ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚТАН – КӘСІПКЕ
Таң атпай ауыл көшелеріне жаңа піскен нанның хош иісі тарайды. Бірі дастарқанына ыстық нан қойса, енді бірі таңғы асқа самса мен бәліш іздейді. Ал сол өнімдердің артында таңның алғашқы жарығы түспей жатып іске кірісетін жандардың маңдай тері бар. Наубайшылық – төзім мен жауапкершілікті, ұқыптылық пен шеберлікті қажет ететін кәсіп.
Дина Серікбаеваның кәсіпкерлік жолы осыдан қырық жыл бұрын басталған. Көпжылдық тәжірибесі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде ол «Жылдың үздік кәсіпкер әйелі» номинациясының иегері атанған. Ал наубайхана кәсібіне бет бұрып, нан пісіруді тұрақты іске айналдырғанына 18 жыл толып отыр. Алғашында дүкен ашқан ол уақыт өте келе кәсібін кеңейтіп, жолдасы Ералы Жиенбаевпен бірге отбасылық наубайхана жұмысын жолға қойды.
Дина апамыздың нанға деген ықыласы студенттік кезінен басталған. Ауыл мектебін тәмамдап, ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім алып жүрген шағында жолай бөлке нан сатып алуды ұнатқан. Жастық шағын жымия еске алған апамыз студенттік өмірде қарын тойдыратын дәм іздеп, нанға жиі қызығатындарын айтады. Бір кездері жолдан сатып алған бөлке нанның кейін өз кәсібінің негізгі өніміне айналарын ол кезде ойламаған да болар.
Жолдасы Ералы Жиенбаевпен 1988 жылы шаңырақ көтерген Дина Қалымқызы отбасымен бірге еңбек етіп, кәсіптің қыр-сырын меңгерді. Ал 2008 жылы наубайхана ашып, жаңа бағытқа қадам басты. Алғашқы күннен-ақ «Бисмиллаһ» деп іске кіріскен олар ауыл тұрғындарының сұранысын өтеуді мақсат етті. Наубайхананың алғашқы өнімінің бірі – салмағы 650 грамм тартатын үлкен сайкі нан еді. Ол кезде бұл нанға сұраныс жоғары болып, сатып алушылар наубайхана алдында кезекке тұратын. Тұтынушылардың ықыласы мен сенімі кәсіптің алға басуына ықпал етті. Осылайша, күнделікті дастарқаннан орын алатын қарапайым нан отбасының негізгі кәсібіне айналды.
Наубайханадағы жұмыс таңғы сағат 4-те басталады. Ауыл әлі тыныштық құшағында жатқанда, мұнда қамыр иленіп, пеш қыздырылып, алғашқы өнім дайындала бастайды. Қамыр илеу, оның бабымен ашуын күту, пешке нан көму – мұның бәрі уақыт пен төзімді талап етеді. Дина апамыздың айтуынша, наубайханада төрт қыз бірігіп еңбек еткен кезеңде әрқайсысы өз міндетін біліп, тірлікті ұйымшылдықпен атқарған. Күніне 5-6 қазан қамыр илеу де оңай шаруа емес.
Бүгінде наубайханада Азиза, Ләззат, Жазира және Гүлсара есімді төрт нәзік жан еңбек етеді. Олар күнделікті нан мен өзге де өнімдерді дайындап, тапсырыстарды уақытында әзірлеуге атсалысады. Әрқайсысы өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, наубайхана жұмысының үздіксіз жүруіне үлес қосады.
– Кәсіптің оңайы жоқ. Әсіресе, наубайхана жұмысында күн сайын ерте тұрып, қамыр илеп, нанды уақытында дайындау керек. Әр өнімнің бабын табу да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бастапқыда қиындықтар болды, бірақ еңбектеніп, істі үйрендік. Ауыл тұрғындары нанымызды іздеп келіп, көңілдерінен шыққанын айтса, соның өзі бізге қуаныш. Алдағы уақытта наубайханамызды кеңейтіп, жұмысымызды одан әрі дамытқымыз келеді, – дейді кәсіпкер ана.
Бүгінде бір күнде 330 дана нан пісіріліп, таңғы сағат сегізден бастап 13 дүкенге жеткізіледі. Наннан бөлек, самса, қамырдағы сосиска, бәліш пен тоқаш та әзірленеді. Әр өнімнің түріне қарай 100-200 данадан пісіріледі. Мұның бәрі уақытпен санасуды, жұмысты дұрыс ұйымдастыруды және сапаны тұрақты сақтауды қажет етеді. Себебі тұтынушы үшін жаңа піскен, дәмі тіл үйіретін өнімнің орны бөлек.
Еңбекті ортақ іске айналдырған отбасы бүгінде үш баланың ата-анасы, төрт немеренің ата-әжесі. Сексенбай, Жанар және Жансезім есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ерлі-зайыптылар үшін отбасылық кәсіптің маңызы зор. Алдағы уақытта наубайхананы кеңейтіп, жұмыс ауқымын ұлғайтуды жоспарлап отырған олар бастаған ісін одан әрі дамытуды көздейді.
Кәсіпкерлікке 40 жылын арнаған апамыздың өмір жолы табандылық пен еңбектің нәтижесін көрсетеді. Ал наубайханадағы он сегіз жылдық тәжірибе – осы істі тұрақты кәсіпке айналдырып, ауыл тұрғындарының сеніміне ие болудың айғағы. Бір кездері студенттік шақта қызыға сатып алған сайкі нан бүгінде оның күнделікті еңбегінің бір бөлігіне айналды. Бұл – өмір жолының өзіндік сабақтастығы. Өйткені нан – дастарқанның берекесі ғана емес, еңбекпен келген ырыстың белгісі. Ал таңмен таласа тұрып, сол ырысты елге жеткізіп жүрген жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Бауыржан ЖҮНІС
















