Тұрмағамбет жырлары – жаңа ғасыр көгінде
Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен, Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің К.Рүстембеков атындағы "Жыраулар үйінің" ұйымдастыруымен Сыр сүлейі, тау тұлға ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармашылығын дәріптеу мақсатында өткен "Тұрмағамбет жырлары жаңа ғасыр көгінде" атты аудандық онлайн көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өз мәресіне жетті.
Жыр күмбезін Сыр елінде көтерген, Сыр елінің Фердаусиі болып өтелген, жақұт жырларын ұрпаққа қалдырған, таланты мен тағдырластарын таң қылған, Тұран топырағының жыр жүрегі - Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармаларын насихаттау, болашақ жастардың жадында қалдыру- бүгінгі байқаудың басты мақсаты.
Байқауға аудан көлеміндегі мектептерден 20 талапкер ұсыныс беріп, бақ сынады. Арнайы құрылған қазылар алқасының құрамы, төрайымы- Райымбаева Сәрсенкүл Жаудатбекқызы- ақын, "Қармақшы таңы" газетінің Бас редакторы, Ешбаева Айгерім Бостанқызы- жырау, республикалық байқаулардың жүлдегері, Жұматаева Салтанат Серікбайқызы- Жыраулар үйінің әдіскері, талапкерлердің өнерін саралап, нәтижесінде Бас жүлдемен Берікбол Маржан /79 мектеп/, 1 орынмен Құрманбекова Мақпал /80 мектеп/, ІІ орынмен Мархабатова Шұғыла /29 мектеп/, ІІІ орын Нұргүл Сейітбекқызы /105 мектеп/, және Тасбай Динара /185 мектеп/ өзара бөлісті. Қалған барлық қатысушылар арнайы алғыс хаттармен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сыр өңіріндегі ақын-жыраулардың көкірегінен төгілген жырларын құмның арасынан іздегендей тірнектеп жинап, бұл қымбат қазынаның сыры мен сымбатын жұртшылыққа жеткізу- кейінгі ұрпақтың міндеті. Тарих қойнауында жатқан өз заманының белгілі тұлғалары ақындар мен жыраулар осылайша халықтан өз бағасын ала бермек. Артында сұлу сөз бен өлместей мұра қалдырған атақты дара тұлғаларды қалай құрметтесек те артық етпейді.
Салтанат ЖҰМАТАЕВА
К.Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйінің» әдіскері
К.Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйінің» әдіскері