Марал баба
Ақын – заманының шырақшысы, ол сыршыл да сезімтал. Өлең-жырдың тереңіне бойлап, тұнығынан маржан іледі. Оның өзіне тән үні, айтар ойы, көзқарасы бар. Қай кезде де өндіріп өлең жазатын ақын, ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Дастан Мырзабекұлының Сыр елінде өзіндік қолтаңбасы ертеден қалыптасқан. Осы уақытқа дейін оқырманы оның «Ойтүрткі», «Жаңажол жырлары», «Жүректен тамған тамшылар», «Қырғауылдың қайғысы», «Анам жайлы аңыз» атты кітап, жыр жинағымен қауышса, төменде ақынның жаңа туындылары көпшілікке жол тартып отыр.
Түсінбесем өткеннің даналығын,
Онда болар менің де шалалығым.
Тұлғаларды танысам, қоштасады,
Ерте тастап кекіл шаш балалығын.
Он бесінде «баспын» деп орда бұзар,
Елім десе бойында қаны қызар.
Жерін сүйген адамдар өлмейді, әсте,
Қарыса да жанын – от, тәнін – ызғар.
Тәңірінің сыйындай дара бала,
Құшағыңа құт қонды қала, дала.
Қызылжардың төсінде келешектің,
Қолын сұрап келген-ді Марал баба.
«Қайран көлдің» суына тәнін жуып,
Жігіттікке бет алды белін буып.
Он үш жаста анасын ертіп шықты,
Толықтырмақ ақылын білім қуып.
Маңдайыңнан сипамас өмір аяп,
Шығу үшін биікке жейсің таяқ.
Табиғаттың тылсымын танып берген,
Ұстазына тәнтімін – Жалаңаяқ.
Марал баба ұғынып ұлылықты,
Барлық сырды білуге ұмтылыпты.
Ақыр соңы талапты серт қиғандай,
Әулие боп, дінді де біліп шықты.
Шындығыңа қояйын жырды тақап,
Ұстазынан алған-ды талай мадақ.
Ең соңында сенімді шәкіртіне,
Мұра қылып қалдырды асатаяқ.
Ауру жан бағалар емдегенді,
Халық сүйер жол бастап елегенді.
Марал баба бойында құндылық бар,
Ақыл жүйрік болған соң көрегенді.
Кімдер сірә қазаққа салмады ылаң,
Жауға қарсы аттанды салып ұран.
Туған жерді біртіндеп жаулап жатты,
Орыс деген озбырлы орда жылан.
Оған баста сенбеді көп емес пе,
Күмән деген шайтанмен тең емес пе?
Құдіретін таныды көзбен халық,
Сол көрініс қалған-ды мәңгі есте.
Әулиелік көрсетті атқан таңдай,
Қос шәкірті шықты аман отқа жанбай.
Ат үстінде ауада қалқып тұрды,
Құдіретке ал, енді, көрші нанбай.
Пірі болды үш жүздің аты шығып,
Ұрпақсызға ұл берген ісі ұлық.
Бүкіл халық таныған әулиесін,
Құрметпенен алдында басын иіп.
Марал баба мәңгілік тұрағында,
Ұрпақтары жағады шырағын да.
Елбасы да ерекше атап өтті,
Елге келіп қосылған Құранына.
Марал баба салғанды жолын ақтан,
Сондай ұлдар берсін деп тіле хақтан.
Қасындағы Құлжымыр сұрап алған,
«Көрден орын берші деп, аяқ жақтан».
Егін салды Сыр бойын мекен етіп,
Құдіретіне бұл жердің көңіл кетіп.
Осы жерді таңдады мәңгілікке,
Ауған бұлттай кеткенде өмір өтіп.
О, Қармақшым, арайлап таңым атқан,
Шығыс – Марал, батыста Қорқыт жатқан.
Желеп жебеп жатады олар бізді,
Туған жерді етіңдер әркез мақтан.
Марал баба тарихқа жазған хатын,
Қазағымның шығарма жаман атын.
Бәріміз де ақ жолдан айнымайық,
Марал баба орындап аманатын.
Дастан Мырзабекұлы
















