» » Дария кеуде, тау мүсін...

Дария кеуде, тау мүсін...


«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген даналық ой арқылы тұла бойы қазына толы қарттарды сыйлап, құрметтеудің артықшылығын ұғындырған халқымыз ертеден көпті көрген, жасы үлкен жандарды қадір тұтқан. Тіпті, жасы үлкен ата-әжелерді қарт, қария, шал, кейуана, ақсақал, абыз деген ұғымдармен атаудың да өзіндік мән-мағынасы, түп-төркіні бар. Қазақ халқының ұғымында бұл атаулардың ара-жігі әлдеқашан ажыратылып, нақты мәні айқындалған. Дегенмен, ауызекі тілде қарт және ақсақал атауларын жиі кездестіреміз. Ал, сол атауға кімдер лайықты?
Әрбір сөздің тереңіне тұңғиық теңіз түбіндегі маржанды іздегендей үңіле білген ата-бабаларымыз кез келген кісіні ақсақал деп атамаған. Өмірден көрген-түйгені мол, ұрпағына бойына жиған ілім-білім сәулесінің нұрын шашып, өткеннен өнеге айтып, болашаққа жөн сілтеп, бата бере білетін, тарихтың тамырын тым тереңнен ширататын қарттарды ақсақал деп айрықша құрметтеген.
Қазіргі таңда осы бір ұғымға бүкіл болмыс-бітімі сай келетін қарттарды табу қиын соғып барады. Аузы дуалы, дұғасын тастамайтын, көмейі батаға толы ата-әжелеріміздің қатары сиреп, сериалдың түбіне жете алмай көк жәшікке телміріп отырғандары жүректі қынжылтады.
Менің балалық шағымның балдәурен кезеңі өткен Ақтөбе ауылында Раушан атты әжей тұрды. 100 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Өмірінің соңғы жылдары төсек тартып жатқан кезде де «Құранда былай айтылған» деп аяттардан үзінді келтіре отырып сөз саптағанда еріксіз ұйып тыңдайтынмын. Ол кезде көп нәрсені елемейтін жаспын ғой. Телефонымды қосып, қағаз-қаламымды ұстап, дайын шежірені, асыл сөзді жазып алсамшы. Қазір өкінемін. Сонда деймін де, өзі шүйкедей ғана қара кемпір «Шораяқтың Омарының айтқаны, Тұрмағамбет былай жырлапты, кезінде Нияз молдаға шай құйып, үлкендердің әңгімесін құлағыма құйып өстім» дегенде көпке дейін алған әсерімнен айыға алмай, өзімнің мектеп және университет бағдарламасында өткен ақын-жазушылардың есімдері мен санаулы шығармаларын білетін білімділігіме ұялатынмын. Көмейінен қанатты сөздер, жыр-дастан ағылып жатушы еді, жарықтық! Алғаш Нияз молда, Кенжалы би есімдерін де сол әжейдің аузынан естідім. Сөйтсем, ол кісілер кезінде елді аузына қаратқан нағыз би, шешен кісілер болған екен. Кейіннен есімдерін өскелең ұрпақ санасына сіңіру, жаңғырту мақсатында арнайы кітаптар да басылып шықты. Міне, нағыз қарттықтың асқар шыңына жетіп, халқынан өз еңбегіне сай бағасын алған абыз-ақсақалдар осындай-ақ болсын.
Қазіргі таңда да алдыңғы буынның жолын жалғастырған ақсалдарымыз бен қарияларымыздың бар екеніне күмәнім жоқ. Тек соны жас ұрпақ дер кезінде бағалай білсе болғаны. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп кейіннен сан соғып отырмай, үйіміздегі, көрші тұратын, ауыл данагөйіне айналған қарттарымыздың әрбір мағыналы сөзін құлағымызға құйып, көкірегімізді шежіреге, жыр-қиссаға толтырып өскенге не жетсін?!
«Алты жасқа дейінгі баламен, алпыс жастан асқан қартпен көбірек сөйлес» деген ұлағатты ұғымның мәнін енді түсініп келе жатқандаймын. Кіршіксіз көңіл, шынайы пейіл иелері осылар екен ғой. Қойнауы Қаратаудай қазыналы, айбыны Алатаудай асқақ, кеудесі Сырдариядай толқынды, толқымалы, арыны Ертістей екпінді қарт-қариялар қашанда сыйлы, бағалы. Осындайда ойға еріксіз:
Дүниеге келер бір рет,
Дария-кеуде,
Тау-мүсін,
Құрыштан құйған құдірет –
Қарттарым, аман-саумысың?
Өздерің болсаң жанында,
Ел іші жомарт,
Еңселі,
Дән иісі жүрген қанында,
Даламның бір-бір бөлшегі, – деп жырлаған ақын Сағи Жиенбаевтың жыр жолдары орала береді.
Даланың бір-бір балбалтастарындай болған абыз-ақсақалдар қатары сиремесін. Күн санап қатары артып, кейінгі толқын жастарға үлгі-өнегелі қалпынан ажырамай, ұзақ өмір сүруін тілеймін. Ал, біз жастар, сол жандарды қадірлеп, көзі тірісінде құрметтеп, төрімізден орын беріп, жылы-жұмсағымызды, сый-сияпатымызды ұсынып, ақ тілек-батасын алудан шаршамайық, талмайық!
Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ
22 ақпан 2022 ж. 648 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 283

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 378

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930