» » ШАБЫТТЫҢ МӨЛДІР БҰЛАҒЫ

ШАБЫТТЫҢ МӨЛДІР БҰЛАҒЫ

Қасиетті Қармақшы топырағы жырдың мәйегін сақтаған, талай дарын иелерін дүниеге әкелген, ақын-жыраулардың киелі мекені атанған өлке. Сыр бойының жыршылық, ақындық дәстүрі бүгінгі ұрпаққа жалғасып, аудан көлемінде шығармашылыққа қызығушылық танытқан жастардың басын біріктіріп келеді.
Осы мақсатта 2020 жылы К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің жанынан «Тұрмағамбет ақын» ақындар үйірмесі ашылған болатын. Үйірменің атауының өзі қасиетті өңірде дүниеге келіп, қазақ әдебиеті мен Сыр сүлейлері дәстүрінде өзіндік орны бар Тұрмағамбет Ізтілеуовтің есімімен байланысты. Ақынның мұрасы – жас қаламгерлер үшін үлкен шығармашылық мектеп.
Үйірме – өлеңге қызығушылығы бар жастарды шығармашылық ортаға қалыптастыру, өлеңге, көркем сөзге жақын жас таланттарды анықтау, олардың қабілетін дамыту және ұлттық поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында құрылған.
Ақындық – жүрек пен сөзді ұштастыратын ерекше өнер. Жыраулар өлкесінде бұл өнердің жалғасын табуы – заңды құбылыс іспетті. Бүгінде үйірме жас өрендердің шығармашылық ізденісіне жол ашып, олардың аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі әдеби байқауларға қатысуына мүмкіндік беріп келеді.
Үйірме ашылғалы 6 жыл ішінде бірқатар жас ақындар қанат қақты. Алғашқы жылдары ақын Сырым Әділбеков жетекшілік еткен үйірмеден Бекқанат Смайлов, Қаламқас Жаулыбаева, Ердәулет Орынбасаров сынды жас ақындар шықты.
Жас ақындардың талабын ұштауда жыл сайын дәстүрлі түрде «Аналар, асыл жандар, ардақтылар» атты оқушылар арасында ақындар айтысы өткізіліп отырады. Осы айтыс арқылы әр жылдары жас ақындар Еркебұлан Жалғасбаев, Еркебұлан Серіков, Бекзат Ғалидулла, Ералы Ғалидулла, Жансая Асанова, Диас Тиыштыбай, Айару Нұрлыбек, Фатима Мархабатова, Хамит Аяжан, Қайсар Қарабдиновтардың ақындық өнеріне жол ашты. Сонымен қатар үйірме мүшелері түрлі әдеби кештерге, жыр мүшәйраларына, кездесулер мен көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына қатысады.
Көркемсөз оқу шеберлері Амира Кішкентаева, Айша Бердібек, Аслан Еркін, Айлин Серікбек, Нұрила Аманкелді, Гүлару Жұмағазы, Анель Базарбек, Аяна Жанболат, Гүлсезім Сламбек, Інжу Ерболқызы, Айзере Абушакиевалар белсене қатысуда. Республикалық «Бала-би» журналына жас ақын Гүлім Жолдасбектің өлеңдері жарияланды.
«Тұрмағамбет ақын» ақындар үйірмесінің ұйымдастыруымен қармақшылық ақындарды ұлықтау, олардың өмірі мен шығармашылығын насихаттаудағы «Қасиетті Қармақшы ақын-жырауларын ұлықтайды, ұмытпайды» тақырыбымен бастау алған жоба бүгінгі күні де жалғасын тапқан. Сонымен бірге ақындар үйірмесінде поэзия кештері, көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, жазба ақындар мүшәйралары тұрақты түрде өткізіледі.
Бүгінде үйірме жұмысы мәдениет саласының қызметкері Ақмарал Кішкентаеваның жетекшілігімен жүргізіледі.
– Үйірмеге 10 оқушы тартылған. Олардың барлығы кент орталығындағы мектеп оқушылары. Балаларға дикциясын қойып, сөз саптау, сахна мәдениеті, көркем сөз оқу секілді дүниелерді үйретіп жатырмыз. Қазір оқушыларымыз сахнаға бейімделуде. Жоспарымызға келсек, қазіргі кезде жас айтыскер ақынымыз Диас Тиыштыбаймен Ж.Жабаевтың туғанына 180 жыл толу мерекесіне орай Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өтетін «Жыр алыбы – Жамбыл» тақырыбындағы облыстық жас ақындар айтысына дайындық жүргізудеміз.
Қалай исеңіз, солай майысатын «Баланы – жас шыбық» дейміз ғой. Не нәрсе де балауса, балаң кезінде үйретуге де, баулуға да жеңілірек. Баланың қабылдауы да қиындық тудырмайды. Ұл-қыздарымның әрі қарай да талабын ұштап, талантын ашуға жұмыс істей беретін боламыз. Туған жеріміздің атын әйгілеп, ақын-жырауларымыздың ізін жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеу – үйірменің алға қойған мақсаты. Бұл жолда өзімнің көпжылдық тәжірибемді пайдаланып, бар күш-жігерімді салатын боламын, – дейді үйірме жетекшісі.
Жас ақынның алғашқы жыры – үлкен шығармашылық жолдың бастауы. Сондықтан ақындар үйірмесі алдағы уақытта да талапты жасты қанаттандырып, ауданның ақындықжыршылық дәстүрін дәріптейтін жаңа есімдердің халыққа танылуына себебін тигізе бермек.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
18 қазан 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10547)

16 қазан 2026 ж.

№78 (10546)

13 қазан 2026 ж.

№77 (10545)

10 қазан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 079
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 291

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031