РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ
Бүгін 25 қазан – Республика күніне орай Рәміздер алаңында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Ұлттық мерекеге арналған салтанатты іс-шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудан тұрғындары, бөлім, мекеме қызметкерлері, ардагерлер мен жастар қатысты.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көкке көтеріліп, Мемлекеттік Әнұран орындалды.
Мерекелік жиында аудан әкімі Жандос Еркінбек жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтап:
-Осыдан 35 жыл бұрын, 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз тәуелсіздігін жариялап, жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Сол егемендік жол қазір тәуелсіз, қуатты, бірлігі бекем мемлекетке айналған Қазақстанның жаңа дәуірін қалыптастырды.
Мемлекеттік Ту – Тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің көрінісі. Бүгінгі Ту көтеру рәсімі – Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметтің дәлелі. Әрдайым осылай көк байрағымыз көгімізде желбіреп, тәуелсіздігіміз нығая берсін!
Осынау айтулы мерекеде барша азаматтың шаңырақтарына шаттық тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,- деді.
Тағылымды іс-шара аясында мемлекеттік қызметке қабылданған азаматтар елге адал қызмет етуге ант етті.
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасвп, өнерпаздар орындаған патриоттық әндер жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Республика күні – тәуелсіздігімізді дәріптейтін, халқымыздың бірлігі мен ортақ құндылықтарын ұлықтайтын айрықша мереке. Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы, көк байрағымыз мәңгілік желбірей берсін!
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















