкімінің және аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет» грамотасы табысталды.
Салтанатты кездесу соңы аудан өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты. Әсем ән мен күмбірлеген күйге толы кеш жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетсек, биыл киелі Қармақшы ауданы дәстүрлі өткізілетін облыстық «Алтын күз – 2026» мерекесінде ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы жоғары көрсеткіші үшін «Үздік аудан» номинациясын иеленді.















