Қазақстан «Жорық» марафон-бәйгесінде топ жарды: 300 шақырымдық жеңістің маңызы неде?
Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы халықаралық «Жорық» ат марафонында жеңіске жетті. Қазақстандық шабандоздар 300 шақырымдық қашықтықты төрт күнде еңсеріп, мәреге бірінші болып келді.
Отандастарымыз ең жақын қарсыластарынан екі сағатқа жуық уақыт бұрын жеткен. Екінші және үшінші орындарды жарысқа бірден жеті команда шығарған Қырғызстан өкілдері иеленді.
Бұл жеңіс жүлде қоржынына қосылған кезекті алтын ғана емес, «жорық» қазақ даласындағы ұзақ қашықтыққа атпен жүру дәстүрінің заманауи спорттағы жалғасы саналады. Сондықтан халықаралық додадағы нәтиженің тарихи және мәдени маңызы да бар.
Ұзақ қашықтыққа шабудың тамыры тереңде
Қазақ даласында жылқының жүйріктігімен қатар, төзімділігі де ерекше бағаланған. Ұзақ қашықтыққа арналған бәйгеде қысқа уақытта барынша жоғары жылдамдық көрсету емес, ат пен шабандоздың ондаған шақырымды шаршамай еңсеруі маңызды.
Соның бір мысалы – аламан бәйге. Ересек жылқылар қатысатын мұндай жарыстар бірнеше ондаған шақырымға созылып, кей кезеңдерде қашықтығы 100 шақырымға дейін жеткен. Мұндай сындар алыс көшке төтеп беретін жылқыларды дайындауға әрі ең төзімді тұлпарларды іріктеуге мүмкіндік берген.
Қазақ жылқысының төзімділігі туралы сөз болғанда адай жылқысын да ерекше атауға болады. Батыс өңірлерде қалыптасқан бұл тұқым ұзақ жолға шыдамдылығымен белгілі.
1948 жылы тіркелген сынақтардың бірінде адай жылқылары мінген шабандоздар бір тәуліктің ішінде 300 шақырымға жуық жол жүрген.
Демек бүгінгі 300 шақырымдық марафон – заманауи спорт үшін ойлап табылған кездейсоқ қашықтық емес. Оның астарында қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан ат баптау, ұзақ жол жүру және жылқының төзімділігін сынау тәжірибесі жатыр.
Астанадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырым
Қазақстандағы қазіргі көпкүндік ат марафондарының жаңа кезеңі 2022 жылы «Ұлы дала жорығы» жобасымен басталды. Алғашқы жарыста шабандоздар Астанадан Түркістанға дейін атпен жүріп, жолай бірнеше өңірдегі киелі орындарды басып өтті.
Алғашқы марафонның жалпы қашықтығы 1200 шақырымды құрап, жарыс 12 күнге созылды.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – командалық жүйе. Мұнда жекелеген шабандоздың ғана емес, бүкіл команданың нәтижесі есепке алынады. Сондықтан ұзақ жолда аттың бабын сақтау, шабандоздардың күшін дұрыс бөлу, тактика құру, жаттықтырушылар мен ветеринарлардың үйлесімді жұмысы шешуші рөл атқарады.
Кейінгі жылдары марафонның бағыты өзгергенімен, негізгі идея сақталды. Ол – қазақ жылқысының ұзақ қашықтыққа төзімділігін көрсету және дәстүрлі ат мәдениетін заманауи спорт арқылы таныту.
Неліктен «Жорық» 300 шақырымға созылады?
Көшпенділер ойындарындағы «Жорық» – Қазақстанда қалыптасқан көпкүндік ат марафонының халықаралық жарысқа бейімделген нұсқасы.
Көшпенділер ойындарының бағдарламасына сәйкестендіру үшін қашықтық 300 шақырым болып белгіленген. Дегенмен қысқарған қашықтық марафонның негізгі сипатын өзгерткен жоқ.
Мұнда да аттың төзімділігі, шабандоздың тактикасы, бірнеше күнге күшті дұрыс бөлу және жол үстінде жылқыны күтіп-баптау қабілеті сыналады. Яғни жарыс жылдамдықтан бұрын ат пен адам арасындағы үйлесімділік пен төзімділікті талап етеді.
113 ел қатысқан додадағы жеңіс
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтіп жатыр. Биыл додаға әлемнің 113 елінен спортшылар жиналған. Бұл – бұған дейінгі бес Көшпенділер ойындарында болмаған көрсеткіш.
Сондықтан «Жорықтағы» жеңістің маңызы тек спорттық нәтижемен шектелмейді. Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда заманауи форматта қалыптасқан көпкүндік ат марафоны бүгінде халықаралық жарыстың бір бөлігіне айналып, жүзден астам елден келген спортшылар мен көрермендердің назарына ұсынылып отыр.
Қазақстанға алтын сыйлаған шабандоздар
Қазақстан құрамасының сапында Ержан Ернар, Жарас Төлебай, Жақсылық Ыдырыс, Қанат Рейімбай және Ахмет Есен өнер көрсетті.
Алайда төрт күнге созылған марафондағы жеңіс тек шабандоздардың еңбегі емес. Аттарды жарысқа дайындаған бапкерлер, жылқышылар мен ветеринарлар да команданың нәтижесіне үлес қосты. Өйткені мұндай ұзақ қашықтықта тұлпардың жағдайын бақылап, оның күшін әр кезеңге дұрыс бөлу нәтиженің маңызды бөлігі саналады.
Қазақстан үшін бұл жеңістің мәні де осында. Ғасырлар бойғы атқа міну мәдениетінен бастау алып, елімізде заманауи сипат алған көпкүндік ат марафоны халықаралық деңгейге шығып қана қоймай, қазақстандық шабандоздардың сол бәсекеде үздік екенін көрсетті.















