«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында шағын футболдан турнир өтті
Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Адалдық өзіңнен басталады» тақырыбында шағын футболдан облыстық турнир өтті.
Спорттық шараның негізгі мақсаты – қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын кеңінен насихаттау және бұқаралық спортты дамыту.
Турнирдің ашылу рәсіміне облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тлеумбетов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өз сөзінде басқарма басшысының орынбасары «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызына тоқталып, заң талаптарын сақтау әр азаматтың күнделікті өміріндегі басты ұстанымдардың бірі болуы қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, ашылу рәсіміне ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Алмас Өтешов те қатысып, турнирдің ашылуымен құттықтады. Танымал спортшы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттың адамды тәртіпке, табандылыққа және жауапкершілікке тәрбиелейтінін атап өтті.
Облыстық турнирге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және «Жастар Рухы» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының өкілдерінен құралған 8 команда қатысты.
Жарыстың қорытынды марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен арнайы марапаттар табысталды. Марапаттарды облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тлеумбетов және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұржан Сүлейменов табыстады.
Турнирдің қорытындысы бойынша жүлделі орындар сараланып, «Барыс» командасы I орынды иеленді. II орын «Нұр» командасына бұйырса, «Жастар Рухы» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының командасы III орыннан көрінді.
















