ҚОЛӨНЕР – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ КӨРІНІСІ
Қызылорда қаласында өткен «Алтын күз – 2026» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі аясында Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі «Қолөнер – ұлттық рухтың көрінісі» атты көрмені көпшілік назарына ұсынды.
Көрмеге қойылған қолөнер туындылары халқымыздың бай мәдени мұрасын, ұлттық болмысын, көркемдік талғамы мен шеберлік дәстүрін айшықтады. Әрбір бұйымнан ата-бабадан мирас болған өнердің өнегесі мен ұлттық нақыштың айрықша үйлесімі көрініс тапты.
Көрмені Қызылорда облысының әкімі М.Ергешбаев пен қала тұрғындары тамашалады. Ұлттық өнердің сан қырын танытқан туындылар көрермендердің қызығушылығын оятып, халқымыздың рухани құндылықтарына деген құрметін арттыра түсті.
Қолөнер – ұлттың тарихы мен рухын сабақтастыратын асыл мұра. Оны дәріптеу – өткенге тағзым, келешекке аманат.

















