ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР
Тәуелсіз, егеменді ел болған соң қоғамда жақсы өзгерістер сәтімен алға басып, дамып келеді. Қазақстан халқы барлық қиындықты төзіммен бастан өткерді. Мемлекет басшысының әр салаға қолдау білдіруінің арқасында еңбек адамдарына деген құрмет те арта түсуде.
Кеңес кезеңінде жемісті еңбек жасаған жолдастарымыз зейнет жасынан асып, қоғам жұмыстарынан да қол үзбей қызмет атқаруда. Солардың қатарында Ағайша Нұрғалиеваның да есімін құрметпен атауға болады.
А.Нұрғалиева 1955 жылы қазіргі Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №29 қазақ орта мектебінің 10-сыныбын бітірген тұста мектеп түлектеріне арналған «Мектептен – өндіріске» деген үндеуіне байланысты кеңшардың егін шаруашылығында сушы-жұмысшы болып еңбекке араласады. Қаршадай қыз бала болса да өзіне бекітілген 25 гектар егін алқабына күріш егіп, 1973- 1975 жылдары қатарынан 52-55 центнерден өнім алуға қол жеткізеді. Осы еңбегінің арқасында «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медалімен марапатталған. Жас та болса өз ісінің шебері атану, ерлікке пара-пар іс еді. Жастарға үлгі болар жетістігін сол уақытта аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінің тілшісі Ибраһим Бекмаханов «Ағайшаның асуы» деген тақырыппен мақала жариялаған болатын.
1976 жыл жас маман үшін қызмет саласының басы десе де болғандай еді. Сол жылы аудандық БЛКЖО комитеті белсенді жасқа зор сенім артып, кеңшардың комсомол ұйымының хатшысы қызметіне сайлайды. Әр қызметтің өз қиыншылығы болады десек, ауыл жастарын комсомол қатарына тарту, комсомолдық билеттерін тапсыру, жастардың басын біріктіріп кеңестер өткізу, іс-шаралар ұйымдастыру – өте ауқымды жұмыстар болатын.
А.Нұрғалиеваның осындай атқарған еңбектері назардан тыс қалмай облыстық, аудандық Орталық Комсомол комитетінің құрмет, мақтау грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталып отырды. «Қызмет адамды есейтеді» демекші, 1980 жылы «Ленин» кеңшарының бөлімшесі болған «Майлыөзек», өз алдына кеңшар болып бөлінеді. Ағайшаның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, осы кеңшардың кадр жөніндегі бөлімнің инспекторлығы қызметіне шақырылады. Жаңадан құрылған кеңшарға халықты тұрақтандыру, жұмыспен қамту мәселелері көп қиындық тудырды. Жұмысшы мамандардың жетіспеуі, тұрақтамауы – елді мекеннің өсіп-өркендеуіне кедергі, қиындық туғызған-ды.
Күн-түн демей, кеңшар басшылығымен бірлесіп жұмыс жүргізгеннің нәтижесінде 50 үйдің үстінде болған шаңырақты 90-ға жеткізген еді. Көшіп келушілердің де саны ұлғая берді. Еңбекпен ұштастыра жүріп Алматы Еңбек Қызыл ту орденді ауыл шаруашылығы институтының «Ғалым-агроном» факультетінен білім алып шығады.
1982 жылы «Майлыөзек» ауылдық округі құрылып, Ағайша алғашқы ауылдық кеңестің хатшысы, 1986-1988 жылдар аралығында ауылдық округтің төрағасы міндетін атқарды. Қарындасымды бақыт көз қиығын салған адам десек те, артық айтпағандық болар. Еліңе пайдаң тисе, ол да бақыт дер едім. Көкке көтерілген ауылдың жасыл желегінің жайқалуы, кірер жолдағы талдардың бой көтеруі, сол кездегі жұмыстар еді. Бригадаларға бөлініп берілген жерлерге шыбық отырғызылып, аяқсу жеткізіліп қаншама тер төгілді. Соның бәрі қаз-қалпында есінде.
Ағайша еңбекті күшпен де, оймен де жасай білген жан. Оның ерінбейтін, шаршамайтын болмысы, не істесе де жан-тәнімен, ауылдың болашағы, жетістігі үшін атқарды. Еселі еңбектің ұйытқысы бола білді. Заман ағымына сай ауыс-түйіс болып, 1988-1993 жылдары «Майлыөзек» ұжымы Жаңақала кеңшарының бөлімшесі болып кете барды.
