» » ЕЛЕСІҢ ЖҮР ЕҢСЕМДІ БИІКТЕТІП

ЕЛЕСІҢ ЖҮР ЕҢСЕМДІ БИІКТЕТІП

Биыл ардақты да асыл әкеміз, бір әулеттің ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың қадірменді ақылшысы бола білген көпшілікке танымал, белгілі абыз ақсақал, соғыс және еңбек ардагері, қоғам қайраткері Қасым Жүсіпұлы көз алдымызда тірі болғанда 100 жасқа толар еді. Әкеміз 1924 жылы Қармақшы ауданына қарасты қазіргі ақын Тұрмағамбет ауылында дүниеге келіп, саналы ғұмырын осы өлкенің саяси-әлеуметтік, экономикалық өсіпөркендеуіне арнап, сексенге қараған шағында дүниеден озды.
Ата-анасы, ет жақындары өмірден өткен соң пенденің басында, яғни есінде не қалады? Бірбірімен байланыса бермейтін үзік-үзік ойлар мен естен кетпес сағынтқан естеліктер, енді қайтып келмес сағынышты сәттер ғана болып көрінеді маған. Мұндай сәттердің өзі де жылдар өте мұнарланып сирей бастап, сол сүйікті жандарыңның бүгінгі күні дефис арқылы жазылған өмір сүрген жылдары мен сарғайған фотосуреттері ғана олардың мына қу дүниеде болғандығын еріксіз көз алдыңа әкеледі. Бұл құбылыс өмірдің, күнделікті күйбең тірліктің күші алға сүйреп кейінге мойын бұрғызбауға тырысатыны сияқты болып сезіледі мен үшін. Біздің ата-аналарымызға он тоғызыншы ғасырдың басындағы Қазақ халқының бастан кешкен атышулы ашаршылық пен екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысы, онан соң соғыстан кейінгі елді қайта қалпына келтіру секілді зобалаңдармен тұстас ғұмыр кешулеріне тура келді. Бірақ сол адам төзбес қиындықтарды тік тұрып қарсы алып, мойнымен көтере білді. Нәтижесінде, біз, ұрпақтары бүгінгідей «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманда бақытты, шат-шадыман өмір сүріп отырмыз. Мына жалған дүниеге аяқ басқан әрбір перзент үшін ата-анасының бар болуы – үлкен нығмет. Расында, бала үшін ананың орны маңызды болғандай, әкенің де рөлі жоғары тұрады. Әке – бұл отбасы деген кішігірім мемлекеттің орны толмас мүшесі, қамқоршысы, қоғамның негізгі бөлігі. Атаана өмірдің мәнін де, дәмін де келтіретін Алланың бізге берген ұлы сыйы деп танимын.
«Ғаламның сұлулары татымайды,
Анамның күліп тұрған бейнесіне.
Әлемнің әтірлері татымайды,
Әкемнің иісі сіңген жейдесіне» дегендей, әкеге деген сағыныш еш уақытта басылмақ емес. Сол себепті әкеміздің көзін көрген, замандас, қызметтес болған ағаларым Нұртілеу Салықов пен марқұм Ордабек Өткелбаевтың мына бір әкем туралы естеліктерін тәлім-тәрбиелік, тағылымдық мәні болар деген ниетпен көзі қырағы, көкірегі ояу көпшілік оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Нұртілеу ағамыз өзінің «Биік адамгершілік үлгісі еді» мақаласында әкем жайында былай деп жазады.
Құдайға тәуба, бойға берген қуат пен білімнің арқасында қырық жыл бойы талай абзал жанды, биік парасатты ағалармен қызметтес болып, қолдарына су құйып, алдын кесіп өтпей інілікағалық қатынаста өмір кешкен екенбіз.
Шынында да, өткеніміз бен бүгінгі өмірімізге ой жіберіп, оны көкірек көзінен сүзгілер болсақ, бүгінгі кейіпкер ретінде кездесіп дидарласқалы отырған Қасым ағаның жаратылысына, бітімболмысына, білімі мен білігіне, биік адамгершілік, адалдық, азаматтық парасатына, тұтастай өмір мұраттарына көз сала отырып, асыл жанның бірі деп айту менің інілік борышым деп санаймын. Баяндағалы отырған естелік әңгімем Қасым ағам, оның әрқилы адами қасиеттері туралы. Әрине, оның бәрі бірдей есте қала бермейді және оларды инеге іліп, жіпке тізгендей етіп айта берудің де жөні болмас. Сондықтан есімде қалып, өміріме сабақ болған кезеңдеріне ғана тоқтала кетейін.
1963-1964 жылдары Ленин атындағы кеңшардан екінші тың атанған мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Жаңақала» кеңшары болып бөлініп, Қызылды игеруде жаңа кеңшардың қазығы қағылып, оны басқаруға қадірменді іскер ұйымдастырушы, Ұлы Отан соғысына қатысушылар Қаратай Қуаңбаев, Қасым Жүсіповтің бірге жұмыс жасауға барғаны барлық ол кісілерді білетіндердің есінде ғой деп ойлаймын. Ол кезде мал бағуға, әсіресе қой бағуға онша қызықпайтын. Жаңа құрылған мал шаруашылығымен айналысатын, оның ішінде қой шаруашылығымен айналысатын шаруашылық болғандықтан, ол жерге елді көшіріп апару, орналастыру, оларға бірден жағдай жасау оңайға түскен жоқ. Әрине, біздің ол кезде жас уақытымыз ғой. Қаратай екеуінің арасындағы бір әңгімеге куә болғаным бар. Ол былай болған еді. Әңгіме барысында елді ұйымдастырып, жаңа жерге көшіру үшін сол кездегі партияның қатал талабы гүрілдеп тұрған мезгіл кезеңіне қарамастан, сол жерге молдалық сауаты бар, ескіше оқыған кісіні іздеп жүргендіктерінің куәсі болған едім. Кейін ойлансам, мұсылман болған соң «өлім барда, қаза бар» сол мәселені дұрыс шешпей болмайтындығын алдын ала ұйымдастырып, халықтың көңілінен шығып, сол бір-екі жылдың өзінде қой саны 40-50 мыңға жеткенін, ауданда халық саны жөнінен 3 мектеп, 2 ауруханасы бар ірі шаруашылыққа айналып, бүкіл аудан халқына үлгі болатындай шаруашылық болғанын ұмыта алмаймыз. Халық арасында жүрген бірнеше тәрбиелік маңызы бар жұмыстар елге үлгі болатындай болып атқарылған еді.
Қасекеңнің тағы бір көрегендігі – парасаттылығы. Алматы қаласына не басқа қалаларға бара қалса, сол қалаларда оқып жүрген өзі танитын аудан жастарын, студенттерін жинап, бір-біріне таныстырып, хал-қадірінше кәде-кәуметтерін жасап, ақыл-кеңестерін беруден ешқандай танған емес. Сол кездегі оқушылар, студенттер – қазір ел басшылары, жоғары лауазымды қызметте жүрген Қасекеңнің іні-қарындастары. Әлі күнге сол жоғары біліктілікті, адамгершілікті ұмытпай айтып жүреді. Әлдері жеткенше сол аға салған жолды өздерінен кейінгі ұрпаққа жалғастырып келе жатқанына қуанамыз. Қасекең – ел тәрбиесіне, ауызбірлігіне байланысты халықтың тұтастығына, ру аралығындағы ағайындық мәселелері жөнінде қара қылды қақ жарып, нақты, әділ, азаматтық адал ұсыныс-пікірлерін үнемі айтып, ел құрметіне бөленіп, қадірменді ақсақал дәрежесінде болған кісі. Біраз жыл бұрын менің үлкен балам үйленіп, сол тойға аудан шаруашылықтары басшылары түгел шақырылып, үлкен той жасалды. Сол тойды қадірменді ақсақал әрі көршім Темірқұл Мүбараков ағамыз басқарды. Тойға Қасекең де келген еді. Сонда Қасекең: «Бәрекелді, Нұртілеу! Мына тойыңды Темірқұл ағаңа дұрыс басқартқансың. Біз өз тойымызды өзіміз басқаруға әлі де үлгереміз. Бұл жұмыс елдің бірлігін, ағайындықты жақындататын жұмыс болған» деген сөзі де әліге дейін есімнен кетпейді.
«Ақтөбе» ұжымшарында басшылық қызметте жүрген кезімде Тұрымбет жырау, Молдахмет жырау, Қасқырбай Бисенбаевтардың атаулы жылдарын өткізіп, кітаптарын шығарып, сол кісілер атындағы жүлделер ұйымдастырып, еңбек адамдарына құрмет жасалып жатқанында жыл сайын әдейі келіп, мені өзіне шақырып алып, жұмысыма жеміс тілеп, елдің бірлігін сақтауда жасалып жатқан іс-шара деп, шын жүрегінен ағалық бағасын берген сайын қуанатын едім. Қандай да бір шаруашылық табыстары елдің бірлігіне байланысты шешіліп отырылады. Шаруа тоқтайды демей, ел бірлігі үшін жасаған шараларға риза болып отыратын. Ол кісі көп оқитын, зерделеп талдап оқитын, адамдарға жеке азаматтарға тек нақты жағдайды ғана айтып, баға беретін. Артық әңгіме айтпайтын.
Н.Салықов ағамыз осылай толғанса, Орекең де газетке шыққан мақаласында ғибратты ойымен бөліседі.
«Қармақшы таңы» газетінде жарық көрген Нұртілеу замандасымның мақаласын оқып, мақала кейіпкерінің маған айтқан есте қаларлық бір-екі әңгімесі еріксіз есіме түсті. Соны газет оқырмандарына жеткізсем деп едім.
Қасым Жүсіпов Нұрекең айтқандай, биік парасаттың, үлкен адамгершіліктің үлгісі, артына қалдырған әңгімесі көп адам еді. Сол кездегі ауыл әкімі Әбутәліп «Қасекеңнің аузы дуалы адам ғой» дейтін. Аудандағы үлкен жиындарда жұрт қанша шулап, әртүрлі ұсыныстарды айтып, жамырап жатқанда Қасекеңнің өзіне ғана тән бірқалыпты дауысымен, жаймен бір-екі ауыз сөз айтса сөзі өтіп кете беретін, қай кезде де мәселенің әділ шешілуіне күш салатын, сондай сабырлы кісі болды. Менің айтайын дегенім бұл емес, кейінгіге үлгі болатындай мына әңгімесі еді. Т.Көмекбаев ауылына барғаныма шамалы ғана уақыт болған, ол кезде «Майлыөзек» шаруашылығы біздің бөлімшеміз болатын.
Бірде Қасекең хабар жіберіпті (ол кісі еңбек демалысында болатын): Майлыөзекте бір үлкен кісі қайтыпты, уақыты болса бірге барып қайтайық» деп. Шаруашылықтың жұмысы таусыла ма, әлде уақытымды қимадым ба. «Мен ол кісіні танымаймын, өздеріңіз бара беріңіздер» деп келген кісіні шығарып салдым. Шақырған кісі кеткен соң 20 минуттай уақыт өткесін үлкен кісінің ұсынысын қабылдамағаным ұят болды-ау әрі «Майлыөзек» деген біздің бөлімше ғой дедім де, телефонды алып Қасекеңе «Дайын отырыңыз, қазір машина жіберемін» деп қоңырау шалдым. Сөйтіп, Рүстекең, Әбутәліп төртеуміз жолға шықтық. Әртүрлі әңгіме айтып келе жатып бір уақытта Қасекең: «Ордабек, бір қателік жіберіп алдың, бірақ тез жөндедің. Сен жас болғанмен, бір елдің басшысысың. Сен елдің бәрін тануың мүмкін емес, бірақ басшыны бәрі таниды ғой» деді. Өте орынды айтылған сөз, мен мойындадым.
Қасекең сөзін әрі қарай жалғап, «Ел болған соң той-томалақ, басқа да шақырулар болады, оған елдің басшысын шақырмай тұрмайды. Мынаны да ойлап жүрген дұрыс, шақырған жерге жалғыз барсаң Ордабек келді дейді, ауылдың ағаларынан екі-үш адам ертіп барсаң ел келді, «Жаңақала» келді деген әңгіме болады, айырмасы бар емес пе?» деді. Ойлап қарасаң, терең мағыналы әңгіме. Елдің бірлігін сақтауға атсалысқан қайран асыл ағалар.
Серікбек ҚАСЫМҰЛЫ,
ҚР Құрметті құрылысшысы
08 сәуір 2024 ж. 477 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 280

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 375

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930