ҚАРМАҚШЫДА ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТАЗАЛЫҚ КҮНІНЕ ОРАЙ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ ӨТКІЗІЛДІ
Бүгін ауданымызда Дүниежүзілік тазалық күніне орай, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тағылымды акция өтті. Қайта жаңартылған «Дендро саябағында» ұйымдастырылған игі шара барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек бастаған тұрғындар мен белсенді азаматтар тал егіп, елді мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосты.
Тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілген іс-шарада аудан басшысы сөз сөйлеп:
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Таза Қазақстан» бастамасында: «Таза Қазақстан – бұл біздің өмір салтымыз»,- деп атап өтті. Осы сөз -әрбір азаматты табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырған үлкен үндеу. Келешек ұрпақ біз еккен ағаштардың көлеңкесінде ойнап, табиғаты жақсы елде өссін десек, дәл осындай бастамаларды алға тартуымыз керек. Ауданымыздың келбеті – бәріміздің бірлігімізге, еңбекқорлығымызға байланысты. Келешекте де осындай бастамалар өз жалғасын табады деп сенемін. Еліміз аман, ауданымыз гүлдене берсін,- деді.
Сондай-ақ «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көше мен ауладан басталады» деген ұстанымның маңыздылығын атап өткен Жандос Еркінбек тұрғындарды елді мекендегі абаттандыру жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, жасалған дүниені күтіп ұстауға шақырды.
Ауданымызда қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгінгі акция барысында 700-ге жуық тал егіліп отыр. Нәтижесінде, жыл басынан бері аудан бойынша отырғызылған талдардың жалпы саны 4750 түпке жетті.
Көгалдандырумен қатар, елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Биыл аудан аумағында 80 тоннаға жуық күл-қоқыс пен тұрмыстық қатты қалдық тазартылып, арнайы белгіленген орындарға шығарылды. Осы бағытта аудан әкімі туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосып жүрген азаматтарға әрдайым алғысын білдіріп келеді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















