СЫР СӘУЛЕТІН ТҮЛЕТКЕН
Бүгінде облысымызға белгілі құрметті құрылысшы, Қармақшының мақтан тұтар перзенті Жақсыбай Малбағарұлы Жакеев мерейлі 80 жасқа келіп отыр. Бұл – тек бір адамның жасы емес, бүтін бір дәуірдің, еселі еңбек пен елге сіңірген қажыр мен парасаттың биік белесі.
Қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті ардагері Жәкеңнің өмір жолы өнегеге, тағылымға толы. Ол «Ерен еңбегі үшін» және І дәрежелі «Еңбек даңқы» медалі «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атағының иегері, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталары мен Президент Алғыс хатының иесі, Қармақшы ауданының құрметті азаматы.
Сондай-ақ құрылыстың қастерлі ісін өмірлік мұратына айналдырған Жәкеңнің есімі «Құрмет кітабына» және «Алтын кітапқа» енген тұлға ретінде оның өмірі – тұтас бір еңбек шежіресі.
Жастық шақтан басталған еңбек даңқы
Иә, кең даланың самалы мен дарияның толқынына тербеліп өскен бала Жақсыбай жастайынан еңбекқорлық пен жауапкершілікті бойына сіңірді. Әке тәрбиесі мен ананың мейірімі оны өмірдің мәнін ерте ұғынуға жетеледі.
Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ол білімге деген құштарлығымен, ізденімпаздығымен көзге түсті. Әр сабақты терең меңгеруге ұмтылып, ұстаздарының сенімін ақтады. Сол кездің өзінде-ақ елге пайдалы азамат болсам деген арман оның жүрегіне ұялаған еді.
Жоғары оқу орнындағы студенттік жылдар – оның өміріндегі ең жарқын кезеңдердің бірі болды. Бұл шақта Жақсыбай Малбағарұлы инженерлік мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, өз ісіне адалдық пен кәсібиліктің биік өлшемдерін қалыптастырды. Теория мен тәжірибені ұштастыра жүріп, ел игілігіне қызмет етудің маңызын түсінді. Осылайша ол елге оралып жастық шағынан басталған мақсатын жүзеге асырды. Әрбір салынған нысан, әрбір атқарылған іс оның маңдай терінің, еліне деген шынайы сүйіспеншілігінің жемісіне айналды.
Сәулетті істердің басында
Жәкеңнің қолтаңбасы Сыр өңірінің сан қырлы сәулет нысандарында сайрап жатыр. Әрбір бой көтерген ғимарат, әрбір салынған құрылыс – оның өмірлік ұстанымының, еңбектегі жауапкершілігінің көрінісі. Қармақшы ауданындағы мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлері мен тұрғын үйлердің салынуында оның қолтаңбасы айқын көрінеді. Әрбір жобада ол тек инженерлік шешімге ғана емес, ұлттық болмыс пен өңір ерекшелігін сақтауға да ерекше көңіл бөлді.
Жәкеңнің ерекше еңбектерінің бірі – Қорқыт ата ескерткішінің орнын таңдауға атсалысуы. Атсалысуы дегеннен гөрі Қорқыт бабамыздың 41-орнын таңдаған деп айтқанымыз дұрыс болар. Бұл іс тек инженерлік шешім емес, тарихи әрі рухани жауапкершілігі мол қадам еді. Ол ұлы баба мұрасын қастерлеуді парыз санап, ескерткіштің орналасу жері табиғат пен тарих үндескен мекен болуы тиіс деген ұстанымды дәлелдеп шықты. Осы еңбегі арқылы ол рух пен тарих сабақтастығын айқындап, келер ұрпаққа өнеге қалдырды.
Коммуналдық шаруашылық пен құрылыс мекемелерінде басшылық қызметтер атқарған жылдарында Жақсыбай ағайдың іскерлігі мен әділдігі оны елдің ризашылығына бөледі. Ол әріптестерін сыйлап, қарамағындағы қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп, тәртіп пен талапты ұштастыра білді. Оның басшылығымен атқарылған жұмыстар сапасымен, тиянақтылығымен ерекшеленді.
