ЕЛ ЫҚЫЛАСЫ – ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ
Өмір атты үлкен жолда пенде кіммен жолықпайды десеңші. 70-тің желкесінде жүрсекте алдымыздағы ағаларымызға қарап өзімізді жастау сезінеміз. Себебі ағаларға қарап бой түзеу, іні үшін сара жол. Өмірде тәлім алған ағаларым көптеп саналады. Солардың бірі – бүгін 80 жасқа келіп отырған Жәкеев Жақсыбай Малбағарұлы.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында аудан орталығына қызметке ауысып келген кезім. Жұмыстың аяғына қарай марқұм Темірқұл Мубараков ағам келіп, «жүр кеттiк» деді. Мені ертіп алып кенттегі оншақты мекемеге барып, басшыларымен таныстырып, ағалық қамқорлығын жасаған еді. Әліге дейін Темірқұл ағамның осы қамқорлығын ұмытпаймын. Аудандағы ат арқасында жүрген азаматтармен таныстығым осылай басталған еді.
Сыртқы қасбетінде «көпсалалы коммуналдық мекемесі» және үлкен етіп «жұмыста туысқандық жоқ» деп жазылған жазуға еріксіз көзім түсті. Ішке кіріп Жәкең ағамызбен таныстық. Сөзі мірдің оғындай, дене бітімі киіктің асығындай қағылез екен. Көпсалалы коммуналдық мекемеге кенттегі монша, қонақ үй, жылу қазандықтары, ауызсу желісі, аяқсу арықтары қарасты. Сонымен бірге кенттің тазалығын қамтамасыз етеді. Ұшы-қиыры жоқ жұмыс. Әр жетіде ауданда түрлі деңгейдегі жиналыстар өтеді. Бір телефон істемей қалса, пошта мекемесінің басшысын тұрғызады. Содан кейін мың сан жұмысы бар, бірі бітсе, бірі бітпей жатқан «Колхоз» басшысы Жәкеңе кезек келеді. Жәкенде әзір жағдай, орнымен дәлелдеп береді. Таныстығымыз осылай басталып, бүгінге дейін ағалы-інілі болып жалғасып келеді.
80-жылдардың аяғында Жәкең өзін-өзі ұсынып, аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары лауазымына сайланып, аудандағы құрылыс, энергетика, коммуналдық салаға жетекшілік жасады. Нағыз іскерлігі сыналатын кезде бұл жауапкершілікті де абыроймен атқарып, халықтың құрметіне бөленді. Сол кезде бүгінге дейін жыр болып келе жатқан Теміржол өткелінің орнына көпір салу мәселесі көтеріліп, жобасметалық құжаттары Ташкенттегі ғылыми-зерттеу институтында жасалды. Өкінішке орай, кеңес үкіметі тарап кетіп, бұл жұмыстар басталмады. Еліміз тәуелсіздік алған соң Жәкең аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалып, аудан экономикасының өсуіне өзіндік сүбелі үлесін қосып, абыройына абырой қосты. От жалыны ауызында, қайтымы шапшаң. Жұмыс барысында әртүрлі жағдайлар кездеседі. Соның бәрін елемей, дым болмағандай жүру бастықтың жақсы қасиетінің бірі. Бұл қасиет Жәкеңнің басында бар. Жәкең батыр адам. 1998 жылы Иіркөл ауылында шаруашылық төрағасы кезінде ауданда облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыстық жекешелендіру комитетінің басшысы қатысқан жиын болды. Жиынның мақсаты – ауыл шаруашылығы құрылымдарын жекешелендіру. Келген өкілдер жекешелендірудің мақсатын, Президенттің тапсырмаларын түсіндірді. Жиналыс соңында кімде қандай сұрақ бар, деді. Бәріміз үнсізбіз. Бір кезде Жәкең менде сұрақ бар деп орнынан көтерілді. Осы мәселенің бәрі Президенттен шықса, ұйып отырған ауылдарды бөлу дұрыс емес. «Осы тапсырманы берген Президентің де ми барма» демесі бар ма? Зал құлаққа ұрған танадай тып-тыныш болып қалды. Әлден уақыттан кейін жиналыс төрағасы, уақыт талабы ғой, деп жиынды аяқтады.
Жәкең Отан алдындағы сіңірген еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалін, аудан халқының алдындағы абыройы үшін «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» белгісін, ардагерлер қозғалысына белсенді қатысқаны үшін «Облыстың құрметті ардагері» төсбелгісін омырауына тағып, құрметке бөленген жан. Жәкең жеңгеміз Рауабанумен бірге ұрпақ өсіріп, олардан немере-шөбере өсірген бақытты ата. Жәкеңнің 80 жылдық мерейтойына ойымызда қалған осындай оқиғаларды еске алып, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ағамыз бен жеңгемізге зор денсаулық, мол бақыт тілеймін.
Асқар МЕРЕКОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
















