» » СЕРІКТЕСТІКТЕГІ СЕРПІНДІ ІСТЕР

СЕРІКТЕСТІКТЕГІ СЕРПІНДІ ІСТЕР

Қармақшы – экономикасы ауыл шаруашылығына, яғни агросекторға негізделген аудан. Бұл бағытта бірқатар елді мекендегі серіктестік пен шаруа қожалықтары жемісті еңбек етуде. Атап айтқанда, Дауылкөл, Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал ауылдық округіндегі егін шаруашылықтары нәпақасын Жер-анадан терсе, Дүр Оңғар ауылына қарасты «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де облыс, аудан көлемінде озаттар қатарында келеді.
Осындай іргелі жұмыстар мен игілікті істерде тәжірибелі ұйымдастырушы, білікті басшы Орынбасар Өтепұлы Төлеповтің еңбегі зор. Жақында ауылға жол жүріп, серіктестіктің еңбек адамдарымен жүздесіп, дала жұмыстарының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
Жайқалған көкпеңбек егіс алқабының алтын түске боялар сәті де алыс емес. Биыл шаруашылық 2754 гектар жерге Сыр салысын еккен. Оның ішінде «Лидер», «Яхонд» сорты бұрыннан егіліп келсе, «Атаман» аталатын сұрып түрі алғаш рет тәжірибеде егіліп отырған көрінеді. Мамандардың айтуынша, бұл күріш сорты облыстың санаулы шаруашылығында ғана өсірілуде екен. Бітік шығып, кісі бойына жетерлік жаңа сортынан диқан қауым жақсы өнім аларына сенімді.
Егін шаруашылығы саласындағы өзекті мәселенің бірі – әртараптандыру екені белгілі. Еліміздегі су тапшылығына байланысты туындаған мәселенің шешімі – егінді әртараптандыру. Осы ретте Сыр маржанынан бөлек, шаруашылық 207 гектарға жаздық бидай, 80 гектарға жүгері, 5 гектарға картоп, 2 гектарға бақша дақылын еккен. Ауыл тұрғындарының мал азықтық шөбін шешуде де серіктестік 662 гектарға суданка шөбін, 828 гектарға жаңа жоңышқа, 519 гектарға ескі жоңышқа егіп, оның алдыңғы легіне бірнеше мәрте орақ түсіп те үлгеріпті.
– «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен елді мекеннің 325 тұрғыны несібесін айырып отыр. 295 техникамыз бар. Бірнеше бағытта жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, 5 өндірістік, 1 құрылыс, 1 бақша өсірушілер бригадасы халыққа сапалы қызмет көрсетсе, орталық қырман, заманауи технологиямен жабдықталған күріш ақтайтын цех, алмабақ, тағы басқасында еңбеккерлеріміз аянбай тер төгуде. Әрбір бригадаға 30-35-тен аса адам жұмылдырылса, күзгі жиын-терімде қырман басында 60-70 адамға дейін жұмыс істейді, – дейді серіктестік директоры.
Жалпы серіктестікте жыл көлемінде қарбалас тірлік жүреді. Ерте көктемнен басталған жұмыс қоңыр күзге дейін жалғасады. Лазермен жер тегістеу, егіс алқабына тыңайтқыш себу, су көлемін қадағалау – жауапкершілік пен ұқыптылықты қажет ететін шаруалар. Ала жаздай төккен тер мен еткен еңбектің нәтижелі болуында шаруашылықтағы техниканың дайындығы да әсерін тигізеді. Бұл орайда әрбір бригададағы техникалардың жарамдылығы мұқият қаралып, тексерістен өткізіледі.
– «Класс» комбайны, «Магдон» ору техникасы, шынжыр табан трактор, күріш тасымалдайтын көліктер жақсы жағдайға келтірілген. Күзгі егін жинау мерзіміне дайын. Алдағы жиын-терімде әрбір сәтіміз бағалы. Сол себепті де еңбеккерлердің көңіл күйімен қатар, техниканың да жайы жіті назарда. Мақсатымыз – егінімізді жауын-шашынға қалдырмай, түйір дәніне дейін төкпей-шашпай жинап алу әрбірімізге үлкен жауапкершілік саналады, – дейді серіктестік басшысы Орынбасар Өтепұлы.
Ауылға барғанымызда егіннен бөлек, шаруашылықтың бірқатар жаңалығына куә болдық. Бау-бақша өсіруге арналған жылыжай ел кәдесіне асқан. Моншаның жері дайындалып, құрылысы басталу үстінде. Сонымен бірге көкөніс, бақша дақылын сақтайтын қойма құрылысының жұмысы жүріп жатса, су үнемдеу мақсатында каналға ұзындығы 49 шақырым болатын су арнасын реконструкциялауға жоба-сметалық құжаты дайындалған.
Айта кетейік, «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, серіктестік 2018 жылы «Күріш өндіруде жоғары көрсеткішке жеткені үшін» озат шаруашылық, 2023 жыл қорытындысымен «Озат егін шаруашылығы» номинациясымен марапатталса, «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік көрме-байқауында «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясының жеңімпазы атанған. 2022 жылы ірі кәсіпкерлік субъектісі санатында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша ҚР Президентінің дипломымен мадақталған.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
03 қыркүйек 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№66 (10534)

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 (10533)

29 тамыз 2026 ж.

№64 (10532)

24 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 763
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 206

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930