Ауыл 5 кіші кәсіпорынға бөлінді. Білікті маман осы кәсіпорынның «Жүгері» ұжымының бас есепшісі болып қызмет атқарды. 1993-1994 жылдары «Майлыөзек» кеңшары болып қайта түледі. Шаруашылық қайтадан жанданып, кадр бөлімінің инспекторлық қызметін жалғастырды. Мұнан соң кеңшар жұмысшылары кәсіподағы ұйымының төрағалық қызметіне сайланып, еңбек заңдылықтарына, әлеуметтік көмек түрлеріне мән беріп, абыройлы қызмет атқарып, халықтың алғысына бөленді.
Еңбектен қашпаған мұратқа жетеді, еңбектің қырын білген, сырын да біледі. 1998-2000 жылдары шаруашылықтың бас экономисі қызметіне ауысып, 2001- 2005-те шаруашылық төрағасының орынбасарлығына бекітіледі. Еңбекпен ысылып, қайнаған тіршілік атты өмірде шаруашылықтың қызығы мен шыжығын бастан өткерген азаматтар мен азаматшаларға еріксіз риза боламыз. Қай саланы сеніп тапсырса да, соны орындау жолында шешім шығарып, жол таба білген мұндай жандар сирек кездеседі. Нәзік жан иесі осының бәріне төзді, қиындыққа мойымады, нәтижеге қол жеткізе білді.
Мереке қарсаңында замандасыммен жүздесудің сәті түскен-ді.
– 2006-2008 жылдары ауыл атауы «Алдашбай ахун» болып өзгеріп, шаруашылық төрағасы қызметінде болдым. Қызмет жасаған кездерімнің ауыр кезеңі осы жылдар болды. Ешқандай демеуші жоқ, су мәселесіне байланысты қиындықтар туындады. Дегенмен, жоңышқа өсіріп, 450 гектар ескі, 150 гектар жаңа жоңышқа, 50 гектарға дейін бақша өнімін егіп, жергілікті халықты жұмыспен қамтыдым. Жаңа техника жоқ, аудан көлеміндегі шаруашылықтарды аралап, жоңышқаға техника бөлшектерін алып жүріп жұмыс істегенім есіме түссе, сонша ауылға берілгеніме таңғаламын. Кейін отбасылық жағдайыма байланысты бас агроном қызметіне ауыстым. Шаруашылықтың жағдайы айлық беруге мүмкіндік жасай алмайтын кездері болды. Жұбайым Дауылбай екеуміз шаруашылықта бірге жұмыс жасадық. Бір күні ауыл әкімі шақырып: – Апай ренжімесеңіз, клуб үйінің жұмысын жалғастыра алмадық. 2-3 ай болды, клуб меңгерушісі жұмысты тастап кетті. Соған келесіз бе, басшылық жасауға?, – деді.
Осы кезге дейін қай жерде жүрсем де ауылдың барлық іс-шарасын өткізетін өзім, неге бармасқа деп ұсынысын қабылдадым. 2011-2015 жылдары клуб үйінің меңгерушісі болып еңбек еттім. 2013 жылы зейнетке шықтым, дегенмен, клуб үйінің жұмысын жақсарту мақсатында зейнеттен кейін де жалғастырдым. Клубқа қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сол кездегі аудан әкімі Биғали Қаюповтың қабылдауына кіріп, 150 орындық пен жаңа аппаратура алдым. 20 жылдан астам уақыт сайлау учаскесінің хатшысы, әйелдер кеңесінің төрайымы, ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары қызметтерін атқардым. Ауыл тарихын насихаттауда «Майлыөзек – құтты мекенім» атты кітабым жарық көрді, – дейді ол өмір жолына көз жүгіртіп.
Замандас-қарындасымыз отбасында жолдасымен 4 бала тәрбиелеп өсірді. Балалары жоғары білімді маман ретінде еліміздің көркеюіне өз үлестерін қосуда.
Халқымыздың кемеңгер ақыны Абай Құнанбаевтың «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді» деген қанатты тәмсілі Ағайшаның жүріп өткен өмір жолына куә болуда. Шыбықтай талдың жылдар өте алып бәйтеректей жапырағының жайқалуы, көп жылғы еңбектен тапқан абыройы іспетті. Ол жеке басының қамы үшін емес, ауылдың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматша. Еңбек баспалдағынан бастап лауазымды тұлғаға айналған қайсар қыз. Бүгінде Ағайша Нұрғалиева Қызылорда қаласында тұрады. Қоғамдық жұмыстардың белсендісі. «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі. «Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесі» қауымдастық бірлестігінің төраға орынбасары қызметінде де қажырлы еңбек жасап келеді.
Жақсыбай ЖӘКЕЕВ,
Қызылорда облысының құрметті ардагері,
Қызылорда қалалық әкімшілік жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы

















