«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ»: БАЛАЛАРҒА ҚОЛДАУ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ
Жаңа оқу жылының қарсаңында балаларды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар аудан көлемінде жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын тауып, оқушылар мен олардың ата-аналарына нақты көмек көрсетілуде.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес «Адина» сауда үйінде «Мектепке жол» акциясы аясында арнайы жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде оқушыларға қажетті мектеп киімдері, оқу құралдары, сөмкелер мен аяқ киімдер нарықтағы бағадан 10 пайызға төмен ұсынылды. Бұл ата-аналардың жаңа оқу жылына дайындық кезінде жұмсайтын шығынын азайтуға мүмкіндік беріп, қажетті заттарды қолжетімді бағамен сатып алуға жағдай жасады. Акцияның негізгі мәні – балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, жаңа оқу жылын қажетті құралдармен қарсы алуына ықпал ету. Осы тұрғыда кәсіпкерлердің, демеушілердің, білім беру мен қоғамдық ұйымдардың қолдауының маңызы зор. Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Шыңғыс Сыдықов акцияға белсенді қолдау көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан «Адина» сауда үйінің иесі, жеке кәсіпкер Нағима Тоқсанбаеваға аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Бұл – кәсіпкердің әлеуметтік бастамаларға қолдау білдіріп, аудан балаларына жағдай жасауға қосқан үлесі.
Биыл аудан бойынша «Жалпыға міндетті білім беру қоры» аясында әлеуметтік осал санаттағы 3304 балаға мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға біржолғы материалдық көмек қарастырылған. Әр балаға 50 851 теңгеден есептеліп, бұл мақсатқа жалпы 168 млн теңге көлемінде қаражат аударылуда. Аталған көмек балалардың мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын алуына септігін тигізеді. Бұл ретте әлеуметтік қолдау шаралары тек мемлекеттік көмекпен шектелмей, түрлі ұйым, демеушілердің қолдауымен де толығып отыр. Атап айтқанда, демеушілердің көмегімен 60 балаға 2,4 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Сонымен қатар білім беру мекемелері тарапынан 148 оқушыға 1,591 млн теңге көлемінде көмек берілді. Ал кәсіподақ ұйымдары білім саласы қызметкерлерінің 80 баласына оқу құралын сатып алуға 1,88 млн теңге бөлді.
Осылайша, жаңа оқу жылы қарсаңында аудан көлемінде балалардың білім алуына қажетті жағдай жасауға бағытталған бірнеше қолдау тетігі қатар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік көмек әлеуметтік осал отбасыларға қаржылай қолдау көрсетсе, кәсіпкерлер мен демеушілердің үлесі бұл көмекті одан әрі толықтыра түсуде.
«Мектепке жол» акциясының ерекшелігі де осында. Бұл – тек мектеп формасы мен оқу құралдарын алып беру науқаны емес, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік пен өзара қолдаудың нәтижесі. Бір баланың мектепке толық дайын болып баруына жасалған жағдай оның оқуына деген сенімін арттырып, ата-анасының алаңдаушылын азайтады. Жаңа оқу жылы – әр бала үшін жаңа мақсаттар бастауы. Сондықтан оқушылардың мектепке алаңсыз барып, сапалы білім алуына қажетті жағдай жасау – ортақ міндет. Осы ретте мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдауды кәсіпкерлер, демеушілер және білім беру ұйымдарының көмегімен толықтыру ауданда жанашырлық пен жауапкершіліктің қалыптасқанын көрсетеді.
Алдағы уақытта да «Мектепке жол» акциясы жалғасып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға жағдай жасала бермек. Баланың білім алуына жасалған әрбір қолдау – оның болашағына салынған маңызды инвестиция.
«ҚТ» ақпарат

















