«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026»: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕР АПТАЛЫҒЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ «ҚОРҚЫТ АТА» КЕСЕНЕСІНДЕ
«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы аясында еліміздің әр өңірінен және көршілес мемлекеттерден келген еріктілер «Қорқыт Ата» мемориалдық кешеніне зиярат етті.
Қасиетті мекенге табан тіреген қонақтар қазақ халқының рухани мұрасымен танысып, түркі әлеміне ортақ ұлы тұлға Қорқыт бабаның рухына Құран бағыштады.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қонақтарды қарсы алды. Сонымен қатар қатысушыларға концерттік бағдарлама ұсынылып, ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміз дәріптелді.
Айта кетсек 19–23 қазан аралығында Қызылорда облысында өтіп жатқан «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Апталыққа Қырғызстан мен Өзбекстаннан және еліміздің 10 өңірінен келген 100 волонтер қатысып отыр. Бағдарлама аясында қатысушылар тәжірибе алмасып, экологиялық бастамаларды талқылап, Арал өңірінің табиғатын сақтауға бағытталған жұмыстарға атсалысуда.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















