«ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ТҰҒЫРЫ БИІК - ҚАЗАҚСТАН»
Азаттықтың ақиқаты мен Тәуелсіз мемлекеттің тұғырын айқындаған ұлттық Республика күні тарихымыздағы орны бөлек мереке. Осы айтулы күнге орай бүгін Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.
Мерекелік іс-шарада аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, айтулы күннің тарихи маңызын атап өтті.
«25 қазан – халқымыздың егемен ел болуға бет алған күн. Осыдан 35 жыл бұрын, 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз Тәуелсіздігін жариялап, «Егемен ел» ретінде жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Сол күннен бастап Қазақстан өз жолын айқындап, еліміздің саяси, экономикалық, мәдени тәуелсіздігі қалыптасты. Біздің ең басты байлығымыз – еліміздің тыныштығы және халықтың бірлігі. Осы құндылықтарды келер ұрпаққа аманат ету – бәріміздің азаматтық парызымыз. Сіздерді мерейлі мерекелеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз жана берсін»,- деп құттықтаған аудан басшысы киелі Қармақшының даму қарқынын ерекше атап өтіп, аймақ басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларды да жеткізді.
Салтанатты басқосуда ауданның дамуына, мәдениеті мен руханиятының өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азамат облыс әкімінің және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Айбынды мерекені айшықтаған мазмұнды кездесу концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары өздерінің әсем әні, мың бұралған биімен көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кетсек 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бүгінде бұл күн бірлігімізді дәріптейтін, егемендіктің қадірін ұғындыратын маңызды мереке ретінде аталып келеді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
