Аудандық атқару комитеті мен аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған кезеңі оның азаматтық болмысын айқын көрсеткен жылдар болды. Сол жылдары ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына тың серпін беріліп, көптеген бастама жүзеге асты. Жәкең әр шешімді қабылдарда халықтың қамын, елдің мүддесін бәрінен биік қойды.
Жауапты сәттерде тайсалмай пікірін айтып, әділ шешім қабылдай білетін азамат ретінде ел есінде қалды.
Халық берген баға
Замандастары мен әріптестері Жақсыбай Малбағарұлын әрдайым ерекше ықыласпен және құрметпен еске алады. Олар оны: «Елге елеулі, халыққа қалаулы азамат», «Ақиқаттың ақ жолынан айнымай өткен тұлға», «Тынымсыз да тындырымды Жәкең, «Қармақшының қыран ұлы» деп ерекше ілтипатпен сипаттайды. Ал Қызылорда облысының құрметті ардагері Жақсылық Смайылов Жәкеңе «Құлагерін жырлайын Қармақшының» атты көлемді дастан арнаса, «Қармақшы таңы» газетінің редакторы Сәрсенкүл Райымбаева өз басылымында «Ақыл-ойдың қазынасы» деген мақала жариялаған. Жәкеңнің жерлесі Сәкен Алдашбаев та ағасына деген лебізін «Алты жерге алты рет басшылық тәртібіменен ауысқан» деп білдірген.
Бұл сөздер жай ғана жылы лебіз емес, саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған азаматтың еңбегіне берілген әділ баға. Халықтың жүрегінен шыққан алғыс пен ризашылық адам өміріндегі ең асыл марапат емес пе?!
Жақсыбай Малбағарұлы шеберліктен прораб қызметінде, одан соң бас инженер, коммуналдық шаруашылық бастығы, өнеркәсіпте Жосалы мехзауыты директорының орынбасары, ауылшаруашылықта «Октябрь» кеңшарының директоры, Қызылорда аймағында мұнай саласының күрделі құрылыс мекемесіндегі жауапты басшылықта, яғни қай қызметте жүрсе де, ел мүддесін биік қойып, әділдік пен адалдықты ту етті. Тұрмыстың қиын тұстарында да, жауапты сәттерде де сабыр мен парасатынан айнымай, әр істің байыбына барып шешім қабылдайтын. Сондықтан да оның сөзіне ел сенді, ісіне жұрт сүйсінді.
«Ел үшін туған ердің аты өлмейді» дейді халқымыз. Расында, Жәкеңнің еңбегі мен өнегесі ел есінде. Мәселен, өзі бітіріп тұрған жоғары оқу орны басшылығының осы оқу орнына оқытушы болып қалу жөніндегі шығарған бұйрығына қарамастан, туған еліне оралуы оның өскен жеріне деген шексіз махаббатын, сүйіспеншілігін, бір сөзбен айтқанда елге қызмет ету рухын көрсетеді. Бұл – бүгінгі және кейінгі ұрпаққа үлгі, өмір мектебі.
Бүгінгі ұрпақ осыдан-ақ оның өмір жолына қарап, еңбекқорлық пен жауапкершіліктің, әділдік пен адамгершіліктің не екенін ұғынады. Жәкеңнің көп жылдық еңбек жолында бірде-бір рет арыз-шағымға ілікпей, ешбір дау-дамайсыз қызметтен қызметке ауысып отырғаны – оның тазалығы мен әділдігінің нақты дәлелі.
Енді бір белестен соң Жақсыбай Малбағарұлы 80 деген айтулы жаспен қауышпақ. Лайым ел үшін еңбек еткен естелігі үлгі, құрметі биік, абыройы асқақ ақсақал сол қуанышқа аман-есен, зор абыроймен жетсін дейміз.
Ағыбай ОРЫНБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

















