» » ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН НЕСІБЕ

ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН НЕСІБЕ

Зейнет демалысына шыққан соң қол қусырып отыруды жөн көрмейтін жандар ауылда аз емес. Жастайынан еңбекке араласып, бейнеттің қадірін білген үлкендер үшін еңбек – күнкөрістің ғана емес, өмір салтының бір бөлігі. Әсіресе, Сыр бойындағы ауыл жұрты үшін жердің жайын біліп, дән егіп, одан өнім алу – атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүр.
Төребай би ауылында тұратын Күлипа Ералиева да осындай еңбекпен етене өскен жандардың бірі. Жасы жетпіске таяса да, қолынан кетпенін тастамай, бүгінде шаруа қожалығын басқарып, мал және бақша шаруашылығымен айналысуда. Ол үшін бұл – жай ғана кәсіп емес, бала күннен бойына сіңген еңбекке деген құрметтің жалғасы.
Күлипа Молдахметқызы 1960 жылы Қармақшы ауылында дүниеге келген. Бала күнінен еңбекке ерте араласқан ол ауылдағы №113 қазақ орта мектебінде білім алып, 1977 жылы мектепті тәмамдайды. Сол кезеңде ауылда өндірістік бригадалар жұмыс істейтін. Мектеп бітіргеннен кейін сол бригадада қалып, құрылыс және ферма саласында еңбек еткен. Кейіннен мамандық алып, білімін жетілдіруді мақсат еткен ол 1981 жылы Жамбыл облысының Луговой ауданындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі. 1983 жылы бухгалтер мамандығын тәмамдап, туған өңіріне оралады. Сол жылы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жолдамасымен Жосалы кеңшарына экономист болып жұмысқа орналасады. Еңбек жолының келесі кезеңінде бухгалтер, одан кейін кадр бөлімінің маманы қызметтерін атқарады. Ауыл шаруашылығы саласының тыныс-тіршілігін іштен біліп, есеп-қисап пен ұйымдастыру жұмысының қыр-сырын меңгереді.
2007 жылы №15 «Ақкөгершін» балабақшасына шаруашылық меңгерушісі болып ауысып, осы қызметті 2018 жылға дейін атқарды. Осылайша ондаған жылын маңдай термен өткізген Күлипа апа зейнетке шыққанымен, еңбекке деген ықыласы бір сәтке де бәсеңдемеген. Өйткені оның өмірінде еңбек әрдайым отбасы мен тіршіліктің ажырамас бөлігі болған. Әкесі Молдахмет те диқаншылықпен айналысқан. Кішкентай Күлипа бауырларымен бірге әкесіне еріп, қауын-қарбыз, түрлі көкөніс дақылдарын егуге көмектесіп өскен. Әкеден көрген еңбек мектебі жылдар өте келе оның өз өмірлік ұстанымына айналды.
– Бала кезімізден әкеме көмектесіп, бақша егіп өстік. Әр ұяны бірлеп, отағын отап, дақылдың бабын жасауға үйрендік. Ол кезде еңбек біз үшін ауыр жұмыс болып көрінбейтін. Керісінше, әкемізден көргенімізді қайталап, бірге жүргенімізге қуанатынбыз. Сол тәрбиенің әсері шығар, қазір де жерден қол үзгім келмейді, – дейді диқан ана.
2023 жылы оның ұлы Ғабитжан «Қарасай» шаруа қожалығын ашады. Екі жыл бойы қожалықтың жұмысын өзі жүргізіп, кейін 2025 жылдан бастап анасына тізгінді сеніп тапсырды. Содан бері Күлипа апа шаруашылықты өзі басқарып, мал және бақша шаруашылығын қатар алып жүр.
