ҚАНАТ БІТІРГЕН МАМАНДЫҚ
Өнер – адамға қанат бітіретін рухани күш. Бұл тұрғыда Халық қаһарманы, аты аңызға айналған тұлға, әйгілі өнер иесі Нұрғиса Тілендиев «Музыка – адамзаттың әмбебап тілі ғой. Ол біздің жан дүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық санасалтымызға баулитын сиқырлы күш» деп баға берген. Иә, өнерлі болу кез-келгеннің пешенесіне жазыла бермейді. Себебі ол – туа бітті дарынмен, табиғат берген талантпен келетін сирек қасиет. Осынау адам рухын биікке жетелейтін сиқырлы әлемнің көсегесін көгертіп, өз өрнегін қалдырып келе жатқан жанның бірі – дүроңғарлық Гүлмира Орынбаева.
Гүлмира Ықыласқызы Жосалы кентінде дүниеге келген. Жүз жылдан аса тарихы бар Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектебінің түлегі. Оқу ордасында-ақ музыкаға құштар жас қыз осы саланы болашақ мамандығы санап, 1989 жылы Ресей асып, Орел қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсті. Мәдени қызметкер мамандығын меңгерген ол 2007 жылы жоғары кәсіби білім алуды мақсат етіп, «Болашақ» университетін бітіріп шықты. Бұл аралықта музыка маманы абыройлы қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинады. Атап айтсақ, 1992 жылы Дүр Оңғар ауылындағы музыка мектебінде балаларды аспапқа баулыса, 2001-2004 жылдары ауылдық мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметін атқарды. Ал 2004 жылдан бастап бүгінге дейін №11 бөбекжай-бақшасында бүлдіршіндерді өнерге қанат қақтырып, мәдени іс-шаралар ұйымдастырып келеді.
Дүр Оңғар ауылына жолымыз түскенде музыка жетекшісімен жүздесудің сәті түскен-ді.
– Музыкаға жастайымнан жақын болып өстім. Оңашада анамның ән салғаны құлағымда қалатын. Ата-анам қарапайым еңбек адамдары болса да, өнерді биік қойған кісілер болды. Шаңырақта бауырларымызбен тату-тәтті болдық. Қашан да бір-бірімізді қолдайтынбыз. Отбасында домбыра, баян, гитара секілді аспаптар болды. Үйде ән айтып, аспаптарда ойнайтынбыз. Кейін осы құндылықтар менің мамандық таңдауыма әсерін тигізді. Арнаулы кәсіби мамандықпен 1992 жылы осы ауылға келіп, жұмыс істедім. 1993 жылы ауыл жігітімен отбасын құрып, отау тіктік. Міне, содан бері ауылға қолдан келген қызметімді жасап, еңбек етудемін, – дейді замандасымыз.
Г.Орынбаева бөбекжай-балабақшасында балаларға әнби үйретіп, қимыл-қозғалысты қызықты ойындар ойнатады. Баламен жұмыста бүлдіршіндерді қызықтыру үшін қолдан көрнекілік жасап, жұмыс барысында пайдаланады. Ертегі қойылымында, мерекелік шараларда бұл көрнекілік құралдары бала жанын баурап, іс-шараның мазмұнын байытуға және бөбектердің жылы қабылдауына септігі көп. Оны жасау оңай шаруа емес. Музыка жетекшісінің жасаған көрнекілігін бір қараған адам, қолдан жасағанын өзі айтпаса, зауыттан шыққан бұйымнан ажырата алмас еді. Нағыз кәсіби шеберлік деген осы болар. Ол Алматы облысының Талғар қаласына арнайы барып, қолөнерші Оразбаева Нұрбибі Мейірбекқызынан білім алып, шеберлігін шыңдаған. Білімнің артықтығы болмайтынын білетін ұлағатты жан сол үйренгендерін бөбекжайдың қажетіне жаратып жүр.
Өнер иесі үшін отбасы құндылығы бәрінен қымбат. 1993 жылы танысып, табысқан жары Қайыржан Берденовпен қолұстасып, ұл-қыз тәрбиелеп өсіруде. Берекелі отбасында 2 ұл, 3 қыз өмірге келіп, ерлізайыптыларды бақытқа бөледі. Сенім мен адам қадірі қатар өрілген отбасыға ауылдастары да құрметпен қарайды.
Балалардың тұңғышы Сабыржан М.Мәметова атындағы педагогикалық колледждің сурет-сызу пәнінің мұғалімі мамандығын тәмамдаған. Бүгінде кәсіппен айналысады. Маржан осы оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірсе, Аружан дизайнерлікті меңгеріп шыққан. Айжан «Болашақ» университетінің логопед мамандығының түлегі. Ал Санжар «Орда» жоғары колледжінен автоэлектрик мамандығын бітірген.
– Ұл-қыздарымның алды отбасын құрып, жанұялы. Немерелеріміз бар. Ата-әже атанып отырмыз. Отбасының берекесі мен балаларының амандығы – ана үшін зор бақыт. Жұмыспен қатар отбасын алып жүру – мен үшін үлкен қуаныш. Жолдасым шаруашылықта механизатор болып еңбек етеді. Екеуміз де балаларымызға өмірде білім алу мен адал еңбектің үлгісін көрсетіп келеміз.
Енді өз салама келер болсам, Халық әншісі, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова апамыз «Музыка – адамның жанын тазартатын және биікке жетелейтін ұлы күш» деген екен. Өнер – тұрғанымен тәрбие, рухани байлық. Өнерлі баланың өресі биік болады. Өнер – кімге болсын, күш-қуат береді, алға жетелейді. Арманына самғатады, үмітін жалғайды. Өмірде мамандығымды дұрыс таңдадым деп есептеймін. Қандай іс-шара өткізілсе де, ауызбіршілігін жоғары қоятын ұжымыма және әркез қолдау білдіретін бөбекжай-бақшамыздың меңгерушісі, білікті басшы Рая Мақсатқызына ризашылығымды білдіремін, – дейді кейіпкеріміз сөзін түйіндеп.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
















