ОТБАСЫ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ
Отбасы күні қарсаңында «Отбасы орталығында» тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Гауһар той», «Алтын той», «Лағыл той», «Інжу той», «Күміс той» мерейтойларына жеткен өнегелі отбасылармен және жас шаңырақ иелерімен кездесті.
Кездесу барысында отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара сыйластық пен шаңырақ беріктігін нығайту мәселелері сөз болып, өңірдегі үлгілі отбасыларға құрмет көрсетілді.
Облыс әкімі өз сөзінде отбасы – қоғамның берік негізі екенін атап өтіп, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген отбасылардың қоғамдағы орнына ерекше тоқталды.
«Сіздер өнегелі ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Барлығыңыз да шынайы құрмет пен мақтауға лайықтысыздар. Шаңырақтың беріктігін сақтап, сыйластық пен мейірімділікті өмір өзегіне айналдырған барша отбасыларға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы.
Тағылымды кездесуге Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылынан бес баланың анасы, сегіз немеренің әжесі Мархабат Шынарбаева да қатысып, өнегелі отбасы ретінде құрметке бөленді. Саналы ғұмырында отбасы бірлігі мен ұрпақ тәрбиесін басты құндылық санап келе жатқан Мархабат Шынарбаева ұрпақтар сабақтастығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және отбасындағы тәлім-тәрбиенің маңызы жөнінде өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу аясында Мархабат Шынарбаеваға отбасы құндылықтарын сақтауға, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қолынан арнайы құттықтау хаты мен арнайы сыйлық табысталды. Бұл – Ақтөбе ауылындағы үлгілі отбасыға көрсетілген құрметтің және отбасы институтын нығайту жолындағы еңбектің лайықты бағасы.

















