ТУҒАН ӨЛКЕНІҢ ТӨЛ ТЫНЫСЫ
Аудандық басылымға жазылу басталды. Дәстүрлі науқан тұрғындардың өңір жаңалығынан тұрақты хабардар болуына мүмкіндік беріп, жергілікті баспасөз бен оқырман арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Өйткені ауданның тыныстіршілігін, ел ішіндегі өзекті мәселелер мен игі бастамаларды, еңбек адамдарының жетістігін жариялауда мерзімді басылымның орны ерекше.
Газет – тұтас өңірдің шежіресі. Оның беттерінде ауданның өткені мен бүгіні, әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығы, басқа да саладағы табыстар, қоғамдық өмірдегі жаңалықтары жарияланады. Сонымен қатар ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі насихатталып, көпшілікке үлгі боларлық істер оқырман назарына ұсынылады.
Жазылу науқанына алғашқы болып аудандық ветеринариялық станса мекемесі де үн қосты. Кәсіпорын 2027 жылдың бірінші жартыжылдығына аудандық газетке жазылып, жергілікті баспасөзге деген жанашырлығын танытты.
2012 жылы құрылған ветстансаны білікті басшы Нұрлан Бисенбаев басқарады. Бүгінде мекемеде 64 қызметкер еңбек етеді. Ұжым аудан аумағында ауыл шаруашылығы жануарларының саулығын сақтау, жұқпалы аурулардың алдын алу және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Мамандар малды бірдейлендіру, ветеринариялық-профилактикалық іс-шараны ұйымдастыру және ветеринариялық талаптың сақталуын қамтамасыз ету секілді жауапты міндетті атқарады. Бұл жұмыс мал шаруашылығының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Кәсіпорын ұжымының жазылым науқанына белсенді қатысуы – өзге мекемелер мен ұйымдарға да үлгі боларлық бастама.
Қазіргі таңда 2027 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған газет-журналдарға жазылу науқаны жүріп жатыр. Оған мекемелер мен ұйымдардың, аудан тұрғындарының белсенді қатысуы – туған өлкенің ақпараттық өмірін қолдау саналады. Аудандық ветеринариялық станса ұжымы да жергілікті басылымға жазылып, ортақ іске үлес қосты.
Мекеме басшысы Нұрлан Бисенбаев аудандық басылымның ел өміріндегі маңызын атап өтіп, газет ұжымына ізгі тілегін жеткізді.
– «Қармақшы таңы» – туған өлкенің тыныстіршілігінен сыр шертіп, ел жаңалығын жұртшылыққа жеткізіп жүрген беделді басылым. Халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналған газет ауданның қоғамдық өмірінде өзіндік орны бар ақпарат құралы деп білеміз. Аудан халқына қызмет еткеніне 95 жыл болатын басылымның әрбір жарияланымы көптің көңілінен шығып, оқырманға ой салуға қызмет ете берсін, – дейді мекеме басшысы.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бүгін де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Өйткені жергілікті басылым – ел ішіндегі жаңалықты жеткізіп қана қоймай, өңірдің тарихы мен бүгінін сабақтастыратын рухани құндылық.
Бауыржан ҒАЛЫМҰЛЫ

