Бүгінде қожалықтың негізгі бағытының бірі – бақша өсіру. 1,5 гектар жерге түрлі дақыл егіліп, оның ішінде қауын-қарбыз, асқабақ және басқа да бақша өнімдері өсіріледі. Жаз бойы төгілген тердің нәтижесі пісіп-жетілген кезде өнім Байқоңыр мен Төретамға өткізіледі. – Бақшаның қызығы да, қиындығы да көп. Дақылды егіп қана қоймай, күн сайын қарап, суын беріп, арамшөбін жұлып, зиянкестерден қорғау керек. Әсіресе, өнім пісер кезде мал мен құстан қорғауға тура келеді. Бірақ еңбегіңнің нәтижесін көргенде барлық бейнетің ұмытылады. Піскен қауын-қарбызды өткізіп, одан түскен қаржыға немерелеріме киім алып, қысқы азығымызды, малдың жем-шөбін дайындаймыз. Еңбектің берекесі деген осы ғой, – дейді ол.
Диқанның айтуынша, жермен жұмыс істеу үшін ең алдымен шыдам мен жауапкершілік қажет. Өйткені диқан үшін әр мезгілдің өз міндеті бар. Көктемде жер дайындалып, тұқым себілсе, жазда оның күтімі жасалады. Ал күзде маңдай тердің нәтижесі жиналады. Бұл шаруаның сырт көзге қарапайым көрінгенімен, күнделікті тынымсыз еңбекті қажет ететіні анық. Соған қарамастан Күлипа апа үшін ауыл шаруашылығының бейнетінен гөрі берекесі басым.
Оның өмір жолына қарасақ, еңбекпен өткен жылдар аз емес. Ауылдағы өндірістік бригададан басталған алғашқы қадамы экономистік, бухгалтерлік, кадрлық қызметтермен жалғасып, балабақшадағы шаруашылық жұмысына ұласты. Енді міне, өмірінің жаңа кезеңінде сол тәжірибесін өз шаруашылығына бағыттап отыр.
Отбасындағы тәрбиені де еңбекпен байланыстырған Күлипа апа бүгінде балалары мен немерелеріне адал еңбектің қадірін түсіндіруге тырысады. Жолдасы Қарасай Абылаев 2008 жылы дүниеден өткен. Артында бір ұл, екі қыз және он бір немере қалды. Ұлы Ғабитжан теміржол колледжін бітірген, қазіргі таңда аудандық білім бөлімінде еңбек етеді. Үлкен қызы Райкүл Қызылорда қаласында тұрады, мамандығы – мұғалім. Кіші қызы Назгүл «Болашақ» жоғары медицина колледжін тәмамдап, бүгінде Қызылорда қаласының жедел жәрдем бөлімінде фельдшерлік қызмет атқарады. Ұл-қыздарының әрқайсысы өз саласында еңбек етіп, отбасын құрып, балаларын өсіріп отыр.
Еңбек адамы үшін қазір ең үлкен қуаныш – немерелерінің ортасында болып, оларға өз көргенін үйрету. Өйткені оның түсінігінде еңбекке баулу – балаға дүниемүлік қалдырудан әлдеқайда маңызды. Ол үшін еңбектің мәні – маңдай термен келген адал нәпақада десек, бұл ұстанымды немерелеріне де үлгі еткісі келеді. Қара жердің қадірін біліп, оған күтіммен қараған адам еңбегінің нәтижесін міндетті түрде көретініне сенеді. Сондықтан кейінгі ұрпаққа ерінбей еңбек етудің, төзімділік пен табандылықтың маңызын айтып отырады.
Бүгінде ауылда еңбек етудің жаңа мүмкіндігі қалыптасып келеді. Заманауи техника мен шаруашылық жүргізудің жаңа тәсілдері енгізілгенімен, жердің бабын білетін адамның еңбегін ештеңе алмастыра алмайды. Ал Жер-ананың қадірін білген жанның өмір жолы – соның айғағы. Ол үшін зейнет жасына жету – еңбектен қол үзу деген сөз емес. Керісінше, жылдар бойы жинаған тәжірибесін туған жердің топырағымен қайта табыстырып, отбасының қажетіне жаратып отыр. Күлипа апаның бүгінгі тіршілігі осы қарапайым қағиданың өмірдегі нақты көрінісіндей. Өйткені адамға еңбектен қалатын ең үлкен мұра – дүние емес, адалдық пен маңдай тердің қадірін түсінетін ұрпақ.
Бауыржан ЖҮНІС
30 тамыз 2026 ж. 86 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (10533)

29 тамыз 2026 ж.

№64 (10532)

24 тамыз 2026 ж.

№63 (10531)

22 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 748
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 192

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31