«ҮЗДІК ОҚУ ІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – 2026» АУДАНДЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Қармақшы ауданында мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары арасында «Үздік оқу ісінің орынбасары – 2026» аудандық байқауы өткізілді.
Ағымдағы жылдың 13–15 қазан күндері аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткен байқауға басқарушылық қызметте 5–15 жыл аралығында еңбек өтілі бар білім беру ұйымдары басшыларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Байқаудың негізгі мақсаты – оқу процесін тиімді ұйымдастыратын, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсететін, білім сапасын талдай білетін және заманауи оқыту әдістерін меңгерген кәсіби білікті мамандарды анықтау, олардың тәжірибесін таратуға мүмкіндік жасау.
Байқау қатысушылары өздерінің кәсіби біліктілігі мен басқарушылық қабілеттерін үш кезең бойынша сынады. Атап айтқанда, «Кәсіби келбет» кезеңінде өзін таныстырып, кәсіби портфолиосын ұсынса, «Шебер ұстаз» кезеңінде ашық сабақ өткізді. Ал «Шешім қабылда» кезеңінде аналитикалық тапсырмалар орындап, басқарушылық кейстер бойынша өз шешімдерін көрсетті.
Нәтижесінде, байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
І орын – Еспенбетова Анар Марұқақызы, №250 мектеп-лицейі;
ІІ орын – Жиенқұлова Шынар Байдрахманқызы, №279 мектеп-лицейі және Құлманова Ләйля Асылбекқызы, №186 орта мектебі;
ІІІ орын – Байдрахманов Ерсін Байдрахманұлы, №105 мектеп-лицейі, Байрахтарова Дильфура Бакишовна, №108 орта мектебі, Әменова Тұңғышай, №27 орта мектебі және Қазыбаева Гүлмира,№121 орта мектебі иеленді.
Байқау қорытындысы бойынша жүлдегерлер аудандық білім бөлімінің және білім беру қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің дипломдары мен сыйлықтарына ие болды.
Осындай кәсіби байқаулар білім беру ұйымдарындағы басқару мәдениетін жетілдіруге, озық тәжірибелерді насихаттауға және білім сапасын арттыруға бағытталған тиімді алаң болып табылады. Сонымен қатар, оқу ісі жөніндегі орынбасарлардың кәсіби әлеуетін шыңдап, заманауи білім беру талаптарына сай басқарушылық құзыреттерін дамытуға ықпал етеді.

















