«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – 2026»
Елімізде отбасы институтын нығайту, адамгершілік пен рухани құндылықты дәріптеу және бала тәрбиесінде атаананың жауапкершілігін арттыру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Жуырда конкурстың облыстық кезеңі «Құзыреттілік орталығында» қорытындыланып, оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері қатысты.
Аймақ басшысы отбасы – қоғамның алтын діңгегі, ұлттың рухани тірегі екенін атап өтіп, қатысушыларға ризашылығын білдірді.
– Баршаңызды отбасы құндылығын ұлықтап, шаңырақтың шырайын, ұрпақ тәрбиесінің өнегесін дәріптейтін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің қорытындысымен шын жүректен құттықтаймын.
Жыл сайын әр аймақтан өнегелі отбасылар байқауға белсене қатысып, құрметке ие болып келеді. Биыл қала, аудандардан 220 отбасы қатысып, 16 отбасы үздік деп танылды. Осындай үлгілі әулеттер ұрпақ сабақтастығын сақтап, құндылықтарды насихаттауға негіз қалайды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады» деп атап өтті.
Халықтық Конституциямызда отбасы мен ұрпақ тәрбиесінің қоғам өміріндегі орны айқын көрініс тапқан. Сондықтан отбасының мәртебесін көтеру, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – баршамызға ортақ міндет.
Шаңырақтың беріктігін сақтап, сыйластық пен мейірімділікті өмірінің өзегіне айналдырған барша отбасыларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Әрбір шаңыраққа баянды бақыт, амандық пен бақ-береке тілеймін! – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
«Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпазы болып аралдық Құтмамбетовтер отбасы танылса, шиелілік Бәкіровтер отбасы І орынға, қазалылық Досхожаевтар отбасы ІІ орынға, қызылордалық Бимұратовтар отбасы ІІІ орынға ие болды.
Бұдан бөлек, бірқатар номинация иегерлері де марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында қармақшылық жерлестеріміз бар. Атап айтқанда, «Бәйтерек отбасы» номинациясымен Дүр Оңғар ауылынан Тортаевтар отбасы марапатталса, «Кемел отбасы» номинациясы Алдашбай ахун ауылынан Қиясовтар отбасына табысталды.
Отағасы, еңбек ардагері Әпсәлім Тортаев пен отанасы, «Алтын алқа» иегері Сырғакүл Қошанованың бірге қол ұстасып келе жатқанына 60 жыл толып отыр. Өнегелі жандардан 4 ұл, 3 қыз өмірге келсе, бүгінде олардан өрбіген ұрпақ та еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосуда. Еңбекпен бой түзеген әулет алып бәйтеректей 33 немере мен 30 шөберенің саясына айналған.
Ал Алдашбай ахун ауылындағы Қиясовтар отбасының дені білім саласының қызметкерлері. Яғни ұлағатты ұстаздардан тұрады. Бақытты шаңырақ астында 10 педагог жас шәкірттерді білім нәрімен сусындандырса, отбасындағы ұл-қыздармен қоса, келіндері де педагогикалық жолды таңдаған.
Барша марапат иелеріне сыйлықтар мен қаржылай сертификаттар тапсырылды. Шара соңы мерекелік бағдарламамен жалғасын тапты.
Сәрсенкүл АҚКІСІ















