ҚЫЗЫЛОРДАДА «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕР АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ
Бүгін «Құзыреттілік орталығында» Арал өңірінің табиғатын сақтауға және экожүйесін қорғауға бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының ашылу рәсімі өтті.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды.
Ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Тоғжан Зейденова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Вера Ким, Жанар Бимұратқызы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Наурызбай Байқадамов, Өзбекстан, Қырғызстаннан және еліміздің барлық өңірінен келген 100 волонтер, 500-ден астам белсенді студент пен ерікті жастар қатысты.
Данияр Жаналинов басқосудың Сыр өңірінде өтуі және апталықтың «GREEN ARAL» деп аталуы айрықша мәнге ие екенін айтты.
«Бұл – қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және Арал өңірінің тағдырына ортақ жауапкершілікті сезінуге үндейтін маңызды бастама. Арал мәселесі еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің назарында. Табиғатқа жанашырлық танытып, экологиялық түйткілдердің шешіміне үлес қосу – баршамызға ортақ міндет. Сыр еліне келген сапарларыңыз сәтті, жүздесулеріңіз мазмұнды, бастамаларыңыз нәтижелі болсын!», – деді Данияр Еренғалиұлы.
Сондай-ақ, жиында Тоғжан Зейденова, Вера Ким сөз сөйлеп, Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып берді.
Қоғамдық жұмысты белсенді атқарып жүрген азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, апталықтың негізгі іс-шаралары Арал ауданында өтеді.
«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық апталығы жастардың, қоғамдық ұйымдар мен халықаралық серіктестердің басын қосып, экологиялық волонтерлікті дамытуға және Арал өңірінің табиғатын қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауға жол ашады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

















