АУЫЛ БАЛАСЫ БАҒЫНДЫРАР ЖАҢА БЕЛЕС
«Қазақстан халқына» қорының игі бастамасы – ауыл мектебінің әлеуетін арттырып, жас ұрпақтың арманына қанат бітіріп келеді. Ауыл баласының арманы қала баласының арманынан еш кем емес. Айырмашылық – сол арманға жету жолындағы мүмкіндіктерде ғана. Ал сол мүмкіндікті теңестіру, ауылдағы білім сапасын арттыру, оқушының талабын қолдап, талантын танытуға жағдай жасау – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Осы мақсатты көздеген «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «QH «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік – Қызылорда облысы» қайырымдылық жобасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектебі 2025 жылдың желтоқсанында заманауи модификациялық кабинеттермен жабдықталды. Бұл – тек материалдық қолдау көрсететін жоба емес. Бұл – ауыл баласына «сенің де мүмкіндігің мол, сенің де биікке көтерілуге құқығың бар» деген үлкен сенімнің көрінісі. Ауыл мектебінде оқитын бала да заманауи зертханада тәжірибе жасап, ғылыми жоба қорғауға, республикалық байқауларға қатысуға, жаңа технологияларды меңгеруге, болашақта таңдаған мамандығының үздігі болуға толық құқылы.
Бүгінде білім беру саласында бәсекелестік күшейіп, заман талабына сай білім мен заманауи технологияны меңгерудің маңызы артып келеді. Осындай кезеңде ауыл мектебіне көрсетілген әрбір қолдау – ертеңгі ел болашағына жасалған нақты қадам.
«Ауыл мектебі: тең мүмкіндік – Қызылорда облысы» жобасының басты құндылығы да осында. Жоба ауылдағы білім беру ортасын дамытуға, мектептердің мүмкіндігін арттыруға, оқушылардың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасауға бағытталған. Ал мұндай қолдаудың шынайы нәтижесі мектеп қабырғасындағы әрбір шәкірттің көзінен көрінеді. Бір оқушы жаңа құралмен тәжірибе жасап, ғылымға қызығушылығын арттырады. Екіншісі өз идеясын ғылыми жобаға айналдырады. Үшіншісі байқауда бақ сынап, өз мүмкіндігін байқайды және болашақ мамандығын таңдауына қажетті сенімге ие болады. Демек, бір мүмкіндік – бір баланың ғана емес, тұтас бір ұрпақтың болашағына әсер етуі мүмкін.
Мүмкіндік бар жерде – нәтиже бар, жобаның игілігін сезініп отырған білім ошақтарының бірі – №26 орта мектеп тарихы терең, білім мен тәрбие дәстүрі қалыптасқан білім ошағы. Мектеп үшін мұндай қолдау – жаңа мүмкіндікке жол ашқан маңызды қадам. Себебі мектептің тарихы – оның қабырғасындағы жылдар санымен ғана емес, тәрбиелеп шығарған шәкірттерінің жетістігімен өлшенеді.
Ал бүгінгі шәкіртке қойылатын талап бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Оқушы тек дайын білімді қабылдаушы емес, зерттеуші, ізденуші, жаңа идея ұсынушы тұлға болуы тиіс. Осы бағытта мектепте заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше мән берілуде. Бір қарағанда, жаңа кабинет – материалдық база. Ал тереңірек үңілсек, оқушы тәжірибе жасайды, сұрақ қояды, қателеседі, қайта ізденеді, жаңалық ашуға талпынады. Ең бастысы – өз қабілетіне сенуді үйренеді.
Ауыл баласының арманына қанат бітірген бастама «Қазақстан халқына» қорының бұл жобасы ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз. Өйткені тең мүмкіндік дегеніміз – барлығына бірдей жағдай жасау ғана емес, әр баланың өз қабілетін ашуына жол беру. Бүгін берілген мүмкіндік – ертеңгі үлкен жетістіктің бастауы. Бәлкім, дәл осы жоба аясында жаңа білім алған оқушы ертең ғалым болар. Бәлкім, болашақта елдің маңызды жобаларын жүзеге асыратын инженер, дәрігер, мұғалім немесе кәсіпкер болар. Ал оның үлкен арманына алғашқы қадамды ауыл мектебіндегі осындай мүмкіндіктер жасайтыны анық.
Тең мүмкіндік берілсе, ауыл баласы да биік белестерді бағындыра алады. «Қазақстан халқына» қорының бұл бастамасы өте құптарлық іс. Қорыта айтқанда, ауыл мектебіндегі әрбір жаңа мүмкіндік – жарқын болашаққа бастар берік қадам.
Ақмарал ЖАРАСОВА,
№26 мектеп директоры
















