Мәртебе төріндегі еңбеккер
qarmaqshy-tany.kz Қазақта «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген қанатты сөз бар. Күріштің бабын тауып, баласындай мәпелеп, дүниежүзілік рекорд жасаған қазақтың диқаны Ыбырай Жақаев болса, артынан ерген ізбасарлары да көпке танымал. Елдің қамын ойлап, оны өркендету жолында аянбай еңбек еткен жанның бірі – Садық Ермаханов.
Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз» дейді. Осы орайда елдің құрметтісіне айналған кейіпкеріміздің елге жасаған еңбегі бір төбе. Оны мақаламызда сөз етпекпіз. Алдымен ағамыздың өмір жолына сәл шегініс жасасақ, 1923 жылы бұрынғы Қашқансу ауылдық кеңесіне қарасты Амангелді атындағы ұжшарда, қазіргі Ақтөбе ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Қашқансудағы Абай мектебінде жеті жылдық білім алған. Тағдырдың сынағына ерте түскен Садық ағамыз тоғыз жасында әкесінен, он үш жасында анасынан айырылып, оқуын жалғастыра алмайды. Тіпті қарашаңырақты құлатпай ұстап тұруға шамасы келмей, ауыл-аймақты жағалап туысы Молдахмет Дабыловтың үйін паналайды. Адал ниетті ағасы оның маңдайынан әкесіндей сипап, жас жүрекке жетімдіктің дағын түсірмей ержеткізеді. Тек бір қиыны қатарынан кем болып, кейіндеп қалғаны бәрінен ауыр тиеді.
Ел басына күн туып, сұрапыл соғыс басталған шақта ауылдың үлкен де кіші ерлері елді жаудан азат етуге майданға аттанады. Садық ағамыздың құрдастары да түгел соғысқа кетеді. Тек өзі ауылда бара алмай қалып қояды. Оған себеп, кішкентай бала кезінде ойнап жүріп отқа күйіп, бір қолының тамыры тартылып, семік болып қалғаны екен. Замандастары Отан үшін деп сапқа тұрғанда, оны әлгі кедергі ұстап қалып, жарамсыз еткен. Бұл жағдайға ол қатты қиналып, қатарынан қалып қойғанына қорланып егіле жылапты. Алайда Молдахмет ағасы қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін беріп, өмірдегі өз жолын көрсетеді. Осыдан кейін өзін кемсітіп жүргенін бекершілік екенін түсінеді. Өзге жұрт секілді соғысқа қатыса алмаса да, елге пайдасын тигізуге кіріседі. Мүкіс қолымен кетпен ұстап, жер қазып, егін жинау секілді қат-қабат жұмыстарды атқарады. Осылайша ауылдағы күйзелген шаруашылықты қалпына келтіріп барып ес жияды.
Еңбекке ерте араласқанның пайдасы Садық Ермаханов уақыт өте Сыр өңірі табиғатының қыр-сырына қанығады. Қолынан кетпенін тастамай диқаншылықпен айналысады. 1957 жылы күріш бригадасының бригадирі болып, сол кәсіпті үзіліссіз атқарады. Алғашқы уақытта ол басқарған бригада күріштен жарытып өнім жинай алмайды. Оған әртүрлі себеп кедергі келтірсе керек. Бұл ағамызға естен кетпейтін ащы сабақ болады. Құнарлы жерді қуалап, қыруар шығын да жұмсайды. Ашығын айтқанда жақсы өнімге қол жеткізіп, жұрттың еңбек ақысын төлеу үшін үйіндегі сауынды сиырларын өткізіп жіберген. Есесіне сол жылы егін бітік шығып, бұрын-соңды болмаған өнім жинап, еңбегі ақталады. Егін орағының әр кезеңінде ақ күріштен тау тұрғызып, өзі басқарған бригада абырой биігінен көрінеді.
Садық ағамыз осылайша күріш өсіруге қызығып, бар ынтасын осы салаға арнайды. Күріш өсірудің атасы, Ыбырай Жақаевтың еңбек үлгісін үйренуге көңіл бөледі. Оны өз жұмысына қолданып, жылдар бойы ізденіс үстінде болады.
1970 жылы С.Ермаханов басқарған №3 бригада 350 гектар күріш егіп, егін орағының қорытындысында әр гектардан 43,5 центнерден өнім алады. Негізгі міндеттелген көрсеткіш 29 центнерден өнім жинау болатын. Алайда бұл көрсеткіштен асырып орындайды. Ұжымның бұл еңбегі жоғары бағаланып, бригада жетекшісі Садық ағамыздың омырауына «Құрмет белгісі» төсбелгісін тағады.
Бригада бұл жетістіктен кейін ел байлығын молайтуға, тамшыдай болса да өз үлестерін қосуға бар ынтасымен ұмтылады. Әр жылғы қажырлы еңбек оларға толассыз қуаныш сыйлайды. Осындай зор жетістіктер үшін Садық Ермаханов 1973 жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен наградталады. Бұл құрмет бригададағы бірсыпыра адамдарға да көрсетіледі.
Еңбек ері келер жылда мол өнім алу үшін де қысыжазы егістік басынан табыла білген адам. Сонымен қатар әрбір атқарылған іс агротехникалық талаптарға сай сапалы атқарылуына да көңіл бөлген. Бір жұмысты шала бітіріп, екінші рет оны қайта атқарудан қарамағындағы жұмысшыларды сақтандырып отырған. Әрбір коллектив мүшесін пісенттілікке, ұқыптылыққа, іскерлікке тәрбиелеп, ең бастысы уақытпен санаспай құлшына еңбек етуді үйреткен.
Садық ағамыздың темірдей тәртібінің арқасында ұжым мәртебесі бұрынғыдан да биіктеп, сол жылдары бригада 300, 400 гектар жерге күріш егіп, әр гектарынан 60 центнерден жоғары өнім алып, жүлдегер де атанған. Мемлекет қоймасына бір составқа жуық ақ күріш жөнелтіп, жұрт Садық Ермаханов басқарған №3 бригадаға ризалық ниетпен шынайы алғысын жеткізген. Шындап келгенде бригада аз шығын жұмсап, көп пайда табуды басты нысан еткен. Осылайша табыстың тайқазанын тасытып, елдің атын көпшілікке танытқан. Қарапайым еңбек адамының табыс көрсеткішін салмақтап көрсек, туған еліне деген қосқан үлесі ұшан-теңіз. Көп жыл күріш бригадирі болуы – оның үлкен сенімнің адамы екенін білдіреді.
Садық Ермаханов еңбек еткен жылдары «Еңбек Қызыл ту» ордені, «Лениннің 100 жылдық», «Еңбек ардагері», «Ұлы жеңістің 30-40 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Бүгінде ағамыздың көзін көргендер әрбір жетістіктері мен ел үшін атқарған ісін аузынан тастамай айтып жүр.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